Жаңалық

«Мәдени төңкеріс» жылдары 200-ге тарта жыр-дастанды қабірде тығып ұстаған кім? (ел аузынан)

Азат ел болдық. «Көрпемізге қарай көсілетін» еркін өмірге  қол жеткіздік. Қазақ деп кеуде қағып, марқаятын шағымыз да, бұл.

Бірақ, біз азатпыз ба? – деген сауал кесе-көлденең алдыңды орайтыны бар. Әлде біз азаттықтың қадір-қасиетін сезіне алмай жүрміз бе екен?! Өзге емес, өз қандасың өз ана тілін шұбарласа, кімге шағымыңды айтарсың. Құлдық санадан әлі де ішкі жан дүниеміз түбегейлі арылып болмағандай көрінеді. Менің ойыма бір оқиға оралып отыр. Бұл биыл Бурабайдың әсем табиғат аясында Қытайдан қонаққа келген қандас жазушы Көбен Асқарұлымен болған арадағы әңгіме еді.

Жазушымен емен-жарқын әңгіме азаттық жайлы өрбіді. Сонда ол: «Қазақ елі алғаш тәуелсіздік алғанда екі адамның ерекше қуанып, толқыныста болғанын көрдім» – деді. Бірі, әрине, әкесі екен. Тоқсанның тұғырына жетіп қалған әкесі өзінің басынан өткен қиын-қыстау күндерге шолу жасайды. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болудың» жай-жапсарын айтады. «Көңілім менің көк дөнен дегендей қазақтың бөлек ел болған қуанышын барып көрмесем де, көңілім барып қайтқандай екен» деп толғаныпты қайран ақсақал.

Асқар Татанайұлы деген ол адам алаш танитын ірі тұлға екен. Кезінде алашордалық қайраткерлерге де пана болып, қамқорлық қолын ұсыныпты. Қытайдағы «мәдени төңкеріс» жылдары әдебиет атаулыны өртеп, жаққанда ол 200-ге тарта жыр-дастанды қайтыс болған жұбайының қабіріне көміп, сақтаған екен. Шолақ белсенділер қабырғасын сындырып, он жыл бойы тепкі көрсетсе де, кітаптарды жасырған жерін айтпаған.

Отызыншы жылдары Шәкерім ұсталып, оның баласы ақын қолжазбаларын Үрімжіде Кәрім Дүйсебаев деген адамға береді. Ал, Кәрім Дүйсебаев Асқар Татанайұлының ұстазы болып шықты. Өзі ұсталар алдында бар қолжазбаны шәкірті Асқар Татанайұлына табыстайды. Өзге елде тепкі көрген қазақтың бір данасы қуанса, қуанғандай екен.

…Әкесі еске түскесін бе, мұңайып өткен күндерді еске алған қаламгер Абылай алаңында терең бір дем алып, сол ақ түйенің қарны жарылған күнгі екінші қуанған адам жайлы әңгімесін жалғады.

–        Өзім қызмет ететін редакцияға келсем, жиналыс өткізейік деп жатыр екен. Мені әріптес досым Ғалымбекке жіберген еді. Неге жұмысқа шықпады деп ойладық. Үйіне барсам, ағыл-тегіл жылап отыр екен. Себебін сұрадым. Ол өзінің жиырма жыл өмірін түрмеде өткізіп, қиындықты да бастан өткеріп, артынан ағаттық кетті деп темір тордан босатқанын айтты.

Сосын: «Отбасылы болып, қызметке де қол жеткіздім. Мен бәрін ұмытайын-ақ деймін. Бірақ, бір оқиғаны ұмыта алмаймын» – деді Ғалымбек.

Одан әрі ол өз басынан өткен мына жайды жайып салды. Бір күні дүкенге келсе, адамның қалың кезегі бар екен. Өзі қалжыңдасып жүретін моңғолды ту сыртынан келіп, итеріп жібереді. Омақаса құлаған моңғол орнынан тұрып жатқанда: «Жаман моңғол сен де қазақтан ілгері кезекке тұратын болғансың ба?» деп күстаналайды. Сонда ол: «Әй, Ғалымбек, сен зиялы адам емес пе едің. Мен төбеме бес жыл шәй қайнатқан моңғол болсам да, менің жеке мемлекетім бар. Сенің ше?» дегенде Ғалымбектің жанарына жас тығылып, ұяттан жерге кіріп кете алмай, кезектің ең соңына барып тұрған екен.

Қазақ елі азаттық алған күні сол моңғол Ғалымбекті тауып алып: «Бүгін сен менімен теңелдің» депті. Ғалымбек осы оқиғаны айтты да, өзінің ата жұрты жеке ел болғанына масаттанып, қуанып отырғанын жеткізеді.

«Жырақта жүрсек те, ел деп елжіреген жүректерде сағыныштың лүпілі үздіксіз соғатынын білсең ғой. Мені қартайған шағымда азат елдегі Абылайдың ақ ордасын көруге деген құштарлық жетелеп әкелді осында» деген еді сөзінің соңында қандас қаламгер Көбен Асқарұлы.

Мен осы оқиғаны жиі еске алатын болдым. Бұл азаттық бізге оңайлықпен келмеген-ау деп ой түйдім. Тарихтың қатпар-қатпар қабаттарына зер салғым келді. Биылғы қазақ хандығының құрылуының мерейлі жылы көк түрікті ел етемін деп жанталасқан қағандар мен хандар жайлы да сырт тартпаққа ниеттендім.

Шынында да, Көк түріктің көк байрағын желбіреткен Білге мен Күлтегін қағандардың қыран құстай қанаттарын қомдап, шырқау биікке ұмтылғандағы асыл армандары не еді? Осы бір тарих тағылымынан сыр шертетін сауал әлі күнге барша алаш жұртын мазалаумен келеді. Тарихтың тереңіне зер салып, тұңғиықта жатқан сырларды ақтарғымыз-ақ келеді. Бірақ, Күлтегіннен жеткен тарих бертінде басқаның мұрағатында шаң басып, сөрелерде қалып жатқанын несіне жасырамыз. Білге мен Күлтегіндей қағандардың ақылшысы болған Тоныкөк бабамыз қандай дана болған деген ой келеді. Бар тарихты тасқа қашатып, кейінгі ұрпағына қалдырған да сол емес пе?!

«Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым. Сонша құрап, біріккен халықтарды от пен су етпедім, олармен тіл табысуға ұмтылдым. Адал халқы мен адал қоғамдар бар жерде мен жақсылықтар жасадым» деп артына ұлағат сөз қалдырған Білге қаған ел-жұртының азат болуын қаламады дейсіз бе?! Аттың жалын тартып мініп, үкілі найза ұстаған сол бабалар бүгінгі алашының қандай ел болғанын көрсе, қайтер еді.

«Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» дейтін сөзді айтқан асыл бабалар бодандық қамытын киген елінің азаттық алып, Нұрсұлтандай бір ұрпағының қаған тағына отырып, жұртын өрге сүйрегеніне бір марқаймас па еді, шіркін!

Тарихта Білге қағандық құрған кезде жиырма жыл бейбітшілік орнады дейтін деректер кездеседі. Ағайынды Білге мен Күлтегіндер басқаның жерін жаулауды көксеген емес. Өз елін аман сақтауды ғана мақсат мүдде еткен сияқты көрінеді. Бұл бертінгі алаш хандарының дені ұстанған саясат екенін де жоққа шығармасақ керек.

Бүгінде біз мерейлі шежірелі оқиғаны атап өтетін – қазақ хандығының құрылуы астарында да Білге мен Күлтегін салған даңғыл жол сайрап жатыр. Себебі, Күлтегін мықты батыр, жаужүрек адам болған. Бірақ, ел мүддесін бәрінен биік қойған ол өзінің ағасы Білгені қаған тағына отырғызды.

Ал, Керей мен Жәнібек ше? Тағы да тарихтың тағдыр жолы қайталанады. Жәнібек сұлтан өзінің ақылды, көреген хан бола алатынын білсе де, жеке бастың қамын алдыңғы орынға қойған жоқ. Ағасы Керейді алғашқы қазақ ханы етіп мерейін өсірді.

Демек, сонау сақ пен ғұннан басталатын шежіре жолда ел тізгінін ұстаған қағандар да, хандар да түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей, қызыл қандары төгіліп, қара терлері сөгілгенінің астарында азат та, мәңгі тыныш ел болу мақсаты жатқанын көреміз.

Мәңгілік ештеңе болмайтынын айтып, пікір қосатындар да жоқ емес. Бірақ, қағандар мен хандардың «мәңгілік» жайлы ұғымы философиялық категория. Мұның ислами астардан да бөлек екенін айтқан жөн. Иә, мәңгілік ештеңе жоқ, оны бір Алла ғана біледі. Дегенмен, қазақ өркениетінде ауызға алынып жүрген «Мәңгілік ел» идеясы ғасырлар бойы өмірлері жаугершілікте өткен алаш жұртының тыныш дүние кешуді үкілі үміт еткен бағзы заман арнасынан нәр алатындығында болса керек. Бұл қарапайым екі адамның «мәңгіге дос болайық» дейтін сертесуі тәрізді нәрсе. Өле-өлгенше дос болып қалуды қалайтындардың қол алысуы іспеттес. Ендеше, мәңгілік ел деген ұғым да бұл тірлік бітіп, дәм-тұз таусылғанша елдігімізді биікке көтеріп, азат күн кешейік дейтін асқақ сезімге барып ұласады.

Түсінген адамға бұл кәдуілгі шексіздік әлем философиясы. «Мәңгілік ел» идеясының басты нышаны да – шексіздік символикасы арқылы бейнеленеді. Бұл нақыш қайдан алынды деген сауал мені де ойландырғаны бар. Жергілікті тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Алма Құнанбаева Қорғалжын жерінде табылған белгісіз бір адамның қабіріндегі бітіктастардың бірінде жаңағы шексіздік нышаны нақышталғанын айтқаны бар.

Бұл қарапайым адамның қабірі емес. Ел билеген тұлғаның кесенесі сияқты. Көп ғалымдар Жәнібек ханның моласы емес пе деген тұжырымды айтып отыр. Себебі, осы Қорғалжын жерінде Жәнібек-Шалқар, Керей және Сұлтанкелді деген көл аттары бар екен. Қазақ жер-суға жайдан жай ат қоя салмаған. Астарына үңілсек, жаңағы болжам дөп шығатындай. Бірақ, бұл әзірге болжам ғана екені рас. Қазір жаңағы шексіздік нышаны бейнеленген тас еліміздің тарихи зерттеу институттарына жолданған көрінеді.

Бір атап өтерлігі, бұл кесене Жәнібек-Шалқар көлінің оңтүстік жағалауында орын тепкен. Қорғалжын ауылынан он шақты шақырымдағы бұл қабір кесенені кезінде аңшылар кездейсоқ тапқан екен. Қабырғалары құлап, әбден мүжілген кесене күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Ал, кірпіш қабырға шынылы қалың қабатты жасыл тастармен қапталған. Онда әртүрлі бедерлер нақышталған. Шексіздік нышаны да осы бітіктастардан көрініс табады.

Қазір зерттеп жатқан археолог ғалымдар кесене құрылысындағы бедертастардың Алтын орданың астанасы – Сарайшық пен Әмір Темірдің елордасы – Самарқандта да қолданылғанын айтады.

Сонымен бірге, мұндай тас бедерлер Қорғалжыннан екі жүз шақырым жерде орналасқан Ұлытаудағы Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінен де табылыпты. Демек, бұл алаш хандарының көксеген асыл армандарына саятын символдық нышан емес пе деген де ой келеді.

«Мәңгілік елі» өз арнасын бағзыдан алатыны тегіннен-тегін болмаса керек. Тоныкөк бабамыздың қабірінде жазылған: «Түрік жұртының мұраты – мәңгілік ел» деген сөз жаңаша сипатта жаңғырып жатқаны жақсылықтың нышаны. Сосын да оның миссиясы хандар ұстанымымен үндес келіп, мақсат-мүддесі де жаңа заманның лебі болып еседі. Ол – азат елдегі бірлік пен татулықты сақтау. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп ынтымағы жарасқан елін көргісі келетіні әр қазақ үшін жанына жат ұғым болмайтыны тағы бар.

Білге мен Күлтегін қағандар өз үндеу сөздерін тасқа қашатып мұра етіп қалдырды. Керей мен Жәнібек те сайын далаға үстемдік етіп, қазақ деген халықтың болашағына сара жол салды. Абылай хан бұл абыройлы жолды тағы бір белеске көтерді.

Біз бүгінгі азат елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтуымыз қажет. Бұл бабалар қанымен келген хандардың асыл арманымен жалғасып, қара халықтың тілегінен түспеген жаңа күн. Білге қаған айтпақшы: «Басы барлардың басын игізіп, тізесі барлардың тізесін бүктірген» кім десеңіз, ол – «мың өліп, мың тірілген» бүгінгі Алаш жұрты дер едік.

«Көп қан төгілді, мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін еді. Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым. Елдің басы бірікпеді, тентегі-тебісі көп болды» деген хан Абылай да үш арманына жете алмай кете барды. Бүгін ежелгі сақ пен ғұнның орнында Қазақ деген ел бар. Азаттықтың бір қадірін ұқсақ, біздер ұғармыз.

Шынында да, елдің амандығынан асқан ештеңе жоқ екен. Азаттығымыз ұзақ, алашымыз аман болғай!

Бақыт СМАҒҰЛ,

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button