Жаңалық

Дәулеткерейдің атақты күйі АҚШ журналына шықты

23 жастағы қазақ қызы – Маржан Қапсаматтың қызғылт көлде домбыра шерткен видеосы әлеуметтік желіде ерекше танымалдылыққа ие болып, тіпті оны АҚШ-тың Vogue басылымы Instagram желісіндегі парақшасына жариялаған.

«4-сыныптан бастап домбырамен біргемін»

Маржан Қапсамат Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туылған. Мамандығы – кәсіби домбырашы. Маржанның айтуынша, әкесі кішкентайынан жанында отырып, домбырамен ән салған. Одан бөлек, көптеген аға-апалары баянда ойнайды, гитара мен домбыра шертеді және дауыстары да керемет көрінеді. Осылайша, бала кезінен терме айтып, ән тыңдап өскен қыздың ән өнеріне деген қызығушылығы ерте жасынан-ақ оянады. Әкесі ол 4-сынып оқыған кезде «Жаяу-Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебіндегі» домбыра үйірмесіне жетектеп апарған. Бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылық жолы мектеп дәуренінен бастау алады.

Кейін Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжін тәмамдайды. Ағымдағы жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінде домбыра мамандығын бітірген.

Көбейтұз көлінде Дәулеткерейдің күйіне түсірілген видео америкалық Vogue журналының бетіне шықты.

Қазақтың музыка өнерін калың жұртқа насихаттап жүрген Маржанның ел ішінде таныла бастауына бірден-бір себеп – табиғат аясында, өзен-көлдің жағасы мен тау бөктерінде домбыра шертіп түсірген видеолары.

«Табиғат аясында видео түсіруді жаз мезгілінде бастадым. Әндерге cover түсірейік деген ұсыныстар көп түсті. Алайда мен видеоны дәл күймен бастағым келді. Мақсатым – көпшілікке домбыра арқылы қазақтың ұлы композиторларының күйлерін насихаттау. Көптеген таныстарым домбыраға қызығады. Табиғатқа шығып, домбырамен видео түсіруге сол себеп болды. Бастапқы кезде кабинетте түсіріп жүрдім. «Тұрған жерді ауыстырып көр», – деген ұсыныстар айтыла бастаған соң, басқа да жерлерде видео түсіруді қолға алдым», – дейді ол.

Қазақстанның түкпір түкпірінде жүріп, Ұлы Даланың қасиеттілігі мен ғажабын ұлы композиторларымыздың рухты күйлері арқылы сезіндіріп, түрлі видео түсіретін Маржанның ел ішінде ерекше танылған видеоларының бірі – Көбейтұз көлінде түсіргені. Онда Маржан Дәулеткерей Шығайұлының «Көрұғлы» күйін орындайды. Әйгілі көлде түсірілген видеоның тартымды болғаны соншалық, тіпті оны АҚШ-тың сән, сұлулық және өмір салты туралы журналының өзі жариялаған. Басылымның Instagram парақшасы видеоның төменгі жағына:

«Қазақстандық Маржан Қапсаматпен таныс болыңыздар. Ол Қазақстанның ежелгі мәдениетін инстаграм әлеміне алып келді. 23 жастағы бойжеткен ұлттық аспап домбырада ойнағанымен танымал», – деп жазған.

Бүгінде Маржанның жеке домбыра студиясы бар. Сондай-ақ өзінің «Әр үйге – домбыра» атты жобасы аясында жұмыс істеуде. Ол онлайн форматта домбыра сабағын өткізеді.

Маржан өзінің арман-мақсатын былайша жеткізеді: «Мақсатым – барлық елдер, адамдар қазақ мәдениетін білсе екен. Дүние жүзі адамдары «қазақ дегенде – домбыра, қазақ дегенде – Димаш» деп есіне алса, дәл солай, қазақ дегенде – Маржан деп айтса екен деймін».

Иә, Маржан қыздың өзі айтып өткендей, ғажайып далада домбыра шерткені бір қазаққа ғана емес,  әлем елдеріне таралып, «қазақтың Ақмаржаны» ретінде танылуына тілекшіміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button