Жаңалық

«Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасының талқылауы өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасының сараптамалық талқылауы өтті.

«Рухани жағыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Ұлттық баяндама шеңберінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында жастар саясатын одан әрі жетілдіруде кәсіби баға алу үшін қоғамдық сарапшылармен «Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасының жобасы бойынша қоғамдық талқылау өткізді.

Баспасөз конференциясына «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқармасының Төрағасы Данияр Нұрашұлы Есин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Баймолдинов, PhD докторы, сарапшы Мәди Шәкенов, PhD докторы, сарапшы Жақсылық Сәбитов, PhD докторы, сарапшы Ринат Салықжанов және т.б. қатысты.

Данияр Нұрашұлы Есин, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқармасының Төрағасы:

«Жастар арасындағы өзекті процестерді болжау, мемлекеттік жастар саясатын қазіргі заман саясатына бейімдеу және жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық процестеріне қатысуын арттыру мәселеріне талдау жасау маңызды.

Бұл жастар өмірінің негізгі бағыттары мен жағдайын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Баяндама мәтінінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өткізген жаппай социологиялық зерттеулерінің нәтижелері пайдаланылды».

Сондай-ақ Басқарма Төрағасы осы мақсатта жыл сайынғы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы дайындалып, есеп бойынша қатарынан сегізінші рет жүргізілгенін және сегіз жылдық кезең ішінде жыл сайынғы баяндамада қазақстандық жастарды дамытудың түрлі өзекті мәселелері қамтылғанын айтты.

Модератор аталған жоба енді ғана басталғанын және әлі пысықталатынын, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бар екендігін айтып, жастар арасындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Сонымен қатар қатысушылар аталмыш тақырып аясында ұсыныстарын жеткізді.

Ұлттық баяндама ағымдағы жылдың желтоқсан айында жарияланады деп күтілуде. 2013-2019 жылдар аралығындағы ұлттық баяндамаларды eljastary.kz «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ресми интернет-ресурсынан көруге болады.

Айта кетейік, Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен дайындалатын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының негізгі құжаты болып табылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button