Жаңалық

Мақсот Омарғалиев деген кім?

1986 жылы сахналданған «Қош келдің, Наурыз мейрамы!» атты қойылымның авторы Мақсот Константинұлы Омарғалиевтің туғанына 75 жыл.

Батыс Қазақстан облысының нар тұлғаларының бірі, мәдениет жанашыры, ширек ғасырдан астам осы салада басшылық қызмет атқарған, ҚР еңбегі сіңірген қайраткер Мақсот Константинұлы Омарғалиевтің есімін үлкен құрметпен атауға болдаы.

Мақсот Константинұлы 1973 жылы Құрманғазы атындағы музыкалық училищесінің әнші-вокалдық факультетін бітіріп, қазіргі Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияда өз мамандығы бойынша артистік қызметке тағайындалды. Мақпал дауысты (баритон) жас әнші 11 жыл бойы облысымыздың музыкалық өнерін дамытуда елді-мекендерді гастрольдік сапармен аралады. Жас әншінің өнерге қабілеттілігі, адамдармен тіл тапқыштығы, әнші бойындағы ұйымдастыру қабілетінің арқасында, ол облыстық филармония директорының орынбасары қызметіне көтерілді.

Іскерлік қабілетінің арқасында 1984-1988 жылы Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру ғылыми-методикалық орталығының директоры етіп тағайындалды.

Осы жылдардан бастап Мақсот Константинұлының шығармашылық еңбек жолы басталды. Ол ұйымдастырған І, ІІ Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалі және республикалық Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мұхит атындағы шығармашылық байқаулар өзі жоспарланған идеясымен мамандарға бағыт бере отырып, халықтық өнерді дамытуда үлкен үлес қосты. Жаңадан құрылған Халық шығармашылығы орталығының сан-салалы жанрдағы қызметін атқаруда үлкен іскерлік көрсете білді.

1988 жылы Мақсот Константинұлы Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры болып қайтадан өзі өскен кәсіби ұжымға оралды. 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Мәдениет саласына қатысты көптеген лауазымды қызмет атқарған Мақсот Константинұлының бойындағы ешкімге бергісіз қасиеттерінің бірі – оның көпшілікке арналған театрландырылған қойылымдары, режиссерлік қабілеті. Оның алғашқы режиссерлық-шығармашылық жұмысы 1986 жылы «Қош келдің, Наурыз мейрамы!» атты облыс көлемінде өткен тұңғыш тырнақалды қойылымы жоғары бағаланды. «Наурыз-1986» театрландырылған көріністің бас режиссері болуы, басшының екінші шығармашылық қырын ашты.

Көпұлтты Орал өңірінде тұратын халықтардың мәдениеті мен өнерін сақтауда да М.К. Омарғалиев аянбай қызмет етті.     М.К. Омарғалиевтың облыс мәдениетін басқарудағы өтпелі кезеңде ол аудан, облыс көлеміндегі мәдениет ошақтарын түгелдей сақтап қалды.

М.К. Омарғалиев ұйымдастырушы, басшы ғана емес, нағыз шығармашылық адамы. Ол әнші-музыкант, актер, сахналық қойылымдарды, қай тілде болса да, білікті түрде қоя білетін режиссер. Бір сөзбен айтқанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» шығармашылық адамы. Ол осынау саналы өмірін облысымыздың ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, музыка өнерін насихаттап, дамытуға жұмсады.

М.К. Омарғалиевтың осынау қыруар еңбегі республикалық, облыстық мақтау грамоталары мен дипломдарымен марапатталды.

Өнер иесі Мақсот Омарғалиев 2000 жылы «Мәдениет қайраткері» атағын, 2009 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды.

Кәсіби музыкант, білікті ұйымдасырушы, білімді сценарист, шебер режиссер Мақсот Константинұлы 2008 жылы зейнеткерлік жасқа жетсе де, өнердің қара шаңырағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқара жүріп, өмірінің соңына дейін Батыс Қазақстан облысының мәдени іс-шараларының басы-қасында болды, жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асырды, оларды көркемдеп сахналады, танылмаған таланттарды елге танытып, оларды үлкен кәсіби сахналарға тәрбиеледі.

М. Константинұлы 2017 жылдың 21 сәуір күні дүниеден озды.

Алайда, өмір бойы мемлекеттік жұмыста болып, халыққа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсете білген оның Ақжайық өңірі тарихындағы өзіндік орны ұмытылмақ емес.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button