Жаңалық

Отырардың ұлы құпиясын білесіз бе?

Қобыз сарынды сары даланың жетінші түйсігі, байрақты жорықтар мен дүбірлі жортуылдар ізі қалған сайын сахараның тарихи жады, Ұлы даланың ұлы құпиясы ұлт тарихына зейін қойған адам үшін мәңгілік тақырыптар.

Уақыт дауылы ұйытқып соққан сайын тарихтың ескі арбасы дөңгелеп өткен күре жолдардың жұмбағы арта бермек. Алайда, боранға бесігін тербетсе де, ерлердің есімін ұмытпайтын қазақтың әлі де айтары бар, абыз даланың түкпір-түкпірінде сахарадағы сақинадай боп жатқан тарихи орындардың да шертер сыры жоқ емес.

«Тарих – ұлы адамдардың биографиясы» дейді әйгілі ағылшын жазушысы Томас Карлейл. Ал, қазақ тарихында үш жүздің басын қосып, елдік пен бірліктің ақ туын желбіреткен Абылай ханның алар орны ерекше екеніне шек келтіре алмаспыз. Алаш баласын аттан түсірмеген Абылай заманы – қатпар-қатпар қазақ тарихының бір парасы. Ұлтымыздан шыққан тұңғыш ғалым Ш.Уәлиханов «Ерлік ғасыры» деп атап кеткен осынау даңқты кезеңнің құмға сіңген керуендей деректерін жаңғыртуда «Абылай ханның қара жолы» тарихи-туристік экспедициясы елеулі үлес қосты.

Көкшетаулық белгілі қайраткер Мұрат қажы Ыдырысұлы жетекшілік еткен бұл экспедиция 2018 жылы Абылай хан 48 жыл орда тіккен Көкшетау тауының етегіндегі «Хан алаңынан» аттанып, еліміздің оңтүстігіне ат басын бұрған еді. Мазмұнды экспедиция нәтижесінде жинақталған тың деректер негізінде Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлының қолдауымен 462 беттен тұратын сүбелі ғылыми жинақ та жарық көріп үлгерді. Қазақ жерінде Абылай хан есімімен тығыз байланысты тарихи орындар аз емес. Сол тарихи орындардың негізінде дүбірлі жорықтардың күре тамыры – «Абылай хан қара жолының» картасы да әзірленді.

Биылғы жылы экспедиция қайтадан атқа қонып, «Абылай ханның қара жолымен» тарихтың беймағлұм деректерін іздеу жұмыстары жалғасын тапты. Ұлт руханиятына олжа түсірген экспедицияның екінші сапары туралы оқырманға баяндап беруді жөн көріп отырмыз.

АБЫЛАЙ АСПАС САРЫ БЕЛ

Ел аузында «Абылай аспас сары бел» деген сөз бар. Абылай аса алмас асу, жете алмас жер дегеннің кері мағыналық метафорасы. Осыған қарап «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының маршруты қаншалықты күрделі әрі ұзақ екенін болжай берсе де болады.

Сонымен, керек жарақты қамдап, ұзақ жолға әбден дайындалып алғаннан кейін «Абылай ханның қара жолы» атты экспедициямыз 5 қазан күні Көкшетау қаласындағы Абылай хан ескерткішінің алдынан аттанды. Еңселі ескерткіштің жанында естелік суретке түскеннен кейін экспедиция мүшелері бір-біріне ақ жол тілесіп, көліктеріне жайғасты. Жол талғамайтын автокөліктеріміз тізбектеліп алып, Құс Меккесі Қорғалжынға қарай жылжыды. Осындай қызықты экспедицияның шыққалы отырғанын естіген маңғыстаулық Борашев Раббым есімді азамат та берекелі Бейнеуден үш күн жол жүріп, жолдасы Борашева Айзада екеуі экспедицияға қосылды.

Жол қысқарсын деп сөздің көбесін сөгіп келеміз. Әлқиссамыз – Абылайдың ерлік жолы, оның ту ұстаған батырлары мен ақылшы билері, қазақтың маңдайына біткен қастерлі тұлғалар. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов домбырасына білек артып, кезек сұрағандай қайта-қайта құлағын бұрап, тиегін қозғап қойды. Сөйтіп, не керек, есіл әнге де ерік бердік. Ақанның «Балқадишасын», Біржанның «Теміртасын» Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» тыңдап, ә дегенде аққулы мекен Қорғалжынға ат басын тіредік.

Облысымыздың отүстік бөлігінде орналасқан Қорғалжын ауданы өзінің көрікті табиғатымен, бай фаунасымен ғана емес, тарих үшін аса үлкен маңызға ие нысандарымен де ел назарын аудартып отыр. Осылардың ішінде ортағасырлық сәулет өнерінің туындысы – «Бытығай» кесенесі мен Жәнібек хан кесенесінің орны бөлек. Осыдан бірер жыл бұрын ғана анықталып, ғылыми қауымды елең еткізген Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның кесенесі өз есімімен аталатын Жәнібек-Шалқар көлінің жағасында орналасқан. Кесененің өзі жоқ, үйіндісі ғана қалған екен. Бұл айдынға жақын маңда Керей хан есімімен аталатын көл мен өзеннің бар болуы, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған кірпіштерде Қазақ ордасының белгісі болған «Мәңгілік түйіннің» бейнеленуі де қазақ хандарының ұлы атасы Әз Жәнібектің осы жерде жерленгенін айғақтай түседі.

Облыс орталығынан келген экспедицияны салтанатты түрде қарсы алып, «біздерде мынадай бар» дегендей Қорғалжын аумағындағы киелі нысандарды зиярат қылуда жолбасшылық еткен аудан әкімі Берік Жанбаевтың айтуынша, ханның асыл сүйегі қазіргі уақытта Сеул антропологтарының зерттеуіне ұсынылған. Тәңір сәтін салса жақын арада сенсациялық жаңалықпен жұртшылықты қуантпақ екен.

***

Көп аялдамай «Абылай хан қара жолының» бойындағы Баршын ауылына тарттық. Бұл ауыл бұрын Қорғалжын ауданының құрамында болған, қазіргі құбыласы – Қарағанды. Ауыл маңында күмбезін күн тоздырып, іргесін уақыт желі мүжіген мазар бар, Баршын мазары. Сол ауылдың тумасы Тәшім Оспанов есімді ел ағасының айтуынша, бұл жерде Баршынгүл деген қыз жерленген. Қадымнан жеткен аңызда Баршынгүл өз кезіндегі атақты бір байдың қызы, көрген адамның көңілін алатындай сұлу болған екен. Күндердің бір күнінде өзен жағасына серуендеп барған қыз ізім-қайым жоқ болады. Ары іздеп, бері іздеп таппаған соң, әкелерінің басу айтқанына қарамастан ағалары атқа қонып, көрші ауылдағы қызға көзі түсіп жүрген бір жігіттен сезіктенеді, ауылын шаппақшы болады. Ақыры, қыздың өзен жағасындағы жардан тайып құлап, суға кеткені белгілі болады. Сүйікті перзентінен айрылған әкесі қызының қазасына қайғырып, осы мазарды салған екен. Баршын мазары – әкенің перзентіне деген ыстық ықыласының символы іспеттес.

Экспедиция қатысушылары естелік суретке түсіп, ауылға қарай аяңдадық. Ауылдағылар алыстан келген туысқанмен табысқандай болып, құрақ ұшып қарсы алды, арқаның қазағына тән қонақжайлықпен табақ тартты. Көкшеден алып келген ән шашуын шашып, жуырда ғана облыс әкімі Ермек Боранбайұлының қолдауымен жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» кітабын, жерлес қаламгерлердің жыр жинақтарын, Ақмола руханиятының жаршысына айналып отырған «Рухани Ақмола» журналын табыстадық. Жолымыз ұзақ, көп тұрмай алғысымызды айтып, атақты Шұбаркөлге жол тарттық.

***

Шұбаркөл – көмірдің отаны. Қазақстандағы ең сапалы көмірдің кені бар бұл өлке ертеден-ақ елдің өзегіне, қуат көзіне айналған. Сары даланың төсінде таудай болып үйіліп жатқан көмір разрездерінің арасында Мұстафа Оспанов есімді азамат малын бағып, ата кәсіптің тізбегін үзбей, несібесін айырып келеді екен. Сол кісімен дидарласып, аз-кем әңгіме құрғаннан кейін, осы өлкенің тарихына қанық адам екенін аңғардық. Үйіне қонақ қылып, жылы-жұмсағын ұсынды, құйма құлақ қариялардан естіп-білгенін тәптіштеп айтып берді.

Кеңесе келе осы жерде ат арқасын суытамыз деп шешіп, таң ата Мұстафа Оспанов бізді Кенесары ханның боз биенің қанымен ант ішіскен батыры Қалқаман Қарабатырдың мазарына алып барды. Батырға тағзым етіп, рухына құран бағыштадық та, ұлт ұясы Ұлытауға қарай бет алдық.

«ҰЛЫТАУҒА ШЫҚТЫҢ БА, ҰЛАР ЕТІН ЖЕДІҢ БЕ?!»

Ел аузында «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?!» деген сөз бұрыннан бар. Тәпсірі қиын бұл сөздің мағынасы тереңде, сан ғасырлық тарих қойнауында жатыр. Қазақ қазақ болғалы, атамыз атқа қонғалы Ұлытауды құбыладай көріп келеміз. Асан қайғының Желмаяға мініп, жер шалып, таңдайы кеуіп, таңдауы түскен жер, үш жүздің басы қосылып, елдіктің туын желбіреткен, ұлт шаңырағын көтерген бұл өлке – қарға тамырлы қазақ үшін аса киелі өңір.

Шыңғыстың тұңғыш ұлы Жошы хан, есімі жұмбаққа толы Алаша хан, Алтын орданың билеушілері Ел қамын жеген Ер Едіге мен Тоқтамыстың рухтарына мәңгілік тұрақ болған жер де осы Ұлытау.

Күнге күйіп, аңқасы кепкен сары даланың бозала шаңын бұрқыратып, ұлттың қара шаңырағы Ұлытауға да ұлы сәскеде жетіп бардық. Ұлытау ұлттық қорық-музейінің басшысы Бақтияр Сапарбекұлы есімді кісі күтіп алды. Осы Ұлытау баурайындағы ұйық мекенде, елдігіміздің бастауы болған киелі топырақта ел шаңырағы биік болсын деген ырыммен «Абылай ханның қара жолы» атты кітаптың тұңғыш тұсауын кестік. Өңір аралық мәдени байланыстың нышаны ретінде Көкшеден алып келген сый қоржынымыздан кітап үлестірдік.

«Ұлытауға шықтың ба?!» деген қадымнан келе жатқан аталы сөзден аттай алмадық. Оған қоса, экспедиция жолбасшыларының бірі, Ерейментау аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген Совет Нұрғазиннің «жүр-жүрлеуімен» Ұлытаудың ең биік шыңы – әулиелер дамылдаған Әулиетаудың басына шықтық. Жергілікті халықтың айтуына сенсек, бұл таудың басына тегін адамдар шыға алмаса керек. Кімді төбесіне көтеретінін Әулиетау өзі таңдайды-мыс. Осындай мінезді таудың ұшар басында Отаныңның көк туын желбіреткенде, көкірегіңді мақтаныш кернейді екен, жүрегің алабұртып, ішің алай-дүлей болады екен. Бұны да жақсы ырымға баладық.

«БЕТПАҚТЫҢ ЕН ШӨЛІНЕ ТӨТЕЛЕП ЖҮРІП ЖОЛ САЛЫП…»

Ұлытаудан 120 шақырымдай жердегі кеншілердің Сәтбаев деген қаласына тоқтап, ат ерін алдық. Қалаға сонау Жер шоқтығы Көкшетаудан шыққан экспедицияның табан тірегенін құлағы шалып қалған қала әкімі Асқар Абылайұлы түннің бір уағына қарамастан «ассалаулатып» қонақ үйге жетіп келді. Аз-кем амандық сұрасқаннан кейін өлкенің тарихын тілге тиек ете келе экспедиция жұмысына сәттілік тіледі. Біз де аянып қалған жоқпыз, Көкшеден әкелген бір пұт кітабымызды ұстатып, қала кітапханасына жеткізуін аманат еттік, «Хан жолының» картасын музейге апаруды тапсырдық. Уәдесін берді.

Экспедиция таңмен бірге оянды. Үлкен сапарымыздың ең күрделі жеріне келіппіз. Алдымызда – Бетпақ дала. Жер-жаһанды дүр сілкіндірген Дарийдің әскері Шырақтың айласына түсіп, тоз-тоз болған, жоңғардың түмен қолы адасып, ит құсқа жем болған Бетпақ дала деген – осы жер. Ғылым мен техника дамыған заман ғой. Таңдайы кепкен құм кеуде шөлден аман-есен алып шыққан алдымен Аллаға, содан соң жапонның жол талғамайтын көліктеріне алғыс, бар-жоғы ет пісірім уақытта зу етіп өте шықтық та, сау етіп Созаққа келе қалдық.

Сырлы Созақ Қазақ хандығының тірек қаласы болған. Қарт Қаратау сілемінің бөктерін жайлай қонған бұл жұрттың Абылай ханның немересі Кенесары ханмен байланысты бір аңызы бар. Ертеде Қоқанның бектері қоқай көрсетіп, Созақты алады. Мынау бір жанашыры жоқ ел екен деп, салықтың неше атасын сұрайды. Солардың ішінде ең сорақысы, намысқа тиетіні «қыз салығы» болады. Бұл жағдайдың ақпары қазақтың ата жауымен жаға жыртысып жүрген Кенесарының ордасына келіп жетеді. Намысқа булыққан хан атқа қонып, айшылық жолды алты күнде өтіп, жетінші күні Созаққа жетеді де, басынған бектердің басын алады. Тарихымыздағы осындай даңқты оқиғалар – қиын-қыстау заманда бір-біріне қол ұшын созған бірліктің, қарындастың ары үшін жалаңаш барып жауға тиер жанкештілік пен бауырмалдықтың нышаны.

Экспедициямыз Арқаның Бетпақ деген даласынан шыға салысымен, ат суытқалы Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанға тоқтады.

ҚҰПИЯЛЫ ОТЫРАР

Ертесіне ауылдағы Сұлтанбек Қожанов музейіне барып, «Абылай ханның қара жолы» кітабының таныстырылымын өткіздік, Көкшенің әнін айттық, Абылайдай ханын айттық, Көкшелік қаламгерлердің жыр жинақтарын сыйға тарттық.

Қырық жыл ел тізгінін ұстаған Хақназар хан мен алты алашқа ортақ тұлға Қарабура әулиелер осы жерде мәңгілік тұрақ тапқан екен. Зиярат қылып, құран бағыштап үлгердік.

Жергілікті халық өздеріне тән ыстық ықыласпен шығарып салды. Ал, біз ұзақ сапарымыздың соңғы нүктесі – Отырарға бет алдық.

Отанымыздың бойтұмары, аты аңызға айналған көне Отырар – Шығыстың ұлы ұстазы, мұғалім сәни Әл Фарабидің туған жері. Намаздыгерде Отырардың қақпасын қақтық. Ауданның белді азаматы Сағынтай Тәтібайұлы мен Отырар музейінің басшысы Абылайхан Зия көне шаһарды таныстырды, бабтардың бабы Арыстан баб кесенесін де бізбен бірге зиярат қылды. Қанша жыл зерттеліп келсе де, Отырартөбенің ашылмаған құпиялары әлі де көп екен.

Түркістанға қондық. Облыс орталығының статусы берілгелі бұл ескі шаһардың бетіне қан жүгіріпті, тынысы кеңейіп, едәуір еңсе көтеріп қалған екен. Қайткенде де, заты түркінің мәдени орталығы ғой, ер түріктің бесігі ғой. Көркейе берсін деп тіледік.

Ертесіне Ахмет Яссауи кесенесіне бардық. Сонша жол жүріп, аз емес, мол жүріп, Арқадан Қаратауға дейін созылған ұзақ сапарымыздың басты себебі де осы кесенені зиярат қылу еді. Түркістанның екі дүние есігі атануына себепкер болған бұл кесенеде мәңгі дамылдаған қасиетті бабаларымыз Абылай хан, он екі ата қарауылдың қамқоры болған Қанай би, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Атығай Жәпек батырларға құран бағыштадық. Есіл ерлердің рухтары пейіште шалқысын!

Иегі бозала шаң болған кәрі тарихтың маңдайындағы әжіміндей тарам-тарам жолдар бізді осы жерге алып келді. Ұлы дала рухын бес хауаспен түйсіну, сан ғасырдың иісі сіңген тарихи ескерткіштерді, ұлт жылнамасындағы ұлы уақиғалардың куәгері болған жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну, есімі аңызға айналған тұлғалардың басқан ізінде, кеңістік пен уақыт көкжиегі түйіскен киелі нүктеде тұрғаныңды жүрекпен ұғыну – мыңдаған шақырымды еңсерген үлкен сапарымыздың асыл мақсаты еді. Мақсатымызға жеттік!

Ақмола облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button