Жаңалық

Маркетинг, интернет және цифр дәуірі

Бүгінде дүниежүзіндегі бизнестің көбі адамдар мен компанияларды байланыстыратын цифрлық желілер арқылы жүргізілуде.

Қазіргі таңда адамдар акпаратты, бренд туралы мәліметті цифрлық құрал арқылы алып, сондай-ақ кез келген жерден кез келген уақытта бір-бірімен байланысқа шығып жатыр. «Заттар интернеті» (Internet of Things) дәуірінде кім болса да, қай жерде жүрсе де бір-бірімен цифрлық құрылғы арқылы байланысқа шығатын сияқты көрінеді. Цифр дәуірі тұтынушы санасындағы ыңғайлылық, жылдамдық, баға, өнім туралы ақпарат, қызмет көрсету, брендлен әрекеттесу түсінігін түбегейлі өзгерткен. Нәтижесінде маркетологтар тұтынушы үшін қүндылық қалыптастыру, тұтынушыны тарту және онымен қарым-қатынас орнатудың мүлдем жаңа тәсілдеріне қол жеткізді.

Цифрлық құрылғылар мен оларды қолдану қарқынды дамып келеді. АҚШ-тағы ересек адамдардың 87%-ынан астамы интернетті пайдаланады. Ал ондағы интернет қолданушылар орта есеппен күніне алты сағатын цифрлық медианы, оның ішінде мобайл құрылғыны қолданумен өткізеді екен. Ал әлем халқының 46%-ынан астамы интернетке қол жеткізе алады. Олардың 30%-ы мобайл интернетті пайдаланып отыр, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай екі есе артады деген болжам бар.

Нәтижесінде АҚШ отбасыларының жартысынан астамы қазіргі кезде саудасын тұрақты түрде онлайн жасайды, ал цифрлық сатып алу көлемі екі есе қарқынмен өсуде. АҚШ-тағы онлайн бөлшек сауданың көлемі былтыр 350 млрд $ деп бағаланып, жалпы бөлшек сауданың 7,1%-ын құраған. 2020 жылға қарай тұтынушылардың қолма-қол ақшадан цифрлық саудаға ауысуы арта түсіп, бұл көрсеткіш 520 млрд $ болады (жалпы бөлшек сауданың 8,9%-ы) деген болжам бар. Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ-тағы бөлшек сауданың жартысынан астамы тікелей онлайн немесе интернет ықпалымен жасалады деген мәлімет бар. Қазіргі көп арнаны пайдаланатын тұтынушы онлайн сауда мен дүкенге барып жасаған сауданы араластырған соң, цифрлық арналар арқылы төлем жасау сатып алуда жиілеп келе жатқанын көріп отырмыз.

Дамып келе жатқан нарыққа ілесу үшін бүгінде көп компания онлайн саудаға көшіп жатыр. Кейбір компаниялар операцияларын тек онлайн жүргізеді. Олардың қатарында Amazon, Overstock.com, Expedia.com сияқты интернеттегі іздеу порталдары (Google, Bing, Yahoo!, DuckDuckGo), транзакция сайттары (eBay, Craigslist), контент сайттары (the New York Times, ESPN.com және Encyclopedia Britannica), онлайн əлеуметтік медиа (Facebook, Twitter, YouTube, Instagram және Snapchat) арқылы өнімі мен қызметтерін тікелей түпкілікті тұтынушыларға сататын компаниялар бар.

Бүгінде онлайн коммуникация жасамайтын компания табу қиын. Дәстүрлі тәсілмен жұмыс істеп жүрген компаниялардың өзі де онлайн сауда парақшаларын ашып, онлайн маркетинг пен бренд қауымдастығы арнасын құрды. Дәстүрлі ритейлерлер де саудасының айтарлықтай бөлігін онлайн жүргізуді қолға алды. Мысалы, бүгінде әлемдегі ең үлкен жетінші интернет-дүкен Масу’ѕ табысының 20%-ы онлайн саудадан түсіп отыр. Staples онлайн саудадан табысының 22%-ын, Williams-Sonоmа 50%-дан астамын алады.

Шынында, көпaрналы бөлшек сауда компаниялары табыстылығы жөнінен саудасын тек онлайн жүргізетін бәсекелестерінен кем түспейді. Үй-жайды жақсартуға қажет дүниенің бәрін сататын АҚШ үй жабдықтаушы ритейлері Home Depot компаниясының 2200-ден астам дүкені бар, олардың 182-сі Канадада орналасқан.

Ағаш тақтай мен шегені онлайн сату әлі қиын болса да, Home Depot онлайн саудасы соңғы бес жылда жыл сайын 40% өсіп келеді. Home Depot бүгінде әлемдегі ең үлкен 10 онлайн дүкеннің қатарына кіріп отыр. Онлайн дүкенде 1 миллионнан астам өнім түрі бар. Ал кәдімгі дүкендерінде ең көп деген 40 мың түрін ғана таба аласыз.

Мұндай тәсіл онлайн дүкенмен байланысқа шығу мен тауарды жеткізудің бірнеше жолын ұсынады. Тұтынушы тауарды дүкен сөресінен де, веб-сайт арқылы онлайн середен де сатып ала алады. Онлайн тапсырыс берген өнімді үйге жеткізу қызметі де бар. Бірақ онлайн тапсырыстардың 40%-дан астамын клиенттер езі келіп алып кетеді екен.

Әлемдегі ритейлерлер тұтынушылардың сатып алу тәсілі өзгеріп келе жатқанын мойындап отыр. Австралияның негізгі әмбебап дүкені Myer мен негізгі киім-кешек сататын ритейлерi Sportѕсrаft клиенттеріне дүкенге келіп те, онлайн да сауда жасауға мүмкіндік тудырған, тіпті тауарды үйіне пошта арқылы да жеткізіп бере алады. Бұл екі ритейлер де «батырманы шерт те затыңды ал» опциясын енгізіп, клиент ұнаған тауарына жай ғана клик жасап шертеді де, соңында сол тауар Австралиядағы қай аутлетте бар-жоғын тексере алады. Қажет өнім бар болып шықса, транзакция онлайн аяқталып, тауар клиент келетін уақытқа дайындалады. Тіпті клиенттің үйіне жеткізіп беру мүмкіндігі де бар. Ал өнім жақын жердегі аутлеттерде жоқ болса, оны үйге жеткізіп береді. Австралия тұтынушылары екі негізгі супермаркет Woolwоrth’s пен Coles дүкендерінен де қалаған өніміне клик жасап, онлайн тапсырыс беріп, тіпті әкеліп бергенін күте алады.

«Маркетинг негіздері»,

(«100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітап),

Филип Котлер, Гари Армстронг

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button