Жаңалық

«Құрсақ шашу» қандай дәстүр?

Қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан дәстүрінің бірі – «құрсақ шашу» тойы.

Аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру. Енесі  келіннің аяғы  ауыр екенін сезе салысымен, қуанып ауыл əйелдері арасында «құрсақ шашу» тойын өткізетін.

Бүгін Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Құрсақ шашу» тағылымдық шарасы өтті. Шараның мақсаты – ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі «Құрсақ шашу» дәстүрін қазіргі қоғамға кеңінен насихаттау.

Құрсақ шашу кішігірім той-думан ретінде әйелдер арасында атап өтіледі. Дәстүрдің жалпы сипаты: қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне баса назар аудару, көз тиюден, шошынудан сақтау.

Аулада киіз үй құрылған. Есік алдында келіндер бауырсақ пісіріп, табаға нан жауып, күбімен май пісіп, самаурында шәй қайнатуда. Үйдің ауласында бір топ балалар асық ойнап, жастар жағы алтыбақан тебуде.

Көрініс осылай басталды. Онан соң, «Келінді атамыздың аруағы қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңылды. Осы «керегеге орамал таңу» ырымнан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл білетін болған. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушылар қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай балалары алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Өйткені, жүкті әйел кез келген дыбыстан, басқа бір тосын әрекеттерден тез шошынғыш келетіні анық.

Жаңалықты естіп, құрсақ шашуға келдік деп әйелдер жамырасып қоржындарына келіннің сүйген асын салып, ізгі тілектерін ұсынды. Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп – келіннің жерік асын табу екен.

Келінінің жерік асын табу да ененің басты міндеттерінің біріне жатады. Құрсақ шашу дастарханына келген қонақтарды шығарып салып, Ергенекке ақтық байлау салты жасалатын болған, оның мәні: үйге мал не ит кіріп кетпеуі үшін, келіннің шошынып қалмауы үшін жасалатын ырым.

Ергенек – киіз үй есігінің алдына қойылатын тосқауыл есік бастырғыш. Тойда ауылдың алты ауызы айтылып, әжелер ақ батасын беріп, жастар жағы алтыбақан теуіп, ән шырқап тарқасты.

Тағылымды кешке әлеуметтік желі қолданушылары мен орталыққа келген шетел қонақтары куә болды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button