Жаңалық

Долананың пайдасы мен зияны

ruh.kz

Долананың пайдасы мен зияны


«Туған жер» айдарының кезекті тақырыбын долана өсімдігіне арнадық. «Долана» ағашы туралы не білесіз, ол адам ағзасына қаншалықты пайдалы, зиянды тұстары қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын төменнен таба аласыз.

Долана қандай өсімдік?

Долана – раушангүлділер тұқымдасына жататын дәрілік өсімдік. Өсуі жай, бұтасы ұзын, төзімді ағаштың биіктігі 2-8 метрге дейін жетеді. Жемістері дөңгелек пішіндес немесе аса ұзын емес болып келеді. Долананың барлық сұрыптары көктем мезгілінде гүл ашады. Мамыр айының соңында гүлдері шығып бастап, маусым айының ортасына қарай гүлдеп бітеді. Гүлдегенде ақ, қызыл, қызғылт түстер береді. Ал қыркүйек айында жеміс бере бастайды. Піскен жидектің түсі қызыл, кейде қызғылт сары болады.

Шипалы дәруменге бай өсімдік көбіне таулы аймақтарда өседі. Атап айтсақ, Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан территориясының аралығында, Алтай мен Тарбағай аймағында көптеп кездеседі. Үй жағдайында, қарапайым бақшада да өсе береді. Сықырлаған аяз бен шыжыған ыстыққа шыдамды, бастысы – ашық күн астында тұруына мүміндік берсе болғаны. Сондай-ақ долананың жемісі қыста ағаш басында тұра береді. Әлемде оның 50-ге жуық түрі бар. Қазақстанда 10-ға тарта түрі өседі.

Доланың қасиеті жайлы не білеміз?

Долана жабайы өсімдік болғанымен, жемісі мен гүлін (піскен және кептірілген жемісі) дәрілік мақсатта қолданады. Хош иісті өсімдік көптеген дәрумендер мен химиялық элементтерге бай. Құрамында алкоидттер мен эфир майы, шайырлы заттар мен майлар, илік заттар бар. Зерттеулерге сәйкес, оның құрамындағы каротин сәбіздің құрамындағы каротиннен де көп көрінеді. Доланадан жасалған шайды жүрек қан тамырлары ауруының алдын алу үшін ішеді.

Сонымен қатар долананың экологияға қарсы күресе алатын қасиеті бар. Ол шаң мен газға өте төзімді. Долана бір жағынан сәндік ағаш саналады. Сондықтан бағбандар оны аулаға, орталық алаңдарға көп өсіреді.

Долана калориясы төмен өсімдіктің қатарына кіреді. Ағзаның дәрумендер мен минералдарға деген 1 тәуліктік қажеттілігін қанағаттандыру үшін 1 сатақанын қолдану жеткілікті.

Құрамында қандай дәрумендер мен микроэлементтердің биологиялық белсенді компоненттері бар:

1. «С» дәрумені;

2. «Р» дәрумені;

3. «А» дәрумені;

4. «Е» дәрумені;

5. Фруктоза;

6. Пектин;

7. Кумарин және оксикоумарин;

8. Сорбитол;

9. Маль қышқылы;

10. Урсол қышқылы;

11. Тририен қышқылдары;

12. Бояғыштар мен таниндер;

13. Микроэлементтер: мыс, калий, мырыш, марганец, хром, молибден, темір, бор, селен.

Қандай ауру-сырқауларға ем?

1. Орталық жүйке жүйсін тыныштандырады;

2. Жүрек бұлшық еттеріне күш береді;

3. Жүректің қан айналымына пайдалы;

4. Жүрек пен миды оттегімен қамтамасыз етеді;

5. Мидың қан айналымын жақсартады;

6. Ұйқысыздықтың алдын алуға, ұйқыны қалыпқа келтіруге қолданады;

7. Иммунитетті нығайтады;

8. Тері ауруларына ем;

9. Физикалық төзімділік пен ақыл-ой белсенділігін арттырады;

10. Холестериннің сандық мөлшерін қалыпқа келтіреді.

Кері әсерлері:

1. Дәрігердің кеңесіне жүгінбей пайдалансаңыз, ағзаңызға зиянын тигізуі мүмкін;

2. Ұзақ уақыт тұтынудың соңы жүрек, ішек қызметінің нашарлауына апаруы ықтимал;

3. Қан қысымын төмендетеді. Сол себепті қан қысымы төмен адамдарға қолдануға кеңес берілмейді;

4. Бүйрек қызметі нашар адамдар қолданбағы дұрыс;

5. Аяғы ауыр немесе емізулі баласы барларға өсімдікті қолдануға мүлдем болмайды;

6. Мөлшерден тыс қолдансаңыз, асқазаныңыз жапа шегуі мүмкін.

Ұзын сөздің қысқасы.

Долана – пайдалы әрі зиянды жеміс ағашы. Құрамындағы витаминдер мен микроэлементтердің ағзаңызға барғанын қаласаңыз, белгіленген дозасымен қолданғаныңыз абзал. Ағзаңызға қажетті күнделікті мөлшерін білу үшін дәрігерге барғаныңыз жөн. Ақхалаттылар организміңіз долананы қаншалықты талап ететінін анықтап береді. «Денсаулық – зор байлық» екенін ұмытпағайсыз!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button