Жаңалық

Бақытты отбасының формуласы қандай?

13 қыркүйек күні Қазақстанда Отбасы күні мерекесі тойланған еді. Соған орай қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазымен «Бақытты отбасының формуласы» атты тақырып аясында тікелей эфирде сұқбат ұйымдастырдық. Эфирдің мақсаты – әрбір қазақстандық жанұяға отбасылық құндылықтарды бағалаудың және нығайтудың жолын көрсету.

Ruh.kz: Оразкүл апай, «отбасы» ұғымына түсінік берсеңіз. Сіздіңше қандай мән-маңызға ие?

Оразкүл Асанғазы: «Отан – отбасынан басталады», – дейді. Әрбір отбасы мықты болса, кез келген мемлекет те осал болмасы анық. Мемлекеттің негізгі мақсаты – отбасының шаңырағын биік, керегесін кең, табалдырығын берік ету. Тындырылатын барлық жұмыстар, экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайлар отбасындағы әрбір азаматтың жағдайын жасауға ыңғайланады. Отбасы – шағын мемлекет. Мемлекет әрбір отбасынан құралады. Оның жауапкершілігі отбасының әрбір мүшесіне қатысты. Отбасының алға қойған мақсаттары орындалып, бақытты болуы үшін билік, қоғам, әрбір жеке адам бірігіп әрекет етуі керек.

Ruh.kz: Қоғамдағы ер азаматтар мен әйелдердің құқығына тоқталып өтсеңіз. Бала тәрбиесіндегі әке мен ананың орны қандай?

Оразкүл Асанғазы: «Көріп алған көріктіденкөрмей алған текті артық» деген сөз бар. Яғни, «Құда болғаншақұлы мен биін сұрас, құда болған соң, құл да болса сыйлас». Ертеден қазақ ұлы ер жеткенде текті жерден қыз алуға, қызы бойжеткенде текті жерге тұрмысқа шығуына қатты ойланған. Қоғамнан орын алып жүрген кейбір келеңсіз жағдайлар ата-ананың осы жауапкершілікті төмендетіп алғанынан туындайды. Әрбір ата-ана балаларына болашақтағы ең үлкен жауапкершілік отбасы екенін түсіндіруі тиіс. Олар өзіне өмірлік жар таңдауда асқан жауапкершілікпен қарауы керек.

Абай атамыз:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», – дейді.

Жар таңдаған кезде оның көркіне емес, міндетті түрде оның тәрбиесіне мән беруіміз қажет. «Балаң жетіге келгенше патшадай сыйла, жеті жастан бастап құлыңдай жұмса, он жеті жасынан досыңдай сырлас» дегендей, әр отбасында бұл тақырып ашық талқыланып, ата-ана күнделікті тұрмыста әңгімеге айналдырып айтып отыруы керек. Қазір баяғыдай емес, балалар оқып жүріп танысады. Сондайда әке-шеше ол кімнің қызы, кімнің баласы екенін сұрастырып, «біз осындай күйеу баланың не келіннің болғанын қалаймыз», – деп айтулары қажет. Екі жас та «екі жарты, бір бүтін» болмас бұрын бір-бірінің құқығын нақты келісіп алғаны дұрыс.

Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дөңгелек үстел өткізді. Сонда жастарды тәрбиелеу ісіне қатысты біраз жақсы дүние айтылды. Аида Ғалымқызы барлығын тұжырымдап, қажетті ұсынысын айтады деп ойлаймын.

Медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов: «Адамның он екі мүшесі болса, оның жанының да он екі арнасы болады. Сол, он екі арна ананың құрсағында болады», – дейді. Осы жанның он екі арнасының сәйкес келетіні, келмейтіні жөнінде жастарға түсіндіріп айтуымыз керек. Тәрбие осы жерден бастау алады.

«Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақылотты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!», – деген Мағжан Жұмабаевтың өлеңі бар. Сол сияқты отбасының жауапкершілігі әманда ер азаматтың мойнына жүктелген. Атам қазақ киіз үйдің шаңырағын ерлерге көтертеді. Сондықтан әрбір ер азамат шаңырақ құратын кезде мойнында қандай жауапкершілік бар екендігін сезінуі керек. Ол қандай жауапкершілік? Ол алған жарын, құрған шаңырағын, үйін бөтеннен, елін жаудан, нәпсісін тойымсыздықтан қорғайтындай ер азамат болуы тиіс. Ол үшін Мағжан, Абай аталарамыз айтқандай, ақылды, қайратты, білімді жігіттерді тәрбиелеуіміз керек.

Ал қыздарға келсек, «Алты жастан бастап жасау жинасаң асасың, жеті жастан жасау жинасаң жетесің», – дейді. Қыздарымыздың құлағын тесіп, сырғасын салып, болашақ дүние-мүлкін жинағанда оларға айтатынымыз тек тәрбие болуы керек. Барған жердегі отбасын, ерін сыйлау, қонақ күту, ас әзірлеу – олардың міндеті. М.О. Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – дейді. Барлығы анасын құрметтейді. Әкелері қанша жерден ғалым кісі болғанымен, бала тезек теріп, от жағып жүрген анасын тыңдайды. Бұл әйел адам оқымаған болса, жақсы бала тәрбиелей алмайды деген сөз. Сондықтан әйелді ақылды, мінезді, білімді ету қажет. Оқытқанда қандай білімді оқыту керек? Советхан Ғаббасов ағамыз айтқандай, оның ұятын, түйсігін, махаббатын, зердесін, жанының он екі арнасын дамытатындай адам жанын түсінетін ілімдерді бойына дарытуымыз қажет. Оларға имандылық, жұртпен тіл табысу, ата-ене мен ерін сыйлау және бала күтімі жайында жиі айтуымыз қажет. Жоғарыда айтып өткен дөңгелек үстел барысында осы мәселеге кеңінен тоқталдық.

Мектеп, колледж, ЖОО-лардың оқу бағдарламасына психологияның факультатив сабағын енгізіп, ұлдар мен қыздардың тәрбиесін қатаң қолға алатын күн жетті. Үйдегі әже, ана, әпкелер, біз, аналар болашақ аналарды жоғарғы сыныпта оқып жүргенінен бастап тәрбиелеуіміз керек. Шаңырақтың ұйытқысы – ана. Отбасының жұмаққа айналуы тікелей әйелдерге байланысты.

Ruh.kz: Күннен күнге ажырасу статистикасы өсіп барады. Жас күйінде айырылысып, соның нәтижесінде жалғызбасты аналар саны ұлғайып, салдарынан әке тәрбиесін көрмеген ұл, ана мейірімін сезбеген қыз балалар көбеюде. Шешілмей тұрған тағы бір мәселе – аналалардың қатігездігі (баласын зат секілді қоқыс жәшігіне тастайды). Осыған не дейсіз? Жалпы бақытты отбасы болудың формуласы қалай?

Оразкүл Асанғазы: Жоғарыда айтқанымның барлығы – бақытты отбасы болудың формуласы. «Көріп алған көріктіденкөрмей алған текті артық», – деп айтқанымдай, айналып келгенде бәрі текке байланысты. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыданүйдің жақсы болуы – ағашынан». Кез келген адамға жеті атасының бойындағы қасиет дариды. Ол жақсы да, жаман да қасиет болуы мүмкін. Біздегі Әлия Сағымбаева бастаған тектанушылардың қазір үйретіп жүргені – тегімізден келе жатқан жаманшылықты тоқтатып, керісінше, жақсы жағын күшейту. Осындай мінезді болу үшін ешкімге өкпелемей, айналамыздағы адамдарды дос көруіміз қажет. Бұл жөнінде ұлы Абай былай дейді:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті».

Қыздардың шырт етсе бірден, ешнәрсеге шыдамай кететіндігі адам жанының не екенін, неден тұратынын ұқпағандығынан. Адам баласы өмірге бірінші –өзін, екінші – Алланы, сосын – отбасын тану үшін келеді. Хабарсыз келгеннен менікі дұрыс болуы керек, оныкі дұрыс емес деген түсінік қалыптасады.

Психология ата-бабамыздан келеді. Мысалы, құрбандық. Малымызды тартып алып, құрбандыққа шалды, одан кейін ашаршылықпен, сосын Екінші дүниежүзілік соғысымен, сонымен қатар репрессиямен құрбандық етті. Осы құрбандықтың перзенттері оған біреу сөйлесе, өзін сол адам төмендетіп тұрғандай сезінеді. Адамдар өзін құрбандық ретінде емес, өзіне-өзі сенімді болуы тиіс. Мен тәрбиелімін, имандымын, ешкімге өкпелемеймін деуі керек. Егер бір кикілжің болып қалса, кінәні өзінен іздеп, кешірімді Алладан сұраса, ешқандай ұрыс болмайды. Мысалы, қолымыз қанша селкілдегенмен, екінші қол жауап қатпаса, арасынан еш уақытта дыбыс шықпайды. Сондықтан күйеуі не ата-енесі дауыс көтерсе, келін бала үндемей, кейіннен барып өзінің құқығын айтса, ол жерде жанжал туындамайды. Сол сияқты ене де өзінің келін болып түскенін есіне алып, келінді кешіре салып, құшақтап, маңдайынан сүйіп, «балам, мынау былай болады, саған бұны үйіңде үйретпеген шығар, енді мен үйретейін, біздің үйдің заңы осылай» деп, ұрысып емес, келінді айналып-толғанып, бауырына басып тұрып, аялайтын болса, келін мен ененің арасында да ұрыс орын алмайды. Мектепте де, үйде де балаларға тәрбиелік сабақтар оқытуымыз керек. Қазір елді аралап, түрлі семинарлар өткізіп жүрміз. Біз айтқан әңгімені бірінші рет естіп тұрғандарды көреміз. Сондықтан аналарына да өкпелеуге болмайды. Кезінде оларға ешкім айтқан жоқ. Бұрын мектепте психологтар болған жоқ. Бүгінде біздегі оқу ордаларында психология факультеттері ашылып, мектептерде де бірді-екілі психологтар бар. Дегенмен ол жеткіліксіз. Өткендегі дөңгелек үстелде мен осы тақырыпты көтердім. Адамдар бір-бірін түсініп, кешіріп, бақытты өмір сүруі үшін адамға не керек екенін, қалай тәрбиелеу керек екендігін оқытуымыз керек. Осы жағы бізде кемшін.

Содан кейін тектанушылардың айтатыны, ер азаматтардың үй-ішін тастап кетіп жатқаны баяғы ата-тегіне байланысты. Мысалы, біреу 29 жасында отбасын тастап кеткен болса, оның әке жағындағы атасы жас күнінде коллективизациядан қашып, Қытай асып кеткен, шеше жағындағы әкесі жанұясын тастап тағы бір жаққа кеткен немесе Екінші дүниежүзілік соғыстан әкелері оралмаған. Яғни, шаңырағын тастап кеткен деген ақпарат оның қанында бар. Сондықтан ол кетейін деп кетпейді, сол ақпарат оны үйінен алып кетеді. Мысалы бір әулеттің ер азаматтары белгілі бір жаста өмірден озып отырса, ол да қандағы ақпараттан беріледі. Бір үйдің қыздары тұрмысқа шықпай немесе тұрмысқа шығып, қайтып келетін болса, ол да олардың кінәсі емес, қанындағы ақпарат екенін айтады. Бұл мәселені шешудің жеңіл жолы – тектанушылардан кеңес алу, 8 тақырыпта семинары бар, соны оқу. Сабақ өте керемет. Өзім оқып жүрмін. Еш уақытта кеш емес. Алла бізге қанша өмір берсе, сонша жаңалықты оқуымыз керек. Үйде де, түзде де мұндай әңгімелерді естімей өскен жастар әркез өзінікін дұрыс деп санайды. Содан «әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» болып, ақыл айтатын адам табылмайды. Баяғыда ағайын-туыс, қайнаға, жеңгелер жастарға ақыл айтып, тоқтатқан болса, қазір ондай жоқ. Елде ақсақалдар алқасын, әжелер клубын құрып, олармен тәрбие ісі жөнінде талқылауымыз қажет.

Келешекте «әрбір қазақ – менің жалғызым» дегендей, әрбір отбасы біздің мемлекетіміздің бір бөлшегі деп қарап, отбасындағы жағдайды сот ісіне, ажырасуға жеткізбей, оларға қамқорлық танытуымыз керек. Қазақтың жақсы отбасын ешкім бізге әкеліп бермейді, халқымыздың ұлттық құндылығын сақтаған отбасыны тәрбиелеу тек өзіміздің ғана қолымызда.

Ruh.kz: Оразгүл апай, тақырыптан сәл ауытқысақ. Қазақ өзі тойшыл қауым ғой. Карантин уақытында той жасауға тыйым салынғанмен, тоқтайтын түрі жоқ. Ал бұл вирус әкелуі мүмкін. Қоғам белсендісі ретінде осыған ойыңыз.

Оразкүл Асанғазы: Қазақтың тойы карантин басталмай тұрып та бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланып жүрді. Ұлттың зиялы қауым өкілдері, ақылды азаматтары, адам жанын зерттеп, зерделеп жүрген психологтар бұл тақырыпты көтеріп, тойларда шеттен тыс шығынды көбейтіп жібердік деп айтты. Той – таза ағайын-туыстың қызығы. Әртістер шақыру, пәленбай торттар әзірлеу, қарапайым адамдар-ақ айта алатын әңгімені театрдың актерлерін әкеліп, ойнату, үйге барған соң бір адам пайдаланбайтын жеңіл заттарды тарату секілді шығындар көбейіп кетті. Тойға шақырылатын адамдардың санында шек жоқ. Мұның барлығы – дарақылық. Мына індет Алланың «әй, мыналарың дұрыс емес, тоқтаңдар» деген ескертуі сияқты көрінеді. Сондықтан бұл жерде келісіп, кеңесетін дүние көп. Осындай мәселені қозғайтын уақыт жетті деп ойлаймын.

Ер азамат пен әйелдердің құқығына қатысты тағы айтып өткім келеді.

Алдымен ер азамат туралы айтарым:

Ер азаматтар алдымен өзінің ең үлкен жауапкершілігін ұмытпауы керек. Ол – алған келіншегіне қамқорлық таныту. Мысалы, кей отбасында шешесі келінін жамандайды. Ер азамат анасына: «Ол да біреудің мен сияқты баласы. Балаңыздай көріңіздер, мені қалай кешірсең, оны да солай кешір», – деп әйеліне естіртпей, бөлек айтуы керек. Келіншегіне: «Қалайсың ба, қаламайсың ба, сен мені қаладың, ол мені тәрбиелеген анам. Сондықтан менің анамды сыйлауың қажет», – деуі керек. Яғни ер азамат келіншегін әке-шешесіне талатпай, оны ымынан түсінуі керек. Әйелін қор етпейтін еркекті ер дейді. Қазақтың жігіттері осындай ер болса екен. Алып келгеннен кейін оны әркімге талатып қою – ер азаматқа тән қылық емес.

Ал енді қыздарға айтар ақылым:

Әйел күйеуге шығарда алдымен азаматын бүкіл жақсылық-кемшілігімен қабылдауы қажет. Бөтенге ерін жамандамай, жарын сыйлап, бастысы – сену қажет. Ер азаматта ақыл көп болғанымен, энергия аз болады. Сол энергияны менің арыстаным, жолбарысым, малтабарым, сенен мықты адам жоқ деп күніге қанаттандырып жүрсе, ер азамат еш уақытта қамықпай, әрқашан мал тауып келетін азамат болады. Не болса соған секем алса, әйелдің өзі ауру болады. Содан ойындағысы орындалады да, күйеуі басқа жаққа кетуі мүмкін. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегендей, Алла әрбір отбасына жар болсын!

Ruh.kz: Оразкүл апай, уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға көп рақмет! Тіл жанашыры, қоғам белсендісі болып жүре беріңіз! Аман болыңыз!

Оразкүл Асанғазы: Рақмет, Аружан! Ұл-қыздарымызды тәрбиелейік деген ниеттерің үшін Ruh.kz порталына алғыс айтамын! Ниеттеріңе жетіңдер! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Қазақстанның әрбір шаңырағы ешуақытта шайқалмасын!

Ruh.kz: Әмин, айтқаныңыз келсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button