Жаңалық

Австралия құрлық па, арал ма?

Географтардың Австралия туралы пікірталастары әлі күнге толастар емес. Дүниежүзіндегі ең кішкентай құрлық па, әлде ең үлкен арал ма?

Ғалымдар Австралияға Тасмания, Жаңа Зеландия, кейде Жаңа Гвинеяны қосақтап, «Австралазияны» әлемнің жеке бір аймағы деп қарастырады. Австралияны орталығына алған жартышарға қарасаңыз, үлкен теңіз арасындағы жалғыз арал секілді. Осы жартышардың солтүстік-батыс тұсын назарға алсақ, бұл жерді архипелагтағы Жаңа Зеландиядан Филиппинге дейін созылып жатқан ең үлкен арал деп қабылдай аламыз. Австралияның солтүстік жағалауын Индонезия аралынан қысқа ғана теңіз өткелі бөліп жатыр. Ал «төмен жақтағы өңірге» қарай жылжыған алғашқы адамдар, сірә, 60 мың жыл бұрын, солтүстікке қысқа сапардан соң ол жаққа шағын қайықтармен-ақ жетіп алса керек.

Австралия, сөзсіз, ең біртекті құрлық. Оған терең жағалық ойыстар немесе кез келген ішкі көлдер әлде теңіздер жетіспейді.

Құрлықтар ішіндегі ең жалпағы да – осы. Афроеуразия секілді, мұның да таулы аймақтары бар. Үлкен Суайрық жотасы құрлықта Шығыс жағалаумен қатарласа созылып жатыр. Десек те, бұл орманды жоталардың біразы ғана 500 футтан асатындықтан, адамдар қарым-қатынасына кедергі келтірген емес.

Тынық мұхит жаңбырын жаудыратын ішкі жоталардан көтерілер өкпек желдің (пассат) арқасында Үлкен Суайрық жотасы мен Оңтүстік Тынық мұхит арасындағы шығыс жағалау жазықтығында су қоры жеткілікті. Таудың батыс жағында халық сирек қоныстанған ішкі аймақ – Үнді мұхитына қарай 4000 мильге созылған, әрдайым құрғақ елді мекен жатыр. Австралияның Ұлы Арид зонасы секілді аймағы – шөлді сахара мен жал-жал құмнан тұратын ауқымды дала құрлықтың үштен бірін алып жатыр. Тек қана шығыс жағалау, қиыр солтүстік, оңтүстік жағалаудың біраз бөлігінде ғана 20 дюймнен жоғары маусымдық жауын-шашын түседі. Афроеура Зиямен салыстырғанда, Австралияда құрлықішілік байланысқа жарамды өзендер тапшы. Жарамдысы – жалғыз ғана Муррей өзені. Ол Оңтүстік-Шығыстағы Қарлы таулардан (Snowy Mountains) басталып, Үнді мұхитына құяды.

Австралияның өсімдіктер мен жануарлар әлемі (евкалипт ағашы, кенгуру, үйректұмсық) құрлық бір кезде биологиялық байланыста болған Гондваналандия суперконтинентінен физикалық бөлінісінің эволюциялық салдары деуге болады. Шамамен 200 миллион жыл бұрын бүгінгі Австралия, Антарктида, Африка және Үндістан жерлері бөлінді. Африка мен Үндістан Еуразияға айналған құрлыққа қарай жылжыды, алайда Австралия едәуір алысқа кетті. Одан әрі, Гондваналандиядан қалған өсімдіктер мен жануарлар қоры өз бетінше дами берді. Кейінгі геологиялық дәуірлерде Австралия қазіргі индонезиялық архипелагпен, жануарлар және өсімдіктер дүниесімен алмасты.

Бұл қарым-қатынастар ішінде адамдардың ертедегi Австралияны игеруін де мысалға ала аламыз. Соңғы 60 мың жыл бойы құрлықтың Афроеуразиядағы халық санымен салыстырғанда аз әрі бытыраңқы қоныстанған байырғы қоғам көрші Оңтүстік-Шығыс Азия халқынан да оқшау өмір сүрді. Жаңа отарлаушылар құрлыққа екі ғасырдан сәл-ақ уақыт бұрын келді. 1788 жылы ағылшын тілді еуропалықтар біршама ылғалды шығыс жағалауға орнығу үшін кемелерімен жүзіп жетті. Сол кезден бері жергілікті халық, өздері қаласын-қаламасын, тығыз қарым-қатынас орнатты.

«Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап»,

(«100 жаңа оқулық» жобасы асында аударылған кітап)

Росс Е. Данн, Лора Дж. Митчелл

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button