Жаңалық

Интервью: Жұмысқа қабылданарда нені ескеру қажет?

«Резюме сізге интервьюге мүмкіндік берсе, интервью жұмысқа орналастырады» деген ел арасында тәмсіл де бар. Жұмыс бойынша интервью – ұйым туралы қосымша ақпарат алуда, сонымен бірге ұйымға сіз туралы мәлімет жинауда таптырмас дүние. Әлбетте сіз ең жақсы қырларыңызды көрсеткіңіз келеді.

Интервью процесі үш сатыдан тұрады: интервьюге дейінгі; интервью және интервьюден кейінгі. Осы сатылардан сәтті өтсеңіз, кейінгі интервьюге шақырту аласыз.

Интервьюге дейін

Интервьюге дайындалу кезінде келесі әрекеттерді орындаңыз:

1. Интервью алушылардың стильдері әртүрлі екенін ескеріңіз. Соның ішінде «әңгімелесуді» ұнататындар, «бір-бірімізді жақсы білейік» дейтіндер, сұраққа жауап алу стилін ұстанатындар, «неліктен, неге, неге» деп қатаң түрде жетектеуші сұрақтар қоюшылар және тағы басқалары кездесіп жатады. Сондықтан кез келген нәрсеге дайын болыңыз.

2. Досыңызбен интервью өткізіп көріңіз, содан кейін оның сыни пікірін біліңіз. Немесе өзіңізді сынау үшін интервьюді видеоға түсіріңіз. Жоғары оқу орнындағы жұмысқа орналастыру қызметі көмек ретінде сізден «жалған» интервью алуы мүмкін.

3. «Фирманың болашақ бағыты қандай?», «Фирма бәсекелестерінен несімен ерекшеленеді?» немесе «Сізде жаңа медиа бөлімшесі бар ма?» деген сияқты жауабын компания ресурстарынан табыла бермейтін кемінде бес сұрақ дайындаңыз.

4. «Неліктен осы компанияда жұмыс істегіңіз келеді?» немесе «Неге біз сізді жұмысқа алуымыз керек?» деген интервью кезінде қойылуы мүмкін сұрақтарға жауап ойластырыңыз. Интервью алдында нақты әрі нанымды жауаптар әзірлеңіз. Компанияға және сол салаға келудегі мақсат-мүддеңізді нақты көрсетіңіз.

5. «Бірінен соң бірі» өткізілетін интервьюден аулақ болыңыз. Себебі тез шаршап кететініңіз анық. Бұған қоса әрқайсы қанша уақытқа созылатыны да белгісіз.

6. Академиялық транскрипт, графика, ұсыныс хат, портфолио және жазбаша үлгілер сияқты сізді үміткер ретінде қолдайтын тиісті құжаттарды дайындаңыз. Интервьюге бірнеше көшірмесін әкеліңіз.

7. Консервативтік және кәсіби стильдегі киімді таңдаңыз . Ұқыпты және таза болыңыз.

8. Ой-пікірлеріңізді жинақтап, негізгі түсініктерді қамту үшін 10 минут ертерек келіңіз. Интервью жүргізетін адамның аты-жөнін және ол отыратын бөлме нөмірін бір қарап, интервью кестесінен аты-жөніңізді тексеріңіз. Офис қызметкерлерімен сыпайы болыңыз.

9. Интервьюге шабытпен барыңыз. Сіздің қандай жан екеніңіз анық көрініп тұруы керек.

Интервью барысында

Интервью барысында төмендегі әрекеттерді орындаңыз:

1. Интервью алушымен сәлемдесуде құрмет көрсетіп, қол беріңіз. Интервью алушы қолданған танысу формасымен өзіңізді таныстырыңыз. Жағымды алғашқы әсер қалыптастыруға назар аударыңыз.

2. Өзіңізге бекем болыңыз. Демалып, күлімсіреп және барлық нәрсеге позитивті қараңыз.

3. Көзбе-көз байланысты сақтап, еңсеңізді тік ұстап, айқын сөйлеңіз. Қолыңызды қысып, зергерлік бұйымдарыңыз, шашыңыз немесе киіміңізді сипалай бермеңіз. Орындықта ыңғайлы отырыңыз.

4. Сізді үміткер ретінде қолдайтын тиісті құжаттар көшірмесімен бірге өз резюмеңіздің қосымша көшірмелерін дайындап алып келіңіз.

5. Өзіңіз туралы толық әңгімелеңіз. Өзіңіздің тартымды артықшылықтарыңызды көрсетіңіз. Сұрақтарға тура жауап беріңіз. Бір сөзбен жауап қатудан немесе ұзақ жауаптардан аулақ болыңыз.

6. Интервью алушы бастаманы өзіне алсын, бірақ сіз де селқостық танытпаңыз. Әңгімені сұхбат алушы сіз туралы білуі тиіс мәліметке бұру мүмкіндігін қарастырыңыз.

7. Интервьюді жоғарғы деңгейде аяқтау үшін ең маңызды мәселені немесе ең маңызды сұрағыңызды әңгімелесудің соңғы бөлімінде қоюыңызға болады.

8. «Әңгімені ақтауға» ұялмаңыз. «Мені бұл позиция қатты қызықтырады және интервью көңілімнен шықты» деп айтуыңызға болады.

9. Интервью алушымен кейінірек хабарласу үшін есімхатын немесе мекенжайын, телефон нөмірін алыңыз.

Интервьюге барар алдындағы кеңес: әуелі бренд-менеджер, сауда өкілі, нарықты зерттеуші, аккаунт менеджер немесе сіз интервьюге шақырылған басқа позиция жайында толық мәлімет алыңыз. Басқа компаниядан дәл осы позицияға ұқсас қызметте ментор табу мүмкіндігін қарастырыңыз. Тапқан менторыңызбен бұл қызметтің қыр сырын және жалпы саланы талқылаңыз.

Интервьюден кейін

Интервьюден кейін келесі әрекеттерді орындаңыз:

1. Пайда болатын негізгі мәселелерді тізіп, жазыңыз. Бұл жұмыс қалай жүретінін және шешімді кім қабылдайтынына назар аударыңыз.

2. Интервьюді объектив түрде, оның ішінде қойылған сұрақтарға, жауаптарыңызға, интервьюдің жалпы презентациясына және интервью алушының нақты сұрақтарға беретін жауабына талдау жасаңыз.

3. Шұғыл түрде алғыс хат не электрондық хат жолдап, кез келген қосымша мәселелер туралы және қосымша ақпарат беруге дайын екеніңізді ескертіңіз.

4. Жұмыс берушіден белгілі уақыт ішінде жауап келмесе, өзіңіз қоңырау шалыңыз не электрондық пошта немесе пошта арқылы интервью алушыдан мәртебеңізді анықтау үшін хат жазыңыз.

Кейінгі интервьюден өту

Алғашқы интервью сыртта, мысалы, жоғары оқу орнында немесе вакансия жәрмеңкесінде өткізіліп, сіз одан өтсеңіз, ұйымнан келесі интервьюге шақырту алуыңыз мүмкін. Компания ішіндегі интервью бірнеше сағаттан бастап бір күнге дейін созылатын жағдайлар болып жатады. Ұйым сіздің қызығушылығыңызды, қаншалықты дайын екеніңізді, ынта-жігеріңізді, сенімділігіңізді, логика, корпоративтік және функционал біліміңізді тексереді. Сіз басты маңызды сауалдарыңызды қоюыңыз керек. Жұмыс ортасы, жұмыс орны, міндеттері, көтерілу мүмкіндіктері, қазіргі өндірістік мәселелер және компанияның жеке мәселелері туралы біліңіз. Компания осы жұмысқа қаншалықты қажет екеніңізді білгісі келсе, сіз бұл позиция қаншалықты өзіңізге лайық жұмыс екенін анықтауды мұрат етесіз. Мұндағы басты нәрсе – сіз бен компания арасындағы сәйкестікті анықтау.

«Маркетинг негіздері»,

(«100 жаңа оқулық» жобасы асында аударылған кітап),

Филип Котлер, Гари Армстронг

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button