Жаңалық

Атақты «Қазақ әлемі» еңбегінде не жазылған?

«Үздік Әдебиет» республикалық кітап жобасының үшінші шығарылымын Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» бөлімі жалғастырды.

Тікелей эфир белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» (1997) кітабын талқылауға арналды.

Жобалық кеңсе мамандары, ОҚМПУ ұстаздары, студент, белсенді жастардың басын қосқан жиын алдымен автордың өмір тарихынан бастау алып, этномәдени пайымдау кітабының жеке тарауларына тоқталып, жастардың ой түюімен жалғасты.

Ақселеу Сейдімбектің 1997 жылы «Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау» атты толымды еңбегі жарық көрді. Бұл кітаптың толыққан нұсқасы орыс тіліне аударылып «Мир казахов. Этнокультурологическое переосмысление» деген атпен 2001 жылы жарыққа шықты. Оқырман кауымның ынта-ықыласына ие болған бұл басылымдарда автор казақтың төл тарихына, дәстүрлі мәдениетіне, фольклоры мен этнографиясына қатысты мейлінше мол деректер келтіре отырып, ғылыми қисындары орнықты тың ой- тұжырымдарын азат рухпен ортаға салған.

Автор кітапта қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, фольклоры мен этнографиясына қатысты соны пайымдаулар жасаған.

Жас, ізденімпаз филолог Нұрлан Нұргерім: «Ұлы дала» тарауында автор еліміздің табиғи-географиялық бітім болмысы алуан түрлі қасиеттерімен қайран қалдырады деп ұрпақ санасына туған жердің қайталанбас образын орнықтырады», – дейді.

Табиғи бітімі ерекше орындарды қорғау, сол орындардың байырғы атауларын сақтау мәселесі, түптеп келгенде, белгілі бір ұлттық немесе мемлекеттік деңгейдегі міндет қана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарға ұласып жатқан жауапкершілік деп түсіну керек екенін, қазіргі экологиялық мәселелердің өзектілігіне аса мән беру керек екенін жеткізді.

Ал жас студент Ерубай Арайлым кітаптағы «Сұлулық туралы сыр» тарауы жайлы өз пайымдауын айтса, Нұрила Кенжебек «Өткеннің бәрі өмірбаян» атты тарауына тарихи шолу жасады. Қорытындысында «Рухани Жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зауре Оралбаева Ақселеу Сейдімбектің этномәдени пайымдау кітабы Рухани Жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен бағыт-бағдар беретінін тілге тиек етті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button