Жаңалық

«Birgemiz» Республикалық волонтерлер фронт-офисі тренинг өткізді

«Birgemiz» Республикалық Волонтерлер Фронт-офисі волонтерлік саласындағы «Тренерлерге арналған тренинг» өткізді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Бұл – үмітке, игі істерге толы уақыт. Жақсылыққа жаны құмар еріктілер көмекке аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуде бар күштерін салып, бірге әрекет етті. Коронавирустық инфекцияның пандемиясы қарсаңында волонтерлер азаматтарымызға үлкен қолдау көрсетіп, еліміздегі қиын-қыстау кезеңде алдыңғы шепте жүріп, тірек бола алды.

28 тамыз күні «Birgemiz» республикалық Волонтерлер фронт-офисінің қызметі аясында волонтерлік саласындағы «тренерлерге арналған тренинг» республикалық мектебі өз бастауын алды.

Қазақстанның барлық аймағынан келген қатысушылар алдағы уақытта өз аймағындағы волонтерлерге семинарлар өткізу үшін тренинг жасау дағдыларын үйренуге мүмкіндік алды.

Талаптарға сәйкес, Қазақстанның барлық аймағынан 43 үміткер іріктелді. Барлық қатысушылар ораторлық шеберліктен бастап тренердің ішкі тұрақтылығына дейінгі түрлі дағдыларға қатысты білім алды. Сондай-ақ, бағдарламаға білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша сабақтар, тренердің кілттік дағдыларын талқылау, аудиториямен жұмыс жасау әдістемесі мен практикалық сабақтар енгізілді. Сабақ 2 тілде (қазақ, орыс) Zoom платформасы арқылы онлайн форматта жүргізілді. Сессияға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь Республикасы, Бельгия мен Армения елдерінен спикерлер қатысты.

Тренингтің нәтижесінде қатысушылар ақпаратты жеткізу дағдыларын, топпен байланыс және сенімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін үйренді. Сонымен қоса, көпшілік алдында сөйлеу стилін игеріп, өзіндік оқыту бағдарламаларын құра алды.

Бұл бастаманың мақсаты – игерген білімін алдағы уақытта аймақтық волонтерлерге бере алатын тренерлерді дайындау.

Оқу аяқталған соң, қатысушылар аймақтардағы волонтерлерді оқыту арқылы өз дағдыларын іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады. Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден аса волонтерді оқыту жоспарланған.

Анықтамалық:

«BIRGEMIZ» Республикалық Волонтерлер Фронт-офисі еліміздің барлық өңіріндегі волонтерлік жобаларды үйлестіреді.

Волонтер жылы аясында Қазақстан үшін салалық волонтерлікті дамытатын 7 басым бағыт анықталған: «Birgemiz: Asyl Mura» (этномәдени мұраларды сақтау), «Birgemiz: Bilim» (білім беру), «Birgemiz: Saýlyq» (денсаулық сақтау), «Birgemiz: Sabaqtastyq» (тәлімгерлік), «Birgemiz: Taza Álem» (экология), «Birgemiz: Úmit» (ТЖ саласы).

Ұлттық волонтерлік желі (ҰВЖ) – азаматтар мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі. Бірлестік 2010 жылы волонтерлік мәдениетті, волонтерлік бастамалар мен қызметтерді азаматтар, азаматтық қоғам институттары, бизнес сектор мен мемлекеттік құрылым арасында құру, қолдау және дамыту мақсатында құрылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button