Жаңалық

Рахат Жақсыбай: «Чемпиондықтың артында көзге көрінбейтін дүниелер бар»

Соңғы бір жылда бәрі өзгерді. Дүние құбылып сала берді. Бұл өзгерісті оң пайдалану заман талабы.

Жаңа заманда жаңа көзқарас болары анық. Осы ретте біз «Nur Otan» партиясы праймеризінің үміткері, журналистикадағы кәсіби еңбегі үшін «Шабыт» халықаралық фестивалінің гран-при иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбаймен сұқбаттасқан едік…

Ruh.kz: Рахат мырза, соңғы жылдары жастарға қатысты мәселесі БАҚ беттерінде жиі көтеріліп жүр. Жалпы еліміздегі жас буынның жас мөлшері қай аралықты қамтуы керек?

Рахат Жақсыбай: Елімізде 14-29 жас аралығындағы 3,8 млн азамат бар. Яғни әрбір бесінші адам – жас. Бұл жас ұғымын 35 жасқа дейін ұлғайтсақ, халықтың үштен бірі жас болып шығады. Меніңше жас ұғымы осы 14-35 жас аралығында болғаны дұрыс. Себебі баспанаға кезек, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу немесе мемлекеттік сыйлық алу сәтінде азаматтар 29 жастан асып кетіп жатады.

Енді-енді қалыптасып, белгілі бір номинацияға ұсынылған кезде, еңбегінің жемісін енді көре бастаған кезінде жас емес болып шыға келеді. Осындай сайлау туралы заңға өзгеріс енгізген кезде 29 жасқа дейінгі азаматтарды жастар деп қарайды. Осы талап бойынша партиялар өздерінің партиялық тізіміне 29 жасқа дейінгі азаматтарды қосуы тиіс.

Бірақ, мүмкіндіктері бар потенциалды азаматтарды кеңінен қамту үшін «Nur Otan» осы мөлшерді 35 жас деп белгіледі. Және бұл әлеуметтік мәселеде, басқа да жастарға қатысты мемлекеттік мәселелерде өзінің оң ықпалын тигізеді.

Ruh.kz: Сіз ұлттық спорт саласын да жақсы білесіз. Көптеген халықаралық шаралардың басы-қасында болып үлгердіңіз. Бізге қандай спорт керек?

Рахат Жақсыбай: Биылғы Жолдауда президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды азайтып, не тоқтатып, не толықтай мемлекет тарапынан қолдау білдірмей, бұқаралық спортқа көбірек көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл өте маңызды әрі дұрыс ұсыныс деп санаймын. Себебі спортқа деген көзқарастың өзі өзгеруі керек.

Мысалы, Америкада спорт бірінші кезекте, адамның өз қалауымен болады. Екінші кезекте ол денсаулығына оң әсер етуі тиіс. Үшінші кезекте оны бір жетістіктерге жетелеуі керек.

Бізде ше?! Бізде бірінші кезекте чемпион атануың керек. Содан соң ғана өзінің денсаулығы, не қалауы тұрады. Бұл қағидалардың кемшін тұсы.

Біздегі спорт клубтарының бірінші һәм басты мақсаты чемпион дайындау. Осы жолда азаматтың қалауы, денсаулығына зақым келмеуі, жастарды салауатты өмір салтын өзі үшін ұстануы деген секілді аса өзекті де маңызды мәселелер назардан тыс қалып қояды.

Сондықтан, меніңше, кәсіби спорт қаражатты өзі (демеуші арқылы) табуы керек те, негізгі мемлекеттік қаражат немесе квазимемлекеттік демеушілік бұқаралық спортқа, жастар арасындағы спорт түрлеріне, жалпыхалықтық дене тәрбиесіне арналуы тиіс.

Бізге үлкен спорттық кешендер мен түрлі ғимараттардан гөрі ауладағы турниктер, спорт алаңқайлары, шағын да болсын жаттығу залдары аса қажет. Бұл бір жағынан көп адамды қамтуға мүмкіндік берсе, енді бір жағынан азаматтар өздері қалаған дүниемен айналыса алатын жағдай туғызады.

Осымен бірінші кезекте – өз қалауы шығады, екінші кезекте – денсаулығына оң әсер ету керектігі ескеріледі, одан соң ғана осындай азаматтардың ішінен чемпиондар, кәсіби спортшылар шығады.

Жаттығу кезінде зақым алған, спорт залдарды көргісі келмейтін, спорт дегеннен зәрезап болған көптеген азаматтарды білемін. Біз оларды чемпион ретінде танимыз. Бірақ сол титулдың артында осындай көзге көрінбейтін дүниелердің барын айтуымыз керек.

Ruh.kz: Жақсы. Соңғы сұрақ, коронавирустан кейін неге көңіл бөлген жөн? Қандай салалар алдыңғы орынға шығуы керек?

Рахат Жақсыбай: Коронавирус біздің күнделікті өмірімзге, қоғамдағы қарым-қатынасымызға, бизнеске, жалпы тіршілігімізге айтарлықтай әсер етті. Приоритеттер ауысты.

Пандемиядан кейінгі кезеңде аса маңызды, міндетті түрде көңіл бөлінуі керек 3 сала бар.

Бірінші сала – денсаулық саласы. Денсаулық сақтау мекемелері, дәрі-дәрмектер барынша қолжетімді болуы тиіс.

Ауырмаудың жолын іздеу, салғырттық танытпау, ем-домды сауатты қабылдай білудің өзі маңызды екенін түсіндік. Спортпен де шұғылданып, профилактика жасап, алдын алуға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Екіншісі – білім саласы. Карантин уақытында білім беру жүйесі күнделікті жағдайдан онлайн оқытуға көшті. Ендігі мұғалімдер мәртебесі, мұғалімдерге жасалатын қамқорлық, жалпы білім жүйесінің дайындығы аса өзекті.

2021 жылдан бастап педагогтардың жалақысы көтерілетіні туралы айтылды. Десе де, бұдан бөлек қосалқы қолдаулар қажет деп білемін.

Мысалы, мұғалім мәртебесі, олардың құқықтарының қорғалуы, әкімшілік ресурстарға пайдаланылмауы деген секілді бірнеше мәселеге қатты көңіл бөлгеніміз абзал.

Мұғалімдер мектепте көп уақытын өткізеді. Кей-кейде түстенетін де уақыты болмайды. Мектепте балаларға тамақ берілетінін білеміз. Пилоттық жоба ретінде, қажет болған күні мұғалімдерге де тамақ берілсе екен деймін. Бұл аса бір керемет күшпен қаражатты талап етпейді.

Қоғамдағы кей спорттық және тағы басқа мекемелерде мұғалімдерге арналған белгілі бір жеңілдіктер қарастыруға болады.

Үшіншісі – әлеуметтік сала. Қазір шағын және орта бизнес, тағы басқа біршама сала қалпына келуі аса қиын кезеңде тұр. Сондықтан осы уақта жұмыссыздықтың саны артып кетпеуі үшін азаматтардың басқа мамандықтарды игеруіне, жылдам уақытта кәсіби бейімделуден өтуге мүмкіндік жасаған дұрыс.

Осы үш салаға айтарлықтай көңіл бөлуіміз керек.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Back to top button