Жаңалық

Нұрпейіс Байғанин 160 жаста

Нұрпейіс Байғанин – суырыпсалма эпик ақын, жырау, жыршы, Қазақ ССР-нің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, халық ақыны туғанына 160 жыл.

Қазақ Совет энциклопедиясында, жазушылар одағы шығарған жинақтарда, әр түрлі, әр кезеңде жарияланған мақалаларда ақынды өз атындағы Байғанин ауданында туған, сол ауданда жерленген деп жазған. Бірақ, туған, жерленген жер атауларын көрсетпейді, тек ауданды айтады. Бұл дерек дұрыс емес, шындыққа жатпайды. Атақты ақын Н.Байғанин 1860 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданының қазіргі Ақсай ауылдық округіне қарайтын Сүлікті деген сулы-нулы, тіршілікке, малға қолайлы жерде туған. Ақынның ұлы Момын Нұрпейісұлы да осы Сүліктіде туған. Момын – күйші-педагог, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер. Оны 60 жасқа толғанында туған жері Сүліктіге апарып, үйінің орнына қазақы дәстүрмен аунатып алғанбыз. Нұрпейіс ақын 9 сәуірде 1945 жылы қайтыс болып, Ақтөбедегі сүт заводы аймағындағы қорымда жерленген. Бейіті басында үлкен, биік, тұтас тастан ескерткіш-белгі қойылған.

Нұрпейістің есімі ел есінде, аты ардақталып отыр. Шығармалары баспадан том болып шығарылуда. Ақтөбеде, Шұбарқұдықта, Ақсайда, Қарауылкелдіде ескерткіштері бар.

Қала, ауылдарда мектеп, көшелерге ақынның аты берілген. Ақынның атында Ақтөбе облысында Байғаниннің ауданы бар. Ақынның ұрпақтары Алматыда, Ақтөбеде, Темір ауданында тұрады.

Биыл Ақтөбеде, Темірде, Байғанин аудандарының кітапханаларында, музейлерінде ақынның мерейтойына арналған мәдени-әдеби, сазды-танымдық шаралар өткізілуде. Бұл шараларлы алғашқы болып Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы бастаған еді. Қазір жалғасын табуда. Қазан айында онкүндікпен қорытындыланады.

Нұрпейіс көп қырлы ақын, оның жыр тақырыптары да әр алуан.

–         Білімнен қымбат нәрсе жоқ, көңілде жатса баспай тот – деп білімге үгіттейді;

–         Өнерсіз іс оң болмас, өнерлі жігіт қор болмас – деп, өнерге, еңбек етуге үндейді;

–         Бірін-бірі сақтаған, білікті адам сол болар, ынтымақта ол тұрса, берекет халықта мол болар – деп, бірлікті, татулықты насихаттады;

–         Ердің аты өшпестей, Ел аузында сақталар, Ердің еткен еңбегін, үлгі қылар басқаға – деп,ерлікті, батырлықты жырлады.

Атақты ақын Нұрпейістің шығармашылығы сенсация жасау мақсатында социализмді, көсемдерді мақтады деген мазмұнда бір жақты жазылған мақалалар әсерінен мектептердің әдебиет пәні бағдарламаларынан орынсыз алынған.

ЖОО, арнаулы оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылып жарымайды.

Сондықтан, осы кемшіліктерді түзету үшін Рухани жаңғыру, Ұлы даланың ұлы есімдері, фольклорды сақтау, жинау, зерттеу, насихаттау бағдарламаларын орындау мақсатында, жас ұрпақты халық ақыны Н.Байғаниннің үлгілі, өнегелі өмірі мен шығармашылығымен таныстыру үшін, ақынның көркем туындылары- жырларын, дастандарын, толғауларын, өлеңдерін нақыл сөздерін білгізу үшін мектептегі әдебиет пәні бағдарламасына енгізіп оқытқан, білгізген жөн.

Нұрпейістің суырыпсалма ақындық, жыраулық дәстүрін, шеберлігін, көркем тілін жалғастыру үшін университеттерде, мәдениет, өнер мекемелерінде зерттеуді, үйретуді, насихаттауды жүйелі жұмыс етіп, қолға алу, жолға қою қажет деп санаймын.

Еркін Жолмырзаұлы Құрманбек

ҚР мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button