Жаңалық

Құнды кітап жарық көрді

Павлодар ауданының «Игілік – Рухани жаңғыру» қайырымдылық қорының төрағасы, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Бақытбек Баткеев және өңірімізге танымал тарихшы, академик Хабзат Баужановтың бірлесе әзірлеген құнды дүниесі – «Жақсылар халқымыздың кемесі еді…» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Аталмыш туындыда Павлодар ауданы аумағында XVIII-XX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар – батырлар, билер, молдалар, емшілер жайлы зерттелген, зерделенген деректер жинақталған.

«Кітапқа барлығы 24 тұлғаның өмірдерегі енген. Деректерді жинауға 2-3 жыл уақыт жұмсалды. Ғылыми экспедицияға да шығып, тыңғылықты жұмыстар атқарылғанның нәтижесі бұл еңбек. Мақсат – ата-баба өмірін үлгі етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу», – дейді Бақытбек Тілеубайұлы.

Шараға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ бейнеконференция арқылы республикаға танымал ғалымдар қатысты.

Игі шараға жиналғандардың барлығы да кітаптың құндылығына тоқталып, ақжарма тілектерін жеткізді. Бақытбек Тілеубайұлының айтуынша, бұл алғашқы қарлығаш, алда әлі ауданымыздан шыққан талай тұлғалардың өмір жолы зерттеліп, кітап болып басылып шықпақ.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button