Жаңалық

Саттар Көсе: «Ұлыбританияда қазақтар өте көп»

«Алыстағы ағайын» жобасының кезекті тікелей эфирінде Ұлыбританияның Лондон қаласында тұратын қазақ бауырымыз, маркетинг менеджер мамандығы бойынша қызмет етіп жүрген Саттар Көсемен «Қазақ мәдениеті мен британ мәдениетіндегі ұқсастық» тақырырыбы аясында сұқббаттасқан едік. Мархабат!

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Саттар аға! Хәліңіз қалай? Алдын ала алған ақпаратқа сүйенсек, Түркия елінде туылыпсыз. Ұлыбританияда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды, қай қаласында тұрасыз және британ еліне көшуіңізге не түрткі болды? Өзіңіз туралы айтсаңыз, мамандығыңыз, қызметіңіз қандай?

Саттар Көсе: Сәлеметсіз бе! Рақмет! Менің атым – Саттар Көсе. Түркия елі, Ниде қаласы, Алтай ауылында туылдым. Аталарымыз 1932-1933 жылдарындағы ашаршылық кезінде Семей қаласынан Қытай еліне, кейін Үндістанға көшіп, 10 жыл тұрған. 1953 жылы Түркияға қоныс аударады. 1980-1990 жылдары түрік халқының көбі Германияға жұмыс іздеуге барған. Менің әке-шешем де Германияға барып, сол арқылы Ұлыбританияға келеді. Түркиядан 4 жасымда кеттім. Ұлыбританияда тұрғаныма 30 жылдан асты. Медиа саласы бойынша магистритратураны тәмамдадым. Қазір маркетинг менеджер мамандығында қызмет атқарып жүрмін. Фирмамыз көптеген студиямен қызмет етеді. BT Sport, ESPN секілді бірнеше танымал телеарналармен жұмыс істейміз.

Ruh.kz: Ол жақтың мәдениетінде қандай өзгешеліктер бар. Ағылшын менталитеті түркі халықтарынан несімен ерекшеленеді? Дәстүрі, күн-көрісі, тұрмыс-тіршілігі, адамдарының көзқарасы. Осыған тоқталсаңыз.

Саттар Көсе: Ағылшын мәдениетінің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Ағылшындарда қаралар, индустар, ирландықтар, шотландықтар бар. Олардың аталары да қаншама жыл бұрын осында қоныс аударып келгендер.

Ағылшын халқы өте шыдамды, ашық халық. Бізбен салыстырғандағы ең үлкен ерекшелігі – дін жағы. Елде қаншама ұлт өмір сүреді. Бұл – сонша менталитет, салт-дәстүр бар деген сөз. Барлық дінді қабылдайды, адамдарды бөліп-жармайды. Көп шектеулер жоқ.

Ruh.kz: Қазақстанда болып көрдіңіз бе?

Саттар Көсе: Иә, Қазақстанда 2010-2012 жылдары тұрып, Алматы қаласында жұмыс істедім. Өте ұнады.

Ruh.kz: Ұлыбритания патшалығындағы білім жүйесіне келсек. Әрине, әлемдегі ең үздік ЖОО-лардың бірегейі – Оксфорд университеті сонда орналасқаны белгілі. Дегенмен әр елдегі білім форматы әрқалай. Сол жайында айтсаңыз.

Саттар Көсе: Әрине, Ұлыбританиядағы білім жүйесінің сапасы өте жоғары. Мүмкіншіліктер көп, әртүрлі саланы оқып, меңгеруге болады. Тек айта кетерлігі – мұнда оқу қымбат. Дегенмен бұл жақта оқығанның пайдасы мол.

Ruh.kz: Бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызған пандемия британ корольдігіне де әсер етпей қоймағаны анық. Халық індетпен қалай күресті, қазіргі ахуал қалай?

Саттар Көсе: Соңғы статистика бойынша, COVID-19 жұқтырған адамдар саны – 378 мың, қайтыс болғандар саны – 41 684. Қазіргі жаңа заңға сәйкес, іште де, сыртта да бір жерде 6 адамнан көп жиналуға болмайды. Бұрын 30 адамға рұқсат берілген еді. Індет көбейгендіктен, адам санын азайтты. Мұнда да карантин 16 наурызда басталды. Тек дәріхана мен азық-түлік дүкеніне баруға және спортен шұғылдануға рұқсат етілді. Ақырындап барлығы ашыла бастады. Қазіргі күні тек клубтар жабық. Сондай-ақ адамдар бір жерге барған кезде 1 метр арақашықтықты сақтап тұруы тиіс. Пойызға, автобусқа мінгенде міндетті түрде маска кию қажет. Сосын елдегі экономика саласы нашар. Көп адамдар жұмыстан шығу үстінде. Карантин уақытында жұмыс істеген фирмалар қызметкерлерінің кейбірін уақытша жұмысынан босатты. Яғни, үкімет оның жалақысының 80%-ын төлейді. Біздің фирмада барлығымыз үйден жұмыс істеудеміз0. Дегенмен кеңсе ашық, қажет болса, баруға болады. Біртіндеп көп жерлер ашылғанымен, өкінішке орай, коронавирус та азаймақ емес.

Ruh.kz: Ол жақта қазақтар көп пе, кездесіп тұрасыздар ма, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мерекелерді бірге тойлайсыздар ма, көріскенде қай тілде тілдесесіздер?

Саттар Көсе: Ұлыбританияда қазақтар өте көп. Жыл сайын 5 мың студент келеді. Осында өскен, көшкен қазақ диспорасының саны – 40 отбасы, бала-шағаны қоса есептегенде 200 адамдай боламыз. Айтта, ораза айында, наурыз мерекесінде жиналып тұрамыз. Үлкендеріміз бауырсақ, шелпек, бешбармақ секілді қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейді. Өкінішке орай, қазы жоқ. Ал кездескенде үш тілде, қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде сөйлесеміз. Ана тілімізде барлығыз бірдей сөйлей алмайтындығымыз өкінішті, әрине. Алайда барынша үйренуге тырысудамыз. Кеше ғана отандастар қоры және Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі бізге қазақ тілін үйрену үшін біраз ақпарат жіберді. Жақында қазақ тілінен онлайн сабақтар өтеміз.

Ruh.kz: Ruh.kz порталының ұжымы атынан сұқбатыңызға көптен-көп рақмет айтамыз. Алдағы уақытта қызметіңізге сәттілік тілейміз! Бастысы – денсаулығыңыз мықты болсын! Қазақстан сізді әрқашан күтеді, жақсы көреді.

Саттар Көсе: Сіздерге де көп рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Ruh.kz: Жақсы, сау болыңыз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button