Жаңалық

Бәсекелік маркетингтік ақпарат

Бәсекелік маркетингтік ақпарат – тұтынушылар, бәсекелестер және нарықтағы даму мен өзгерістер туралы жалпыға қолжетімді ақпараттың жүйелі сарапталуы, жиналуы және талдануы.

Бәсекелік маркетингтік ақпараттың мақсаты – тұтынушылар ортасын түсіну, бәсекелестердің іс-әрекеттерін бағалау мен қадағалау және мүмкіндіктер мен қауіптер туралы ертерек ескерту арқылы стратегиялық шешім қабылдауды жетілдіру. Маркетингтік ақпарат жинау әдістері тұтынушыларды бақылаудан бастап компанияның өз қызметкерлеріне сауалнама жүргізу, бәсекелестердің өнімдеріне бенчмаркинг жасау, онлайн зерттеу мен әлеуметтік медианы сараптауға дейінгі ауқымды қамтиды.

Жақсы маркетингтік ақпарат маркетологтарға тұтынушылар өз брендтерімен қалай араласатыны және оларды қалайша тартуға болатыны туралы түсінік алуға көмектеседі. Көп компания арнайы дайындалған бақылаушы топтарын оларды тұтынушылармен араластырып, компания өнімдері туралы және тауарды пайдалану кезінде сол тауарлар туралы әңгімелесуге жібереді. PepsiCo, Mastercard, Kraft және Dell сияқты басқа компаниялар брендке негізделген онлайн тұтынушыларды және нарықтағы белсенділікті үнемі қадағалайтын күрделі цифрлық команда орталықтарын құрды.

Компаниялар сондай-ақ бәсекелестердің де әрекеттерін қадағалап отыруы керек. Олар бәсекелестердің веб-сайттарын және әлеуметтік медиа сайттарын бақылай алады. Мысалы, Amazon компаниясының Competitive Intelligence күші бәсекелестердің ассортименті, тауар сату жылдамдығын және қызмет көрсету сапасын талдап, салыстыру үшін бәсекелес сайттардан жүйелі түрде тауар сатып алады. Компаниялар белгілі бір бәсекелес атауын, шараларды, трендтерді бақылау үшін немесе қандай оқиғалар туындағанын іздестіру үшін интернетте мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ бәсекелес брендтер туралы тұтынушылардың әңгімелерін бақылап отыру компанияның өз брендтері туралы әңгімелерді қадағалау көрсеткіші ретінде көрінеді.

Фирмалар бәсекелестердің қадамдары мен стратегиясын ерте түсіну және жылдам жауаптар дайындау үшін бәсекелестердің маркетингтік ақпаратын пайдаланады. Мысалы, Samsung өзінің Galaxy S смартфондары мен планшеттеріне арналған маркетингтік реакциясын тез қалыптастыру үшін Apple компаниясы соңғы iPhone, iPad және басқа құрылғыларын енгізуге байланысты жасаған әлеуметтік медиадағы реал тайм әрекетін бақылайды. Сонымен қатар Apple бас директоры Тим Кук көптен күткен жаңа модельдерді таныстырып жатқанда одан жүздеген миль қашықта Samsung маркетинг стратегиясы бөлімдері экрандарына тесіліп, оқиғаның дамуын бақылап отырады. Олар жаңа құрылғының ерекшеліктерін ғана емес, сондай-ақ тұтынушылардың блогтардағы жазбалары мен әлеуметтік медиа арналарын да мұқият бақылайды. Тіпті тұтынушылар тарапынан да бәсекелестері туралы дерек артып жатса да Samsung командасы жауап дайындап жатады. Apple жаңа үлгілері дүкен сөрелеріне түскеннен кейін бірнеше күн өтпей-ақ Samsung Galaxy желісіне қызығушылық тудыратын телевизиялық, баспа және онлайн месседждер тарата бастайды.

Бәсекелестер туралы көп ақпарат компания ішіндегі адамдардан – жетекшілер, инженерлер мен ғалымдардан, сатып алу агенттері мен сатушылардан алынады. Компания сонымен қатар жеткізушілерден, сатушылардан және негізгі тұтынушылардан маңызды ақпаратты ала алады. Ақпаратты іздеушілер мыңдаған онлайн дерекқор арқылы жиналатын мәлімет арасынан қажетін алады. Оның кейбіреуі тегін келеді. Мысалы, АҚШ Қауіпсіздік және айырбас комиссиясының дерек қорында қоғамдық бәсекелестер туралы ауқымды қаржылық ақпарат жиналған, ал АҚШ Патент агенттігі мен Сауда белгілері бойынша дерек қоры бәсекелестердің ұсынған патенттерін анықтайды. Компания ақылы түрде үш мыңнан астам онлайн дерек қор мен ақпаратты ұсынатын Hoover’s, LexisNexis және Dun & Bradstreet сияқты ақпарат іздеу қызметтерінің кез келгеніне жазыла алады. Қазіргі маркетологтар бәсекелестері туралы ақпараттың басым бөлігін пернетақтаны бірнеше рет басып-ақ таба алады.

Ақпарат ойыны екі жолмен де жүреді. Бәсекелестер бәсекеге қабілетті маркетингтік барлау әрекетімен бетпе-бет келуіне қарамастан, көп компания өз ақпаратын қорғау жолында қадамдар жасайды. Бір танымал бизнес-шпионның кеңесі бойынша, компаниялар өз маркетингтік барлауы бойынша тергеу жүргізуге тырысуы керек, бұл ықтимал зиянды ақпараттың таралу көзін іздеуге көмектеседі дейді. Олар бұл әрекетті жарияланған жазбаларда, соның ішінде вакансия туралы хабарландыруда, сот хаттамаларында, компания жарнамасында және блогтарда, веб-парақшалар, пресс-релиздерде, онлайн бизнес есептер, тұтынушылар мен қызметкерлердің әлеуметтік желідегі хабарламаларында және бәсекелестер үшін қолжетімді басқа ақпаратпен «вакуум жасау» арқылы бастауы керек.

Маркетингтік ақпаратты қолданудың артуы сондай-ақ этикалық мәселелерді туындатады. Ақпарат жинаудың кейбір әдістері этикалық жағынан күмәнді болуы мүмкін. Әрине, компаниялар қоғам қол жеткізе алатын ақпаратты пайдалануы керек. Бірақ аңдуға дейінгі абыройсыздыққа ұрынбауы қажет. Қазір барлық заңды ақпарат көзімен бірге компания жақсы ақпарат алу үшін заңдарды немесе қабылданған этика кодексін бұзбауға тиіс.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button