Жаңалық

Өнеркәсіп қалай дамиды?

Өнеркәсіп саласын дамыту – Түркістан облысы әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Пандемия салдарынан туындаған мәселелер бойынша облыс экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпорындарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Мейржан Мырзалиев «Қазатомпром» ҰКП» АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Басқосуда өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын сақтау, экспорт көлемін ұлғайту, жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

«Қазатомпром» ҰКП» АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Облыстың өнеркәсіп өнімнің 55%-ы, кен өндіру мен карьерлерді қазу саласында 97,6%-ы және металлургия өнеркәсібінің өңдеу өнеркәсібіндегі 28% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты кәсіпорындарына тиесілі.

Компания ұсынған мәліметке сәйкес, пандемиялық жағдайға байланысты жыл соңына дейін уран өндіру көлемі Түркістан облысында 88%-ға дейін төмендеуі күтілуде. Кездесу барысында аталған жағдайдың алдын алу шаралары ортаға салынып, алдағы жұмыс жоспарлары таныстырылды.

Алдағы уақытта инвестиция тарту, экспорт, жергілікті қамту, өнім көлемдерін ұлғайту және жұмыс орындарын кеңейту бойынша өзара меморандумға қол қою жоспарлануда. Басты мақсат – ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларында отандық тауарларды қолдануын қамтамасыз ету. Компанияның биылғы жылғы мемлекеттік сатып алу жоспары 75 млрд. теңгені құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button