Жаңалық

«Отбасы – ұлт тірегі» байқауы мәресіне жетті

Облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында «Отбасы – ұлт тірегі» облыстық отбасылық онлайн байқауын қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттады.

 

Өңірдегі өнегелі отбасыларды халыққа, елге танытып, үлгі етіп, сол арқылы жас ұрпаққа тәрбие беруде байқаудың маңызы зор.

Салтанатты шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев қатысушы отбасыларды құттықтап, жеңімпаз отбасын жария етті.

Байқауға қатысуға ниет білдірген 20 отбасы шаңырақтарындағы салт-дәстүрлер мен рухани-адамгершілік құндылақтарға толы бейнероликтер жолдаған болатын. Аталмыш отбасылардың арасынан 8 әулет екінші кезеңге жолдама алды.  Олардың арасында әртүрлі мамандық иелері, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен әулеттер бар. Барлығы да құрмет пен мадаққа лайық. Байқау екі номинация бойынша өткен болатын. Біріншісі – «Отбасым байлығым» – отбасында ұстанатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға бағытталса, екіншісі – «Шаңырағым шаттығым» аталымы – шығармашылық қабілеттеріне арналды.

Байқауды қорытындылаған қазылар алқасы 20 отбасының ішінен 6 жүлделі орынды, қалған 14 отбасына ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

Байқау жеңімпаздары қазылар алқасының шешімімен қоса @aqtobe_madeniet және @aktobe_ocnt инстаграм парақшаларында дауыс беру арқылы анықталды. Яғни, әлеуметтік желі пайдаланушыларының қаралымы мен лүпілдері (лайктары) де ескерілді. Барлық отбасы байқауға белсенді қатысты. Барлығы «Отбасы – ұлт тірегі» байқауының жеңімпазы атануға лайықты. Дегенмен байқаудың аты байқау.

Жүзден жүйрік шығып, «Отбасы – ұлт тірегі» байқауының бас жүлдесін мұғалжарлық Баспаевтар отбасы иеленді. Жеңімпаз атанып, мерейі тасыған Баспаевтар отбасы 5 бала тәрбиелеп отырған өнерлі әулет.

Бірінші орынды ақтөбелік Абдуалиевтер отбасы жеңіп алса, екінші орынды қарғалылық Шамбаевтар, үшінші орын Ақтөбе қаласының тұрғындары Салмухановтар әулетіне бұйырды. Ал хромтауылқ Әмірбековтер мен байғаниндік Елеуовтер отбасыларына ынталандыру сыйлықтары бұйырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button