Жаңалық

Қашықтан оқытуға қандай платформа қолайлы?

Жоғары оқу орындарының ұстаздары қашықтан оқыту жүйесінде студенттің білім сапасы төмендейді деген пікірде.

Болашақта үш әлемдік үрдіс қашықтан білім берудің дамуына әсер етеді. Біріншісі, гигономика (Джиг экономикасы) деп аталатын өсім. Бұл кәдімгі дәстүрлі жұмыстармен айналысқаннан гөрі, көп адамдар өздері үшін жұмыс істеуді жөн көретіндігінде. Екінші, жаһандық үрдіс қазіргі адамның жеке өзін-өзі тануға деген ұмтылысымен байланысты: әркім өзінің өмірінің мақсаты мен мағынасы болғанын қалайды.

Үшінші қағида әлемдік білім беру нарығының орталықсыздандырылуынан көрінеді. Қазіргі кезде білім беру қыз­мет­терін тұтынушылар нені, қашан және қалай оқығысы келетінін өздері шешеді. Ақпараттық технологияларға негізделген қашықтан білім беру осы тенденцияларды ескеріп, әр оқу­шыға жеке көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Билл мен Мелинда Гейтстің айтуынша, жетілдірілген бағ­дарламалық жасақтама мен жаңа технологиялар арқылы білім саласындағы төңкеріс болады.

Алғаш рет қашықтан оқыту арқы­лы жоғары білім алу мүмкіндігі 1836 жылы Лондон университеті құрылған кезде пайда болды. Пошта байланысы арқылы оқулықтар мен оқу материалдары, емтихан сұрақтары, кейс тапсырмалар қашықтан оқитын студентке жіберіліп, кері байланыс та орнатылды. 1920 жылдардағы радионы ойлап табу бірқатар лекциядан тұ­ратын радиокурстардың пайда болуы­на әкелді. Кейде мұндай курстар бас­па материалдарымен және сынып­та­ғы іс-шаралармен толықтырылды. 50-жыл­дары теледидар курстары бел­сенді дамыды, оқу құралдарымен, са­бақтармен және мезгіл-мезгіл емтихан бақылауымен бірге жүрді. 1969 жылы Біріккен Корольдіктің Ашық Университетінің (Open University of the United Kingdom,UKOU) ашылуы қашықтан оқытудың жаңа кезеңі бас­талуына әсер етті. Осы кезеңнен бас­тап қашықтан білім беруде бірінші рет оқытудың әртүрлі тәсілдері мен әдістемесі қолданыла бастады. Ашық университет (Open University of the United Kingdom, UKOU) қашықтан оқытуға арналған жоғары сапалы элек­тронды оқу құралдарын шығарды. Уни­верситеттің студенттермен кері бай­ланысы радио және теледидарлық хабарлармен толықтырылған баспа ма­териалдары арқылы жүзеге асты (аудиокассеталар кейінірек кең таралды). Оқытушылар мен студенттер­дің екіжақты әрекеті тұрғылықты же­­рі бойынша сырттай, бетпе-бет кон­суль­та­циялар және қысқамерзімді курс­тар арқылы жүзеге асырылды. Бұл мо­дель дайындық кезеңінде жоғары ба­ға­ланды. Алайда қажетті материалдар мен бағдарламаларды жасағаннан кейін, әр студентті оқыту үлкен шығынды қа­жет етпейтін болды. Ұлыбритания үкі­меті бұл жобаға айтарлықтай қаражат бөлді. Қашықтан оқыту үшін оқу жос­парлары, бағдарламалар, оқу құ­рал­дары және білім беру технологиялары қажет болды. Королеваның өзі ашық университет құрып, ал үкімет палатасының спикері канцлер (ректор) болып тағайындалды. Жоғары оқу орындарының ауқымды және беделді болуы үшін барлық жағдай жасалды. Ұлыбританияның Ашық университеті жоғары білімнің қолжетімділігін тө­мен бағамен және сабаққа жиі барудың қажеті болмауын көрсетті. Бастапқы­да университет оқу туралы өтініштерді тек Біріккен Корольдіктің азаматтары­нан қабылдады. Кейіннен, біраз тәжірибе жинап, олар шетелдіктерден қашықтан білім алуға өтініштер қабылдай бас­тады.

Қашықтан оқыту технологиясының соңғы буыны ақпараттық және комму­ни­кациялық технологияларды белсен­ді қолдануға негізделген, әртүрлі нысандарда (мәтін, графика, дыбыс, анимация) екіжақты байланысты синхронды түрде де (бейне немесе аудиографиялық конференциялар) және электронды пош­таны қолдана отырып жүзеге асырылды.

Қашықтан оқытудың әлемдік көшбасшылары

Ұлыбританияның ашық универ­ситеті ашылғаннан кейін қашықтан оқытатын оқу орындары бірқатар елде пайда болды, негізінен Еуропа мен Азия. Оның қатарына Испаниядағы Distancia ұлттық білім беру университеті (UNED, 1972), Пәкістандағы Allama Iqbal Open University (AIOU, 1974), Тайландтағы Сухотхай Тамматхират ашық университеті (STOU, 1978), Корея мемлекеттік ашық университеті жатады. Кейінірек қашықтан оқытатын университеттер Индонезияда Тербука Университеті (UT, 1984), Үндістанда Индира Ганди (Индира Ганди ұлттық ашық университеті (IGNOU, 1985) ашылды. Еуропадағы қа­шықтан білім беретін ең ірі оқу орны – Испаниядағы ұлттық университеті (ЮНЭД – өз елінде 58 оқу орталығы, 9 шетелде оқу орталығы бар) және штаб-пәтері Балтық аймағының 10 елін біріктіретін Стокгольмда орналасқан Балтика университеті (БУ). Ал ең ірі француздық қашықтан оқыту орта­лығы (CEND) 1969 жылы ашылды. Орталық 2,5 мыңнан астам оқу курстарын ұсынады, оның филиалдарын әлемнің 120 елінен табуға болады, 5 мыңға жуық мұғалім қашықтан оқыту курстары мен білім беру іс-шараларын дамытуға қатысады. CEND қашық­тан оқытуды ұйымдастыруда қолданыла­тын техникалық құралдарға спутниктік теледидар, видео және аудио таспалар, электронды пошта, ин­тернет, сонымен қатар дәстүрлі әдебиет көздері жатады. 1989 жылы Америка Құрама Штаттарында қашықтан оқыту идеясы 1500 колледж бен теле­ком­паниялар­дың консорциумы болып табылатын Қоғамдық хабар тарату жүйесінде (PBS TV) пайда болды. PBS TV төрт білім беру арнасы ар­қылы берілетін бірнеше оқыту бағ­дар­ламаларын қамтиды. Оның ішін­де ғылымның, бизнестің және менедж­менттің әртүрлі бағыттары бойынша курстарды ұсынатын PBS Adalt Learning Service қашықтан оқыту бағ­дар­ламасы ерекше орын алады. Бүгінгі таңда Пенсильван (Penn State University) мемлекеттік университеті қашық­тан білім беру саласындағы ең беделді университеттердің бірі. Оның тәжірибесін ЮНЕСКО виртуалды университет тұжырымдамасын жасауда қолданды. Қытайда мәдени революция кезінде жабылған дәстүрлі жоғары оқу орындарының орнына 1979 жылы Радио және теледидар университеттерінің ұлттық желісі (CRTVU) құрылды. Оқы­ту спутниктік хабар тарату және теледидар арқылы ұйымдастырылады.

Білім беруді басқару жүйесі

Қашықтан оқытуды тиімді жү­зе­ге асырудың негізі болып онлайн режімінде оқу процесін құруға мүм­кін­дік беретін бағдарламалық платформа­лар саналады. Қазіргі кезде әлемдік дең­гейде Learning Management Systems (LMS), яғни білім беруді басқару жүйесі (БББЖ) бар. 2014 жылы менедж­­мент жүйесін оқытудың әлемдік нарығы 2,5 млрд доллардан астам қаржыға баға­ланды, ал 2009 жылы нарық көлемі 1,2 млрд доллардан екі есе аз болды. Дүние жүзінде оқы­туды басқару жү­йесін 600-ден астам жеткізуші бар. Ең ірі әлемдік БББЖ 15 ірі компания­ның үлесінде. АҚШ жоғары оқу орын­да­рының зерттеуі бойынша (студенттер саны 1 мыңнан асады) БББЖ ең та­ны­малдары: Blackboard Learn, Moodle, Desire2Learn және Canvas. Black­board Learn платформасын 35,8% амери­ка­лық университеттер пайдаланады, қал­ған платформаларды мәселен, Moodle – 19,7%, Desire2Learn – 9,5% және Canvas – 9% қашықтан оқытуға қол­данады. Қашықтан оқыту курс­та­рына қатысатын студенттер саны бо­йынша Blackboard Learn платформасы көшбасшы (барлық студенттердің 44,6%-ы), студенттердің 16,5% Moodle платформасын, 12,9%-ы Canvas жүйесін таңдаса, 12,6%-ы Desire2Learn платформасында қашықтан оқиды.

Zoom неге тиімсіз?

Zoom – біздің көпшілігіміз ка­ран­­тинге дейін білмейтін бейнекон­фе­ренция алаңы. Наурыздың аяғында оның қаржысы 29 млрд долларға дейін өсті, яғни бұл кез келген америкалық авиакомпанияға қарағанда қымбат тұ­рады. Бұл оқшаулануға мәжбүр бо­лу­дан туындаған сұраныс екені мә­лім. Zoom Video Communications бас кеңсесі Калифорния штатының Сан-Хосе қаласында (АҚШ) орналасқан және қашықтан конференция өткізе­тін бағдарламамен айналысады. Ком­панияны 2011 жылы Эрик Юань құрған. Сервистің өзі 2013 жылы іске қосылды, іске қосылғаннан кейін бірден оған млн пайдаланушы қосылды, 2014 жылдың жазында ол 10 млн-ға жетті, ал 2015 жылға қарай Zoom қызметін 40 млн жеке тұлға мен 65 мың ұйым пайдаланды (Би-Би-Си). Бағдарламаның тегін нұсқасына 100 адамға дейін қатыса алады, бұл жағдайда бейнеконференция 40 минутқа дейін созылуы мүмкін. Егер пайдаланушыға қатысушылардың көбірек санын қосу немесе олармен ұзақ сөйлесу қажет болса, сізге айына 15 долларды құрайтын ақылы нұсқаға көшу керек. Бұл жағдайда, тегін нұсқада жеке бейнеқоңыраулар шектелмейді.

Zoom-ға компьютерден де, смартфоннан да қосыла аласыз. Қоңырау шалуға, хат жазуға және конференция барысында қатысушыларға хабарлама жазуға да болады. Zoom-ның негізін қалаушы миллиардер Эрик Юан әлемде карантин басталғаннан бері платформаны пайдаланушылар саны өскенін, қазіргі уақытта оны күніне 200 млн адам пайдаланатынын айтады. Алайда Сан-Хосе (АҚШ) федералды сотында Zoom компаниясы үшінші тарап компанияларына, атап айтқанда Facebook-ке және басқа да әлеуметтік желілерге деректерді жіберді деп айыпталды. The Guardian iOS қолданбасы әлеуметтік желіде тіркелмеген болса да Facebook-ке мәліметтерін жібереді деп жазды. Бұл ақпарат пайдаланушының орналасқан жерін және бағдарламадағы оның жеке мәліметтерін қамтиды, сол арқылы басқа компаниялар оған жеке жарнамаларын жібере алады. Тағы бір мәселе 2020 жылдың қаңтарында табылды. Check Point израилдік киберқауіпсіздік компаниясы Zoom-дағы әңгімелерді тыңдауға және осындай парольмен қорғалмаған конференциялар ке­зінде таратылған барлық файлдарды алу­ға болатын кемшілігін анықтады. Ха­­керлер Zoom-дағы конференцияларды бұзу үшін түрлі порнографиялық бейнеро­ликтер жібереді. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында ха­керлер нәсілшіл және жай ғана қор­лайтын хабарламалар жіберіп, конфе­рен­циялардың берекесін кетіргені жай­лы айтылады. Алайда БАҚ-тың хабарлауынша, хакерлер компьютерлер мен телефондардағы жеке ақпаратқа қол жеткізе алмайды.

Microsoft Teams платформасы оңтайлы ма?

Қазақстандық жоғары оқу орындары жаңа оқу жылы басталысымен қашықтан оқытуда онлайн дәрістер­ді Zoom-мен емес, Microsoft Teams платформасында өткізуді ұсынып отыр. Zoom-ның бірқатар кемшіліктері айқын­­далды және тегін бейнебай­ла­ныс уақыты 40 минуттан аспайды, одан ұза­ғырақ дәріс өткізу үшін Zoom плат­­­формасының ақылы қызмет түріне жүгінуге тура келеді (айына 15 доллар). Елімізде жаңа оқу жылында қауіпсіз және оңтайлы оқыту платформасына көшу қажет болды. Карантин кезе­ңін­де көптеген компания мен кәсіп­кер өз қызметтерін бейнебайланыс арқылы қалай ұсынуға болатынын анықтады. Мысалы, дәрігерлер, заңгерлер, мұғалімдер, рекрутерлер және тіпті фитнес жаттықтырушылар да қадамдар жасап көрді. Осы бейнесабақ ұйымдастыру үшін Майкрософт өзі­нің екі қызметін біріктірді, бұл – коман­далар мен броньдау. Сіз коман­да­лар туралы бұрыннан білетін шы­ғарсыз, бұл бейнеконференциялар ұйымдас­тыру­ға арналған топтық чат. Ал броньдау – Microsoft 365 кеңсе жиын­ты­ғында қолжетімді онлайн-броньдау (жи­на­лыс­тар мен видеокездесулер­ді алдын ала жоспарлау) үшін жа­сал­ған бағдарлама. Майкрософт ком­па­ниясы өз тұтынушыларымен он­лайн кездесулердің күнтізбесін жүр­гізе ала­­ды, жаңа сұраныстарды қабыл­дай­ды және растайды. Бейнедәріс үшін оқы­тушы алдын ала күнтізбеге дәріс мерзімін белгілеп, студенттерге сіл­теме жібереді. Microsoft Teams дәріс­ке қатысушылардың барлығын фон­ға шығара алады. Жақында Microsoft корпорациясы Microsoft Teams ауди­ториясының күніне 13 млн қолданушыға жететіндігін мәлімдеді. Жаңа оқу жылында қазақстандық ЖОО-лар Microsoft Teams платформасында дәрістері мен семинар сабақтарын жүргізе бастады. Қазір оқытушы-ғалымдар аталған платформаны зерделеп, қашықтан оқытса да білім сапасын төмендетпеу жолдарын қарастыруда.

Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,
Абылай хан атындағы ХҚжӘТУ аға оқытушысы, МосГУ аспиранты

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button