Жаңалық

Ертіс-Баян өңірінің киелі нысандары 2 ГИС картасына енгізіледі

Павлодардың киелі нысандары бүкіл әлемге танымал 2 ГИС картасының іздеу жүйесіне енгізіледі. Бүгін «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ мен «2 ГИС-Павлодар» ЖШС өзара меморандум жасасты.

Енді Павлодар тұрғындары мен қонақтары Ертіс-Баян өңірінің киелі нысандарының қатарына кіретін мәдени мұраның тарихи ескерткіштерін оңайлықпен таба алады. Қоғамдық даму институты мұндай шаралар тарихи мұраны дәріптеп қана қоймай, ішкі туризімнің дамуына және өңірімізге келген қонақтарымыз үшін жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.

«Павлодар – 2 ГИС-ке киелі орындарды енгізу жөніндегі меморандумға қатысушы болған кезекті қала. Бұл киелі жерлерге, Қазақстан тарихына және жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына деген қызығушылықты арттырудағы тағы бір қадам екені сөзсіз. Біз тарихи орындарды бүкіл әлемде ілгерілету мақсатында оларды танымал етуге басқа да бірқатар күш-жігер жұмсаймыз», – деді «Рухани жаңғыру Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ орталығының басшысы Жанар Қалиқанқызы.

2 ГИС картасында Павлодар қаласында орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар нысандар енгізіледі. Техникалық мүмкіндіктер туындаған бойда қала сыртында орналасқан барлық киелі нысандар 2 ГИС қосымшасында көрсетілетін болады. Әзірше «2 ГИС-Павлодар» ЖШС мамандары координаттарды нақтылау, фотосуреттер мен сипаттамаларды жинақтау бойынша жұмыстар жүргізуде.

«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ орталығының басшысы Жанар Қалиқанқызы республикалық маңызы бар Сұлтанбет сұлтан үй-жайына, «Туған жер» арнайы жобасы аясында ашылған «Ertis» мультимедиялық музейіне, М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында орналасқан облысымыздың алғашқы «Рухани жаңғыру» кабинетіне барып, аймағымыздың жұмысын ашып көрсететін эксклюзивті ақпараттармен таныс болды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мамандары өздерінің қызметімен және бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Айта кететін жайт, Павлодар облысының жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар қатарына 46 нысан бар, оның 7 республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне енгізілген.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button