Жаңалық

Дәстүрлі музыкалық мұралар сайты ашылды

«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» – Маңғыстау өңіріне тән дәстүрлі музыкалық мұралардың сайты.

Бұл мұралар – арнайы әзірленген музыкалық антология немесе музыкалық жинақ материалдары емес, ескінің емескі үні, көне күннің көкірек күмбірі – ел арасынан жиналған дала фольклоры. Сол себепті, өзіне тән қырыл-сырылы, қосарланған қошаметшіл дауыстары бар. Дегенмен, бұндай олқылықтар тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жүректерін бағзының ыңымен тербетулеріне кедергі болмас деген ойдамыз. Жоба «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылды.

Сайттың ресми сілтемесі: http://maqamsaz.kz/

Сайт репертуарына 180 шығарма енген. Репертуардағы шығармалардың саны 200-ге дейін жеткізіліп, жыл сайын толықтырылып отырады. Бұл сайттың бір ерекшелігі – шығармалардың авторы, орындаушылары туралы толық мәлімет беріледі. Сондай-ақ әр туындының жарыққа шыққан тарихы мен нотасы орналастырылған. Туындыларды ән, күй, жыр-терме және жыр күйі деп аталатын төрт бөлімнен көруге болады.

Қызығушылар Маңғыстау әуендерін тыңдап та, нота арқылы да үйрене алады.  Мобильді қосымшасы да бар. Жалпы, елімізде дәстүрлі музыкаға арналған ортақ сайттар бар екені белгілі, бұл – жеке өңірдің музыкалық мектебіне арналған алғашқы сайт.

«Бұны дала фольклорының депозитарийі, каталогы деп атауға да болады. Қазір осы жұмыстардың қорытындысы ретінде, Маңғыстау жыршылық орындаушылық үлгісінің әдістемелік құралын жазуды бастадық. Әзір болғаннан кейін, жыр мектебін ашып, әдістеме бойынша шәкірт тәрбиелейтін ойымыз бар», – дейді жобаны іске асырушылар.

Басқа материалдар

Back to top button