Жаңалық

Қазақ жастары жаһандық бәсекеге қабілетті ме?

Бәсекеге қабілетті қоғам құру – мемлекет дамуының кепілі. Ал, қоғамның басты құндылығы – адам.

Бұл ретте адам капиталының сапасын жақсарту мен білім жүйесін дамытудың маңызы зор. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», – дейді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Яғни, жаһандық бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу – мемлекеттік идеологияның берік негізі.

Өткен жылы Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 4 саты көтеріліп, 141 елдің ішінде 55 орынға жайғасты. Рейтигтегі бірінші орын Сингапурге тиесілі болса, екінші-үшінші орынды АҚШ пен Гонконг бөлісіп тұр. Посткеңестік елдер арасында Ресей – 43, Әзербайжан – 58, Украина – 85, Қырғызстан – 96 орынға жайғасқан.

Аталмыш рейтинг әлем елдерінің әртүрлі экономикалық жағдайдағы ұлттық бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Бұл өз кезегінде елдердің жаңа даму стратегиясын қабылдап, ауқымды реформалар жүргізуіне мүмкіндік береді.

Сарапшылар жаһандық индексте еліміздің еңбек нарығын жоғары бағаласа (25 орын), қаржы жүйесі (104 орын) төменгі нәтиже көрсетіп отыр. Алдағы міндет – 2025 жылға дейін үздік 40 елдің қатарына ену. Еліміздегі іргелі жобалар мен бастамалар оң жүзеге асса, бұл межеге де жетер күн алыс емес.

БҰҰДБ-ның 2019 жылы жариялаған Адами даму бойынша жаһандық баяндамасына сәйкес, Қазақстан 189 елдің ішінде 50-ші орынды иеленіп, адами дамуы өте жоғары деңгейдегі елдердің қатарына енді. Рейтингтегі көрсеткіштер азаматтардың денсаулығы, білімге қол жетімділігі мен өмір сүру деңгейі нәтижесінде анықталады.

Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының 2017 жылғы баяндамасында адамдардың XXI ғасырдағы жаңа дағдыларына назар аударады.

«2020 жылға қарай еңбек қызметіндегі білім мен дағдылардың үштен бір бөлігі өзгереді. Дағдыларды меңгеруде сыни ойлау, коллаборативтілік, креативтілік пен коммуникативтілікке бағытталған төрт өлшем өмір бойы білім беру үдерісінің бір бөлігі болуы тиіс» делінген баяндамада. Осылайша, Адами даму тұжырымдамасы 2030 жылға дейінгі Тұрақты дамудың күн тәртібінде жаңа контекстке ие болды.

Қазақстанның білім жүйесі қаншалықты бәсекеге қабілетті?

XXI ғасыр – білім мен ғылымның дәуірі. Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы – жастар. Білімнің салтанат құруы ұлт болашағының іргетасын қалайды.

Статистика комитетінің 2020 жылдың басындағы дерегі бойынша, Қазақстанда 125 жоғары оқу орны бар. Оның 84-і, яғни, 67,2%-ы жекенің иелігінде.

ЖОО-ның көпшілігі Нұр-Сұлтан (15), Алматы (41) және Шымкент (10) қалаларында орналасқан. 2019-2020 оқу жылының басындағы есеп бойынша, барлығы 604 мың студент білім алып жатыр.

Ал, еліміздегі колледждердің саны – 740. Онда 475 мың студент оқиды, оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда 135 мың жас өз білімін жетілдіріп жатыр.

Биыл қазақстандық 10 ЖОО «QS World University Rankings-2021» рейтингі бойынша әлемнің үздік университеттерінің қатарына қосылды. Мәселен, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті әлемдік 1000 ЖОО арасында 165 орынға көтеріліп, үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы қазақстанның оқу орны атанды.

Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 357-ші орынға табане тіресе, М.Әуезов атындағы ОҚМУ 490 орынға жайғасқан.

Рейтингте түлектердің сұранысқа ие болуы, дайындығы, бәсекеге қабілеттілігі мен беделі, ұлттық және әлемдік танымалдылығы, университеттің ғылыми мектептері (теоретикалық және қолданбалы) және қызмет бағыттары мен жетекші оқытушылардың тиімділігіне ерекше назар аударылады.

Жалпы, қазіргі қазақстандық жастар прагматикалық әрі бәсекеге қабілетті деп айтуға болады. Бір жағынан бұл уақыт талаптарына байланысты болса, екінші жағынан сананың «қайта жаңғыруы» жаһандық және жеке қажеттіліктерге байланысты жан-жақты әрі жауапты адамдарды қалыптастырары анық. Сондықтан тез өзгеріп жатқан әлемде жастардың әлеуетін тиімді дамыта алатын мемлекеттер үшін стратегиялық артықшылықтар басым болмақ.

Елімізде білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Соған сәйкес жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі айқындалады. Мұнда халықаралық, ұлттық, өңірлік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік негізінде сараптама жасалады.

ЖОО-лардағы білім сапасын арттыру үшін өзара ішкі бәсекелестікті дамыту қажет.

Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) негізін қалаушы және президенті Асылбек Қожахметов «ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі бағдарламасын» енгізуді ұсынады. Оның ойынша, жоғарғы оқу орындарын мемлекеттік және жеке деп бөлмей, жақсы және жаман деп ажырату қажет.

Яғни, Қазақстандағы университеттердің бәсекелестігін арттыру үшін университеттерді 3 лигаға бөлетін мемлекеттік бағдарлама қабылдануға тиіс. Бұл ретте  Асылбек Қожахметов Ресейде 5/100 бағдарламасы мен Қытайдағы «Double First Class University Plan» жоспарын мысал етеді.

Сондай-ақ жоғары білім сапасын арттырудың тағы бір құралы ретінде қазақстандық ЖОО-лардың интернационалдандырылуы мәселесі көтеріліп отыр.

Мысалы, өткен жылы еліміздегі ЖОО-ларда шетелдік студенттер 17,8 мың адамға өскен. Яғни, 2018 жылмен салыстырғанда өсім байқалып отыр. Десек те, шет елден келген білім алушылардың үлесі небары 4%-ға жетіп отыр. Бұл өзге елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш (Канада 11%, Ұлыбритания 18%, Франция 10%). Мамандар интернационалдандыру деңгейін жоғарылату білім сапасына оң әсер береді деп есептейді.

Білімнің салтанат құруы – сананы жаңғыртудағы маңызды бағыт. Сапалы кадрлар даярлау Қазақстанның серпінді дамуына мүмкіндіктер ашады.

Қоғам білім, ғылым, инновация арқылы өзінің адами капиталын, бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Зияткерлік капитал – қоғамның адами әлеуеті негізінде жинақталатын нақты ресурс. Халқымыздың болашағы еліміздің әрбір азаматы қандай құндылықта тәрбиеленуіне байланысты.

Жақында Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлтты жаңғырту бағдарламасы ретінде жалғастыру керектігін атап өтті. Прагматизм мен сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік пен білімнің салтанат құруы ұлттық бағдарға айналғанда, жаңа ғасырдағы жаңа қоғам қайта түлері анық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button