Жаңалық

БҰҰ мінберінен естілген қазақ дауысы

Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов; Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы істер министрі, бір қатар мемлекеттегі еліміздің төтенше және өкілетті елшісі, дипломат Төлеутай Сүлейменов; ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдардың докторы, профессор Ғарифолла Есім; Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдардың докторы, профессор Игорь Рогов; Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Сапар Ахметов сынды еліміздің белгілі ғалымдары мен мемлекет, қоғам қайраткерлері шақырылды.

Ғылыми кеңестің отырысы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында оқыған баяндамасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:

БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сөйлеген сөзі жер-жаһан қауымдастығына күллі адамзат пен кейінгі буынға деген еліміздің жанашырлығын дәлелдеп, жалпыға ортақ жауапкершіліктің үлгісін танытты. Бұл баяндама бейбітшілікті жақтаған сыртқы саясат пен бірлігі жарасқан ұлтаралық, дінаралық ішкі саясаттың ғана қауіпсіздікке негіз бола алатынын келтіреді. Осы тұста Елбасының баяндаманы мемлекеттік тілде ұсынғанын айта кеткен жөн. Осылайша әлем қазақ тілін алғаш БҰҰ мінберінен естіді.

Дәл осы мінберден Нұрсұлтан Әбішұлы әлемді қауіп-қатердің себеп-салдарынан құтқаратын стратегия ойластырудың ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты міндеті екенін атап өтті. Бұл мақсатта ол БҰҰ-ның 100 жылдығына орай Дүниежүзі стратегия бастамасының жоспарын (Жаһандық стратегиялық бастама-2045) дайындауды ұсынды. Бастамалар қатарына ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің жалпыға ортақ БҰҰ декларациясын қабылдау ұсынысы да кірді. Осылайша Елбасы жаһандық сын-қатерді еңсерудің жоспарын ұсынды. Оны қабылдап, жүзеге асырудың мезгілі БҰҰ мен адамзатқа бірдей даму кезеңінің маңызды шағы болары сөзсіз, – деді отырыс модераторы, Ғылыми кеңестің төрағасы Әмірхан Мұратбекұлы.

Ол Елбасы бастауымен Қазақстанның 2010-2016 жылдар аралығында ядролық қауіпсіздікке арналған саммиттерге түгел қатысқанын белгілеп, қауіпсіздікті нығайтудың маңызды шаралары ұлттық деңгейде қабылдағанын ерекше атап өтті. Расында да Қазақстан белсенді әрекетінің арқасында өзін ядролық қарудан азат, қауіпсіз әлем құрудың жүйесін білетін мықты жақтаушы ретінде көрсеткен еді.

Іс-шараға бейнеконференция арқылы қатысқан Игорь Рогов пікірін былай білдірді:

– Аталмыш баяндаманың мәтініне қарап, тарихи оқиғаларды болжай білген Тұңғыш Президенттің қырағылығына таң қаласың. Бес жыл бұрын Елбасымыз жаһандық сын-қатерді еңсеру бойынша жалпыға ортақ жоспар әзірлеуді ұсынса, биыл әлемді шарпыған індет бұл мәселені тағы да көтеріп отыр. Күллі адамзатты алдағы уақытта қандай сынақтардың күтіп тұрғаны белгісіз. Сондықтан мұндай жоспарды қабылдап, іске асыру жер-жаһан дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ, – деді ол.

Отырыс барысында Ғылыми кеңестің құрметті төрағасы және құрметті мүшесі атақтарының куәлігін табыстау рәсімі өтті.

Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің құрметті төрағасы және құрметті мүшесі атағы елдің дамуына сүбелі үлес қосып, Елбасы кітапханасының беделін нығайтуға ықпал еткен тұлғаларға; Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің серіктестері мен үзеңгілестеріне және Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен стратегиялық бастамаларын ілгерілетуге үлес қосқан азаматтарға сіңірген еңбегіне алғыс пен құрмет белгісі ретінде тапсырылды.

Ғылыми кеңестің шешімімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Қасымбеков Құрметті төраға болып сайланды. Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің құрметті мүшелері болып Қуаныш Сұлтанов, Игорь Рогов, Ғарифолла Есім, Төлеутай Сүлейменов, Ерсұлтан Бектұрғанов сайланды.

Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің құрметті мүшелері Кітапхана басшылығына ризашылығын білдіріп, өзекті мәселелерді күш жұмыла шешуге мақсат қойды.

Шара соңында меймандар Тұңғыш Президенттің музей кешенін аралап, ғимараттың сәулеті мен жәдігерлермен танысты.

Назарымызға ұсынылған тың жәдігерлер – ұлттымыздың мәдени мұрасы, халқымыздың рухани қазынасы. Ел тарихы шоғырланған бұл жерден білім нәрімен сусындап, тәуелсіз мемлекетіміздің қалай құрылғанын білуге болады. Музейде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан еңбегі көпшілік назарына заманауи технологиялардың көмегімен ұсынылған. Елбасының мұрасын елімізде де, халықаралық деңгейде де ілгерілету мақсатында ойластырылған жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деп жылы лебізін білдірді Қуаныш Сұлтанов.

Басқа материалдар

Back to top button