Жаңалық

«Қазақтар мен корейлер – тарихи ағайын халық»

«Алыстағы ағайын» жобасының кезекті саны Оңтүстік Корея мемлекетінің Сеул қаласы туралы болмақ. Корей халқы туралы көрген-білгенімен бөліскен спикеріміз – «Әлеуметтану» мамандығының магистранты Гүлжан  Қабышева. 

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Гүлжан ханым! Хәліңіз қалай? Өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қазақстанның қай аймағында туылдыңыз? Мамандығыңыз қандай? Кореяға білім қуып бардыңыз ба, әлде көшіп кеттіңіз бе? Онда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды және Қазақстанға қашан оралмақ ниеттесіз?

Гүлжан  Қабышева: Сәлеметсіз бе! Мен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Елтай ауылында дүниеге келдім. 4 жасымда отбасымызбен Алматы қаласына көшіп келдік. Бакалаврды Алматы қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де (қазіргі Нархоз) оқыдым. Кореяға білім алуға келдім. Алғашқы бір жылды тіл үйренуге арнап, кейін магистратураға түстім. Мұнда келгеніме биыл 3-жыл болды. 2-3 жылдай тәжірибе жинақтаған соң, Қазақстанға оралып, елге қызмет етемін деген жоспарым бар.

Ruh.kz: Оңтүстік Корея мемлекеті экономикасы бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Туристердің көзіне алдымен не түседі? Экономика саласы жағынан, дамудың қай түрін бірінші ұнаттыңыз, не болмаса ондағы өзгеше дамып кеткен дүниелер қандай?

Гүлжан  Қабышева: Иә, өзіңіз айтып өткендей, Оңтүстік Корея әлемдегі ең дамыған елдердің ондығына кіреді. Алғаш келген шетел азаматының көзіне ең бірінші түсетіні – әлеуметтік инфрақұрылым деп ойлаймын. Кореяның жері қатты үлкен емес, алайда тұрғындары өте көп. Тас жолдары жақсы төселген. Әр ықшам аудандарда 24 сағат бойы шағын маркеттер жұмыс істеп тұрады. Бастысы – қауіпсіздік жақсы сақталады. Барлық жерде бейнекамералар орнатылған. Кез келген адам түңгі сағат 12-де ешқандай қауіп-қатерсіз, қалада еркін серуендей алады.

Шетел азаматтарын туристік мақсатта шақыру аясында көптеген бағдарламалар қарастырылған. Оның үстіне Q-pop музыка жанры Кореядағы туризм саласының дамуына зор үлесін қосуда. Q-pop пен әртүрлі дорама арқылы Корея туралы біліп, көргісі келетіндер мен осында білім алуды армандайтын адамдар сан алуан. Ол бірінші орында деп ойлаймын. Сондай-ақ, экономикасы бойынша, Корея мемлекеті дамыған Азия елдерінің ішінде қыдыруға арзан және тамағы да дәмді ел болып табылады. Осы себептен адамдардың көбіне бұл жақтың туризм саласы ұнап, көп келеді.

Ruh.kz: Білім форматындағы айырмашылықтарын айтсаңыз. ЖОО-дарындағы оқу бағдарламасы қалай құрылған, мектепте бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінеді және осыған қатысты қандай да бір сабақтар енгізілген бе?

Гүлжан  Қабышева: Корей халқы өте еңбекқор және ақылды халық. Мұнда балаға кішкентай кезінен бастап әлеуметтік құқығын үйрететін әртүрлі бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, ата-ана балабақшадағы баласын ертіп, полиция учаскесіне апарады. Тек полиция учаскесі емес, көптеген жерлерді көрсетеді. Яғни осындай орындарды кішкентайынан көріп өскен бала есейгенде қандай мамандықты таңдаймын деп ойланбайды.

Мектеп кезінде де бастауыш, орта және үлкен сыныптағы оқушылар жеке-жеке оқиды. Білімге деген көзқарастары сан алуан. Бәсекелестік жоғары деңгейде. Ал студенттенттік шақта әрбір білім алушы сабақты өзі таңдай алады. Университетте магистратура, докторантурада оқитын 50-60-тан асқан аға-апаларды жиі кездестіруге болады. Дипломға ерекше көңіл бөледі. Қазақстандағы ЖОО-дарында жасы үлкендер көп кездесе бермейді.

Әрине, ана тілің емес, корей немесе ағылшын тілінде оқығандықтан, корейлерге қарағанда 2-4 есе көп уақыт бөліп, тырысуың қажет. Олармен бәселестік жасау арқылы көп дүниені білуге болады.

Ruh.kz: Кез келген елдің, кез келген этнос өкілдерінің өзіндік ерекшеліктері болары һақ. Оңтүстік Кореяның мәдениеті, менталитетіне тоқталсақ. Бастапқыда үйренісу қиынға соқпады ма? Алдын ала берілген мәліметте, «Қазақстанмен ұқсастығы көп» дедіңіз. Жалпы корейліктер қандай халық?

Гүлжан  Қабышева: Кореяға алғаш келген күннен бастап алдымнан тек жақсы адамдар жолықты. Сол себепті бұл елге үйренісу аса қиынға соқпады. Оның үстіне корей халқы мен қазақтардың мәдениеті жағынан ұқсастықтары өте көп. Мысалы, қазақ халқы баласы 1 жасқа толса да, үлкен той жасайды. Кореяда да солай. Сондай-ақ үлкендерге сыпайылық танытып, құрмет көрсетуден, олардың алдында дауыс көтермей сөйлеу жағынан да ұқсастықтары бар.

Университеттегі профессорлар Орталық Азия елдеріне көп барады. Біздің профессорымыз Қазақстанға барып көрді. Қазақстанға қатысты әңгіме айтқан уақытта ол әрқашан: «Біз алтайтілдес елдердің ұрпақтарымыз. Тарихқа үңілсек, екі ел туыс болып келеді. Екі халықтың түрінде де ұқсастық бар», – дейді. Шынында да солай, басында корей әйелдері қасымнан өткенде «қазақ емес пе?» деп шатастырған сәттерім де болды.

Корей халқы дегенде ең алдымен көзге түсетіні – сыпайылық пен үлкендерге деген құрметі. Халқы өте қарапайым. Сұрақ қойсаң, жауап беріп, көмектескісі келіп тұрады. Туристерді өзіне жақын тартады. Үлкен адамдарға үңіліп қарауға болмайды деп санайды. Сырттан келгендер үшін қызық болып көрінетін тағы бір ерекшелігі – сәлемдесуі. Корейліктер басын 45 градусқа изеп амандасады.

Үлкендері салт-дәстүрді әлі күнге дейін жақсы ұстанады. Жастар жағы көбіне Америкаға еліктейді. Шетелде оқып, тұрып келген корей жастары өте көп. Сондықтан да жастарды салт-дәстүрге қатты қарайды деп айта алмаймын. Қыркүйек айында «Чхусок» деп аталатын корей халқының ең үлкен мейрамы өтті. Бұл – Кореядағы ең көп демалыс берілетін мереке. Ол кезде барлық корейлер үйіне барып, ата-бабаларына құрмет көрсетеді. Сонымен қатар әртүрлі тамақтар әзірлеп, зират басына барады.

Ruh.kz: Коронавирус індетінің алғашқы толқыны Оңтүстік Кореяға қатты әсерін тигізгені дүйім жұртқа аян. Қазіргі ахуал қалай?

Гүлжан  Қабышева: Алғашқы толқынында, расымен, өте қиын болды. Тіпті маска жетіспей, халық дәріханалардың алдында кезекте тұрды. Дегенмен Корея медицинасы бойынша жоғары дамыған, адамдары қатты дүрбелеңге салынбайтын ел. Қоғамдық орындарда масканы үнемі тағып, гигиеналық заттарды әрқашан қолдарынан тастамай, тәртіпті жақсы сақтады. Сол себепті корей халқы індеттің бірінші толқынын оңай өткерді. Жақында коронавирустың екінші толқыны болды. Екінші ағысы біріншісінен де тез өтті. Біз сыртқа көп шыға бермейміз. Университеттен де: «Ешқайда бармаңдар» деген секілді хабарламалар жиі келеді. Басында корей халқы коронавирусқа көп сенбей, сынап жүрді. Алайда пандемияны жеңіл өткергеннен кейін халық ел саясаты мен медицинасына деген көзқарасын өзгерте бастады.

Ruh.kz: Басқа алып-қосарыңыз, туған жеріңізге деген айтарыңыз болса, мархабат!

Гүлжан  Қабышева: Туған жерім, елім – Қазақстанға үлкен сәлем жолдағым келеді. Білім, еңбекқорлық өте маңызды. Осында алған білімім мен көрген тәжірибемді елге оралған соң бөліскім келеді. Сондай-ақ жастардың шетелде шығуына мүмкіндік беретін бағдарламалар көбейсе екен деген ниет-тілегім бар. Қазір бүкіл әлем коронавирус індетімен күресуде. Оңай емес. Барлық халық денсаулығына сақтықпен қарап, аман-есен болса екен деймін!

Ruh.kz: Гүлжан ханым, портал ұжымының атынан сұқбаттасқаныңызға көп рақмет айтамыз! Сәттілік серігіңіз болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button