Жаңалық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевты қабылдады. Президентке бүкіләлемдік пандемияға қарамастан ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығы және ТМД елдерінің биылғы мәдени астанасы Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған іс-шаралардың мазмұнды түрде жүзеге асуы туралы ақпарат берілді. Кездесуде Мемлекет басшысы келесі жылы өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындық мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссияға кезінде қазақ халқының басынан өткен ашаршылық қасіреті туралы іс-шаралар қабылдауды міндеттеді. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және мемлекеттік тілдің функционалдық мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныс-пікірлерді баяндады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасын ұлтты жаңғырту бағдарламасы ретінде жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Президент Мемлекеттік хатшыға 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған әлеуметтік мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді бақылауда ұстауды тапсырды.

Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударған 450 отбасы 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жаңа өмір бастады.

Ағымдағы жылдың 8 айында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы саны 1384 адамнан тұратын 452 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келді. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардан қоныс аударушылар жұмыс күші тапшы өңірден жаңа қоныс тапты.

Бір жыл бұрын Гүлмира Жоласпаева Нұр-Сұлтан қаласынан СҚО Ғабит Мүсірепов ауданы Ковылное ауылына көшіп келді және өз таңдауына еш өкінбейді. Ол ауыл мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Күйеуі ауыл шаруашылығы ұйымына бригадир болып жұмысқа орналасты.

«Біз отбасымызбен ұзақ уақыт жалдамалы пәтерлерде тұрып жүрдік. Балалар ер жетуде. Оларға алаңсыз оқу керек. Тұрақтылық қажет. Сондықтан біз қаладан көшуге шешім қабылдадық. Бізге барлық жағдай жасалған, жақсы үй берілді. Қазір біз, күйеуім екеуміз, жұмыс істейміз, балалар екінші және төртінші сыныптарда оқиды», – дейді Гүлмира Жоласпаева.

Өңірде жаңа жердегі қызметіне қызығушылықпен кіріскен басқа да адамдар бар. Мәселен, көпбалалы отбасының отағасы Дүйсембі Оспанов Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына көшіп келген соң «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алып, оған ірі қара мал сатып алды. Ал 4 баланың әкесі Азамат Нұрғабыловқа Шөптікөл ауылынан жалдамалы тұрғын үй беріліп, 12 айлық жалдау ақысына субсидия тағайындалды және өзі мал дәрігері болып жұмысқа орналасты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың 8 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы саны 4386 адамды құрайтын 1273 отбасы Қазақстанның жұмыс күші жетіспейтін өңірлеріне қоныс аударды, оның ішінде 2303 адам еңбекке жарамды жаста болып табылады. Отбасының еңбекке жарамды мүшелерінен 1652 адам жұмыспен қамтылған, қалғандары жастар тәжірибесіне немесе оқуға жіберілген не кәсіпкерлікпен айналысады. Өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант алғандары да бар.

Басқа материалдар

Back to top button