Жаңалық

Қуыршақ театры шақырады

Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қара шаңырақ Қуыршақ театры бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.

Халықтың болмысын биіктетіп, ұрпақтың қажетіне жарайтын спектакльдер сахналауда Мемлекеттік қуыршақ театры бала көрермендермен қатар, ересектердің де рухани сұрасына жауап беруде.

Ұлтымыздың ұлық өнері саналатын ән өнері тал бесіктен жер бесікке жеткенше әуезіне бөлеп келеді. Киелі топырақ тудырған талай таланттар анадан бастау алып, ғаламға естілетін түрлі туындылар дүниеге алып келді. Туған халқын мөлдір мұңлы, ерекше сазды ғажайып әуенмен тербеген сазгер ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ есімі баршаға аян. Оның қиялынан туындаған әрбір әуен ақындар шабытымен ұштасып, халқының жүрегінен өшпестей орын алды. «Балауса қыз едің бір кезде…» деп басталатын лирикалық ән де тек Шәмші салған сазбен орындалса ғана биікте. «Ақмаңдайлым» оның әуезімен ғана әдемі. Ол – қазақ вальсінің Падишасы.

«Мен өз өмірімде қанша ән жазған болсам, сонша жылаған болуым керек» деген ән әлемінің ақтаңгері ғұмырын тартыссыз, даңғазасыз өткізген қарапайым суреткер.  Ол – сол кішілігімен ұлы! Биыл ұлтын сөзбен емес, жүректің әуенімен сүйген Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл. Осы тұста өнер ордамыз сазгердің сыршыл әндеріне негізделген «ӨМІР – ӨЗЕН» (реж.: Еркебұлан Қабдыл) атты жаңа музыкалық қойылымын 30 қыркүйек күні театрдың YouTube каналы арқылы алғаш рет онлайн форматта көрермен назарына ұсынуды жоспарлауда.

«Менің Қазақстаным» деп өз ұлтын сүйген таланттың халқы да әр жырын жүрегінде сақтайды. Шәмші әндерін алғашқы нотасынан-ақ таниды. Шығармашылық иесі үшін өзі жырлағандай мұнан артық «Бақыт құшағы…» болуы мүмкін емес шығар. Әсем қала Алматының да ғажайып болмысы оның әндерінде әдемі үндестік тапқан. Қала күні мерекесі аясында сахналанатын спектакльде өнер ұжымының жаңашыл бағыттағы жұмысына куә боласыздар.

Жанарында жазылмаған талай жыр қалған дарынның мәртебесі ғасырлар өткен сайын асқақтай бермек. Ендеше, Шәмші әндерін әуелетіп, жүрекке мөлдір жыр сыйлар кештің қадірлі қонағы болыңыздар!   

Бейбіт ӘЛКЕЕВА

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button