Жаңалық

«Ежелгі қоныс – құт мекен» тарихи-деректі фильмі түсірілді (видео)

Жаздың үш айы ішінде жасалған жұмыс түйінделді. «Ежелгі қоныс – құт мекен» тарихи-деректі фильмі дүниеге келді.

Бір жарым сағаттық фильмді жасау үшін 1600 километрдей жол жүріліп, түсіру тобы Тай, Төртүй, Қаражар, Ақши, Қылдыкөл, Ақкөл, Басқамыс төңірегін шарлап шықты. Павлодар қаласындағы Көркемсурет, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болды.

Жаңа фильмде Шідерті мен Өлеңті өзендері бойындағы әсем жерлердің, Ақкөл-Жайылма көлдерінің табиғаты мен тарихы баяндалып, республикалық киелі жерлер картасына енгізілген Қылдыкөлдегі Исабек ишан тарихи-мәдени кешені, Қаражардағы Ақкөл қалашығы және Екшебайдағы таңбалы тастар көрсетілді.

Әйгілі Түйте әулие, Жеміс әулие, Естай ақын, Төлеулі, Кенжетай зергерлер, жазушы Мейрам Асылғазы жайлы сөз қозғалды. Қазақтың қилы-қилы кезеңде бір-біріне пана болғаны, бауырмалдығы – Исатай-Махамбет көтерілісі сарбаздары Есенгелді мен Қараман оқиғасы, Торғайдағы Амангелді Иманов көтерілісіне Биеке байдың жылқы айдатуы, Ереймен болысы, ақын Олжабай Нұралиннің Ақкөл-Жайылмада бір жыл бой тасалауы, Абыралы көтерілісіне қатысқан Мұқатай Мұсабековтің тағдыры арқылы баяндалды.

Жоба авторы – журналист Жассерік Жәлелұлы фильмде әр жылдары өзінің қаламынан туған мақалаларындағы деректер мен «Ақкөл-Жайылма», «Кереку» кітаптарындағы мәліметтерді және т.б. пайдаланды.

«Ежелгі қоныс – құт мекен» тарихи-деректі фильмі көременді туған өлкенің қадір-қасиетін тануына титімдей септігін тигізіп, елжандылыққа тәрбиелесе – түсіру тобы өз миссиясын орындағаны болып табылады. Сондықтан баға беруді көрермен еншісіне қалдырдық.

 

Ж. Сәдуақас, жоба авторы

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button