Жаңалық

ҚР Парламенті Мәжілісінде қоғамдық кеңестер туралы заң жобасы ұсынылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмасын орындау шеңберінде квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестерді, олардың өкілеттіктері мен сандық құрамын құру бойынша заң жобасына тиісті түзетулер әзірленді.

Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог нысаны ретінде 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында құрылған болатын.

Заң жобасы қоғамдық кеңестер институтының қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістерді ұсынады. Қоғамдық кеңестердің барынша тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін заң жобасында кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылады.

«Қоғамдық кеңестер кандидаттардың қатарынан резервтік парақты өздері қалыптастырады және шығып қалғандардың орнына жаңа мүшелерді сайлауға қосымша конкурстар өткізе алатынын», – атап өтті министр.

ҚР Парламенті Мәжілісінде қоғамдық кеңестер туралы заң жобасы ұсынылды

Аталған нормалар қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені кеңестер құрамын дер кезінде қалыптастыру мәселелері өз шешімін талап ететін проблемалық мәселелердің бірі болып табылады.

Заң жобасында жергілікті деңгейде сандық құрамды және республикалық деңгейде қоғамдық кеңестер құрамының сандық параметрлерін белгілеу бойынша бірыңғай тәсіл ұсынылады.

Қоғамдық тыңдауларды, қоғамдық сараптаманы, қоғамдық мониторингті, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін ұйымдастыру және өткізу тәртібін нормативтік бекіту ұсынылады.

«Қоғамдық кеңестерге қажет болған жағдайда қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандарын жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту мүмкіндігін беру ұсынылады. Қоғамдық кеңестер саласындағы уәкілетті органды айқындау арқылы мемлекет пен қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимыл жасау тетігі белгіленеді, оның құзыретіне қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру кіреді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін қоғамдық кеңестер саласындағы уәкілетті орган етіп айқындау ұсынылады. Сондай-ақ, бұл органға Мемлекет басшысына қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау және енгізу бойынша өкілеттіктер берілетін болады», – деп атап өтті ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Заң жобасында қоғамдық кеңес қызметінің жекелеген аспектілерін қаржыландыру моделін енгізу ұсынылды, бұл ретте қоғамдық кеңестердің мүшелері өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын болады, ал кеңестердің қызметін ұйымдастыру қамтамасыз ету тиісті бюджет (республикалық және жергілікті) есебінен қаржыландырылатын болады.

Қоғамдық кеңестер туралы ұсынылған заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button