Жаңалық

Реалити шоу: Түркістандық жастар алма теріп, қой қырқып жарысты

Түркістандық жастар екі күндерін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. «Ауылдағы бір күнім» телевизиялық реалити-шоуы аясында белсенді де, өнерлі волонтерлер «Мал мен егін – көл-көсір өнім» сайысына қатысты.

Бұл жобаға 16 аудан-қаладан екі жастан қатысып, олар жеребе бойынша төрт командаға бөлінді. Сайыстың алғашқы күні Қазығұрт ауданындағы бақтан алма теріп, жігіттер қой қырықты. Сауран ауылдық округінде картоп қазып, оны жинап жарысты. Әрі қарай мақта теріп, жалпы салмағы назарға алынды. Екі күн бойы ауыр да әрі қызықты жұмыстар бойынша сайысқа түскен жас волонтерлер жарыс соңында интеллектуалдылық жағынан сынға түсті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдары бойынша білімдерін байқатты.

«Бұл – жастарды еңбекке баулуға арналған жақсы жоба. Ата кәсіптің жандануы мен ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды ендіру – ендігі жастардың еншісінде. Қазақстан келешекте әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің табиғи ресурстарына сай, лайық орын алады деп сенеміз. Осы мақсатта жастар да өз үлестерін қосады деген үміттеміз» -, деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртай.

Жастар екі күн бойы нағыз ауыл өмірін сезініп, өздерінің еңбекке қабілеттіліктерін дәлелдеді. Нәтижесінде бас жүлде «Тұран» тобына бұйырды. Жеңімпаз жастарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Басқа материалдар

Back to top button