Жаңалық

Ламбриан Топузидис: «Американдықтар осы және келер шақпен өмір сүреді»

«Алыстағы ағайын» жобасы аясында белгілі тележүргізуші, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, қазіргі таңда әлемдегі ең ірі қалалардың бірі, экономика және өнеркәсіп орталығы – Нью-Йорк қаласында білім алып жатқан Ламбриан Топузидиспен сұқбаттасқан едік. Ендеше, оқи отырыңыз.

Ruh.kz: Қазіргі таңда АҚШ-та, оның ішінде әлемдегі ең ірі де әсем қалалардың бірі – Нью-Йоркте өмір сүріп жатсыз. Онда қашан, қандай мақсатпен бардыңыз? Қызметіңіз қандай? Келешекте елге ораласыз ба?

Ламбриан Топузидис: Сәлеметсіз бе! Өзім туралы айтатын болсам, мен Павлодар қаласының тумасымын. Мамандығым – қазақ филология, қазақ тілі, ағылшын және қазақ әдебиеті пәні мұғалімі. Дегенмен ешқашан ол салада қызмет атқармадым. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы мен «Еуразия» Бірінші арнасында бірнеше жыл жұмыс істедім. Көбіне жаңалықтар жүргізушісі болдым. 2 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп алып, магистратураға түстім. Қазір Нью-Йорк қаласының Нью-Йорк университетінде «Медиа және корпоративті коммуникациялар» бойынша білім алып жүрмін. Қазақстанға оралу, әрине, ойда бар. Болашақтықтардың міндеті – Қазақстанға оралып, өзінің қызметін нарыққа енгізу, қарау, бағалау.

Ruh.kz: Білім жүйесіне келсек. Шетте оқып, қызмет ету арқылы не түйдіңіз? Екі елдегі білім деңгейінің айырмашылықтарын айтсаңыз.

Ламбриан Топузидис: Өте жақсы сұрақ. Сөзімді Американың Конституциясынан бастасам деймін. Мұндағы басты фактор – адам капиталы. Адамға көп көңіл бөлінеді. Американдық университеттердің аудиторияларынан қызу атмосфераны көруге болады. Динамика байқалады. Студенттер өз пікірлерін еркін білдіре алады. Ал мұғалім соған рұқсат береді. Өз көзқарасын қорғай алмаса, дәлелдеуге тырысады, пікірталастар жүргізіледі. Дәл осы білім беру аспектілері АҚШ-тағы студенттерді таңғалдырмай қоймайды. Мәселен, аудиторияда менімен бірге 7 ұлттың өкілі болатын. Әр ұлт өкілінің үйренетін тұстары өте көп. Әр континенттен, бірі – Қытайдан, екіншісі – Франциядан, үшіншісі – Аргентинадан. Сондай-ақ студенттер бизнес әлемінде болып жатқан өзгерістерді аудиториядан шықпай-ақ түсінеді. Профессорлар тек дәріс оқумен шектелмейді. Олардың өзінің бизнесі бар. Сол бизнесте шығарған оқулықтарды студенттерге түсіндіреді. Талдау жасайды. Презентация жасаған кезде де шынайы компанияларға байланысқа шығып, олармен хат алмасамыз, таныстырылым күніне дейін материал жинаймыз. Инвестициялар бойынша менің өте шебер профессорым болды. Тәжірибелі кісі еді. Одан көп мағлұмат алдым.

Ruh.kz: Келесі сұрақты сол жақтың мәдениетіне, тарихына, жалпы тұрмыс жағдайына, өміріне арнасақ. Ағылшындарды басқа континенттерден өзгешелеп тұратын не? Барғанда қандай қасиеттерін, ерекшеліктерін бірінші байқадыңыз және сол, өзге менталитетке тез үйренісіп кеттіңіз бе?

Ламбриан Топузидис: Иә, айтып өткенімдей, Америкада адам капиталы өте жоғары бағаланады. Мұнда адам капиталы жеке адамның ғана емес, сол мемлекеттің азығына айналады. Адамдарының бүкіл өмірі мектеп сыныбынан басталады. Оқушылар ұстаздарымен пікірталасқа түседі. Бір нәрсе туралы келіспесе, ойын ашық айтуға қорықпайды. Келіспеймін десе, дәлелін іздеуге тырысады. Ал ол пікірталастар болмаса, бұл әлемде ештеңе өзгермейді деп пайымдайды. Американың мәдениеті де, өнері де мектеп сыныбынан бастау алады. Ағылшындарды басқа континенттерден өзгешелеп тұратын қағидалар осылар деп ойлаймын. Оқушы кезінен қоғамда өзін қалай ұстау керектігін үйреніп, өскен адам болашақ өзіне сенімді болады. Ал мәдениет, өзге тіл деген сөздер өте абстрактілі ұғымдар болып табылады. Ешкім мұнда тез үйренісіп кетпейді. Біреуі 5 жыл, кейбірі 20 жыл тұрған соң барып үйрене бастайды. Бұл адамның психикасына байланысты. Маған мысалы ағылшын тілін көтеру үшін 5 жыл керек болды. Әлі де үйреніп жүрмін.

Ағылшындардың ерекше қасиеті – олар өте еркін және де ешқашан өздерін көрсетуге қорықпайды. Ойын ашық айтады. Сырттан сынап келсе, оған ешқашан бет бұрмайды, көңіл бөлмейді. Өте батыл халық.

Ұлттық құндылықтарға айтарлықтай көңіл бөліп қарамайды. Өйткені олар осы және келер шақпен ойлайды. Әрине, тарихты есімізде сақтап, қадірлеуіміз керек. Дегенмен ол өткен шақ, біз қазіргі және келер шақпен ойлауымыз қажет. Мысалға Илон Масктың Tesla компаниясын алып қаралық. Илон Маск шамамен 300 жерсерікті ғарышқа шығарайын деп жоспарлауда. Сондықтан келер шақпен ойлауымыз керек деп ойлаймын.

Ruh.kz: Мұхиттың арғы бетіндегі пандемия жайына тоқтала кетсеңіз. Қазіргі ахуал қалай, халық қалай күресу үстінде, күш-жігері жетіп жатыр ма? Өздеріңіз қалай өткеріп жатсыздар?

Ламбриан Топузидис: Бұл сұрақ үшін рақмет! Шынымды айтайын, жағдай мәз емес. Карантиннен шықтық. Бірақ қазір шынымен де өте белгісіз жағдай орын алуда. Американдықтардың көбі сыртқа шығып кетті. Сайлау уақыты да алыс емес. Қазіргі президент сайлаудан жеңсе, жағдай мүлдем өзгеруі мүмкін.

Нью-Йоркте проблема өте көп. Пандемия қаланы миллиардтаған шығынға батырды. 6 мың бизнес орны жабылды. Банкротқа ұшыраған компаниялардың саны 40%-ға өсіпті. Мысалы Нью-Йорктің 5 бөлігінде (Манхэттен, Бруклин, Квинс, Бронкс және Стайтен-Айленд) бизнесті дөңгелетіп отырған орындар өте көп. Қазір олардың 3/1 бөлігі жабылу қаупінде тұр деуге болады. Егер ол орын алса, экономика құрдымға кетеді. Мысалы Манхэттенде тұрып жатқан халықтың өздерінің жақсы көретін дүкендері, шаштараздары бар. Барлығы жабылып қалса не болады? Үлкен дағдарыс орын алуы мүмкін. Сарапшылар 230 мың бизнес нысаны жабылайын деп тұрғанын айтады. Бұның барлығы, әрине, осындағы бизнесті банкротқа ұшыратады. Бұрын мұнда туристер не үшін ағылып келетін? Олар ресторанға, музейге барады. Ресторан – экономиканы алға жылжытатын маңызды факторлардың бірі. Ресторандар – Нью-Йорктің көркі. Сарапшылар жуырда жабылған ресторандардың көбі қайтып ашылмайтынын айтады. Бірақ, әрине, үмітімізді үзбейміз. Себебі Нью-Йорк – әлемнің астанасы. Ол – біздің үмітіміз. Көбінің арманындағы қала. Жағдай дұрысталып, барлығы жақсы болады деп ойлаймын.

Ruh.kz: Ламбриан мырза, уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button