Жаңалық

«Абай үні» байқауы аяқталды

Биылғы жылы  Ұлтымыздың ұлы перзенті, ақын, ағартушы,  философ, композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, бүкіл ел болып, атап өтудеміз.

Абайдың тәлім тәрбиесі, шығармашылығы, рухани бағыты адамды адамгершілікке, ізгілікке жетелейді.

Абай ұстанымдарын өскелең ұрпаққа жеткізу арқылы, оларды отансүйгіштікке, тұлғалық дамуға бағыттау мақсатында Аққулы ауданының мәдениет бөлімі жылдың басынан бастап «Абай үні» аудандық байқауын бастаған болатын.

Байқауға ауданымыздың барлық ауылдарынан 50-ге жуық өнерпаз қатысты. Олар Хәкім Абайдың қара сөздерін, нақыл сөздері мен өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындады. Бейнероликтер мәдениет бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» әндері, «Әсемпаз болма әр неге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Күз», «Жазғытұрым», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Ғылым таппай мақтанба» және басқа да бірқатар туындылары көрермен қауымның көңілінен шықты.

Абай ән-күйді сүйіп тыңдаған. Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбеттей халық сазгерлерінің шығармашылығын ерекше бағалады. Жоба онлайн форматта аудандық мәдениет көркемөнерпаздарының орындауындағы «Хәкім Абай ауылында» музыкалық қойылымымен негізделді. Қойылым Абай Құнанбайұлының даналығын, өнерсүйгіштігін, жастарды өнерге баулуын, жомарттығын баяндады.

Аққулы ауданы мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ж. Ахметжанованың айтуынша: «Маңызы зор жобаның түйіндісін шығара келгенде барлық қатысушылар жылы ықыласқа бөлене отырып, электронды арнайы дипломдармен марапатталды. Әлемге танылған Ұлы данамыздың бағдарын келешекте де қызықты, танымды жобалар арқылы халық арасында жарқыратуды көздейміз. Ұлы Абайдың терең ойлары мен асыл сөздері келешекте гауһардай жарқырап, көкіректерге нұр болып кұйыла берері хақ».

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button