Жаңалық

Елік туралы қызықты 20 дерек

«Елік-ай деп атыңды қойдым таңдап,

Әнге қостым атыңды әдейі арнап.

Еркін таудың еркесі елік болсаң,

Мен де өзіңдей жалғызбын ерке саңлақ», –

деп өлең жолдарында шебер суреттелген қасиетті жануар – елік туралы қызықты деректер топтамасын ұсынамыз.

Елік туралы 20 дерек:

1. Елік – бұғылар тұқымдасына жататын, жұптұяқты, сүтқоректі, дене бітімі әдемі, жеңіл әрі кішкентай жануар;

2. Еліктер көктемде төлдеп, 1,5 жасында лақтайды. Лағын «құралай» немесе «еңлік» деп атайды. Әр төлдегенде 2 не 3 лақты дүниеге әкеледі;

3. Қараша айында мүйізі түсіп, сәуірде жаңадан мүйіз шығады;

4. Еліктің дене тұрқы – 120-160 см, шоқтығына дейінгі биіктігі – 75-100 см, ал салмағы – 30-55 кг. Аяқтары жіңішке әрі ұзын болып келеді;

5. Елік 100-ге жуық өсімдік түрімен қоректенеді. Атап айтсақ, шөптер мен бұталы өсімдіктерді, жидектерді және саңырауқұлақтарды жейді. Сондай-ақ тәттіні жақсы көреді

6. Ерекше қасиетке ие жануар орнынан секіріп жылжиды. Әр секіргенде 5-6 метр қашықтықты артқа қалдырады;

7. Олар өзен аңғарларында, шөбі бітік, жайылымы мол аймақтарда мекен етеді;

8. Еліктің үш түрі бар: Еуропа, Сібір және Маньчжур. Қазақстанда Сібір түр тармағы кеңінен таралған. Олар Талас, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Батыс және Орталық Тянь-Шань, Қаратау, Тарбағатай, Сауыр және Оңтүстік Алтайда кездеседі;

deer-animals-tail-nature-grass-wildlife-Canon-baby-spring-impala-antelope-gazelle-Virginia-animal-grassland-outdoor-natur-va-shenandoah-nationalpark-meadow-eos-fauna-mammal-naturephotography-prairie-whitetaileddeer-.jpg

9. Еліктер – қорқақ жануарлар. Олардың басты жауы – қасқыр, одан кейін – түлкі, сілеусін, шиебөрі және бұралқы иттер. Қауіпті жағдай төнгенін сезе салысымен құйрығын жоғары көтеріп қашып, ақ жағымен құралайын жасырады. Еліктің лағы анасынан 2-3 ай бойы алшақтамайды. Жыртқыштардан қашқанда сағатына 60 км-ден асыруы мүмкін. Бұл қасқыр мен сілеусіннен де жоғары. Дегенмен бұлай ұзақ жүгіре алмайды. Сонымен қатар жауды жақыннан сезуі үшін үйірімен бірге демалады;

10. Секем алып, қорқып қалған еліктер иттің үргеніне ұқсас дыбыс шығарады;

11. Еліктің әр аяғында 2 тұяғы болады. Олар қосылып кеткендей көрінеді. Бір қызығы – жыртқыштар шабуылдағанда тұяғы мықты қару бола алады;

12. 1917 жылы Венгрия астанасы – Будапешт қаласында ұйымдастырылған көрмеде оның мүйізі бас бармақпен бағаланып, алтын медальға ие болған деген дерек бар;

13. Еті мен терісі бағалы әрі мүйізі таптырмас дүние болғандықтан, елікке көп адамдар көз алартып, аяусыз құрбандыққа шалады. Алайда қасиетті жануарды арнайы рұқсат арқылы ғана аулауға болады. Орманды кесу және егіс алқабын арттыру – еліктің азайып не өзге аймаққа ауып кетуінің екінші бір себебі болып табылады;

14. Талай ақын «Елігім – еркем» деп жырына қосқан ерекше сымбатты жануарға қарап, халқымыз «елік аяқ», «еліктің лағындай» іспетті түрлі теңеу сөздер келтіреді. Ал көңіл-күйін білдіру үшін «адам қырықта – қылау, елуде – елік», – дейді. Нәзікжандыларға еліктей әсем, көрікті болсын деген ниетпен «Еңлік», «Құралай» сынды есімдерді қою ел ішінде дәстүрге айналған-ды;

15. Еліктердің азық іздейтін уақыты: таңертең және кешке;

16. Еліктің сүті өте құнарлы. Оның құрамы белок, май, қантпен байытылған

17. Қазақта «еліктей елеңдеу», «еліктей секіру» секілді теңеу сөздер бекер айтылмаған. Бұл олардың өте сақ жануар екендігінің белгісі. Күйіс қайырып жатқан күннің өзінде де екі құлағын қайшылап, тың тыңдайтын әдеті бар. Сондай-ақ қашып бара жатса да міндетті түрде артына бұрылып қарайды;

18. Еліктер өте жақсы жүзеді. Тіпті олар ірі өзендердің өзін оңай жүзіп өтеді;

19. Кейбір еліктердің мойнының ұзындығы дене ұзындығының 30 пайызына жетеді;

20. Еліктер 11-16 жылға дейін тіршілік етеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button