Жаңалық

Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан, кеңес мүшелері және салық, полиция, транспорт салаларының өкілдері қатысты.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңыс Мұқан этномәдени бірлестіктермен алғашқы кездесуде айтылған жайттар бойынша жауапты тұлғалардың бүгінгі жиынға арнайы шақырылғанын айтып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда ассамблеяның маңызды құрылым екендігіне тоқталды.

«Ассамблея елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын еліміздегі барлық этностарды қазақ халқының маңына топтастыратын бірегей институт. Ассамблея, сондай-ақ, мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың берік сақталуына, этносаралық татулықты, елдікті, бірлікті бекемдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыратын ұйым. Сондықтан Ассамблея туралы кейбіреулер айтып жүргендей сыңаржақ пікірлерге, ұшқары ойларға жол бермей, бұл құрылымның байыпты бастамаларға бастайтын, еліміздің басқару жүйесіндегі өзіндік орны бар ұйым екендігін жұртшылыққа, жастарға кеңінен ұғындыруымыз қажет. Ассамблеяның құрылымдық бөлімшесі ретіндегі Қоғамдық келісім кеңесінің де негізгі бағыты осы», – деді Ш. Мұқан.

Кеңесте «Үшінші мегаполистегі миграциялық үдеріс және мигранттарды тіркеу», «Қала аумағындағы жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу: негізгі проблемалар және шешу жолдары», «Қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін ендіру», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында атқарылған жұмыстар», «Бюджетке төленетін салық төлемдері» сынды мәселелер қаралды.

Отырыста қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ж. Әуелбеков, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Берік Әшірбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары М. Қоқанбаев, Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы М. Төлебаев, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы А. Ахметова баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Кеңес мүшелері биылғы карантиндік шектеулерге дейін қаладағы этнос өкілдері жинақы тұратын 29 шағынаудан мен тұрғын алапта мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button