Жаңалық

Желідегі желбуаз сөздер

«Жылдар,

Өмірдің өзенімен,

Ағады кезегімен.

Сенсің көңілі ашық,

Менің ғашық ғасырым».

Иә, кәпелімде өмір-өзен сырғып ағып, зуылдап өткенде жылдарыңның қалай жылжып, лезде қалай ғасыр құрдасы болғаныңды сезбей, сол күйі өшуге таяп қалуың әбден мүмкін. Мұнымен не айтқымыз келеді? Қазіргі кезде ғаламтордың торына қамалып, әлеуметтік желінің арбауына алданып жатқан адамдардың санында шек жоқ. Кішіні айтайын десең, ересегіңнің де жағдайы мәз емес-ті. Statista.com-ның 2020 жылдың шілде айында келтірген дерегіне сүйенсек, әлем бойынша, Instagram аудиториясы ең көп қамтылған елдер тізімінде Қазақстан алғашқы орынға шыққан. Бұл бүгінгі қоғамның санасы қаншалықты дәрежеде уланып кеткендігінің айғағы. Мамандардың айтуынша, бұрын Instagram желісін тек 18-21 жас аралығындағы әйел адамдар пайдаланған. Онда да түскі үзіліс пен кешкі уақытта қолданып келген. Пандемияның әсерінен желіні қолданушылар саны артып қана қоймай, жасы мен кәрісі де пайдаланатын хәлге жеткен. Басты себеп – бизнес. Блогерлерден бастап, ірі қоғам өкілдеріне дейін, тіпті қараша халықтың өзі желіден бизнес көзін тапқан. Facebook желісінде үлкен кісілер отыратын болса, Instagram және ВКонтакте әлеуметтік желілері жастар арасында кең танымалдылыққа ие.

Күндіз-түні желіден шықпай, ұялы телефонның ұясына көмілу денсаулыққа зиянын тигізіп, адамның ойлау қабілетін тежеп, дамуын тоқтататынын ғалымдар әркез айтады. Желіде жазылған әрбір жазба, жүктелген әрбір фото мен видео қоғамға тікелей ықпал етеді. Ұлттық құндылықтармен байытылған дүниелер, әлбетте, баршылық. Дегенмен адамның рухани тұрғыда толығуын азайтып тастайтын контенттерді жоқ дей алмаймыз. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін YouTube-ті үзбей тамашалайтын заматта келешек тәрбиелі де салиқалы ұрпақ өсірген елді көзге елестету, өкінішке орай, тым қиын болып тұрғаны жаңсық емес.

Желідегі адам миын тұншықтыратын желбуаз сөздердердің санында шектеу жоқ. Әрине, «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші, сананың бұзылуы адамның өзіне байланысты. Алайда «Лас тіл жоқ, былапыт сөз бар» екендігін де жасыруға болмайды. Адамның өзгеруіне тікелей әсер ететін ол – қоғам. Facebook, Instagram, ВКонтакте, Telegram, WhatsApp, Twitter, YouTube және басқа да желілердің барлығы қоғамның қатынасуымен жылжып отырады. Сөзсіз, қазіргі заман – цифрлы технологияның дамыған уақыты. Сол себепті күнделікті жаңарып жатқан экономиканың, әлеуметтегі түрлі желілердің өзіндік ерекшеліктері, пайдасы бар. Сондықтан әрбір желіні орынсыз бекер мал шашпақтыққа салынбай, неге пайдалы мақсатта қолданбасқа?! Бүгінде желіні үздіксіз қолданып отырған жастар ерте ме, кеш пе өседі. Былапыт сөздермен санасын толықтырған ол буыннан таралған ұрпақтың жағдайы қалай болмақ?! «Ауыз бен тілдің көркі – сөз». Ертеңіміздің кірпішін қалайтын – өзіміз. Келер ұрпақ ақылды, тәрбиелі болсын десек, кешікпей тұрып бесігімізді түзеп алғанымыз абзал болар?..

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button