Жаңалық

«Каспиана» мен Каспий теңізін не байланыстырады?

«Open Qazaqstan» айдарының кезекті шығарылымын көлге де, теңізге де тән белгілері бар Каспий теңізіне арнадық.

Каспий теңізі – Еуропа мен Азия құрлықтарының аралығында, Ақтау қаласында орналасқан ең үлкен тұйық көл. Алып жатқан аумағы үлкен болғандығы үшін оны теңіз деп атайды. Оның пішіні латынның S әрпіне ұқсайды. Ал жер шарында қалыптасып, пайда болған уақытын ғалымдар неоген дәуірі деп пайымдайды. Тарихы ерекше теңіз бес мемлекетпен шектеседі: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан және Иран.

Теңізге не себепті Каспий атауы берілген?

Өте ертеректе көлдің жағасында каспи тайпалары мекендеген көрінеді. Олар жылқы шаруашылығымен айналысқан деседі. Біздің дәуірімізге дейінгі уақытта каспий тайпасы «Каспиана» деп аталатын жеке мемлекетте өмір сүрген. Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, каспи тайпасының халқы аса айбынды, ерлері қайсар, ержүрек болған. Теңіздің оңтүстік-батыс жағалауының денін солар мекен еткендіктен әлемдегі ең үлкен көл «Каспий» деп аталып кеткен. Сондай-ақ Грузия мемлекетінде Каспий атты қала әлі күнге бар.

Қызықты дерек: теңіз тереңдігі 1025 метрді құрайды. Бұл Эйфел мұнарасын бірінің үстіне бірін қойып, суға сүңгітіп жіберуге болады деген сөз.

Каспийдің көркі – аққулар. Сұлулық пен шынайы сезімнің символы саналатын құс теңізге ерекше сән береді.

Теңізде жалпы 900-ге жақын тіршілік иесі бар. Ондағы аса танымал жануар – каспий итбалығы. Ол тек Каспийде ғана мекендейтін сүтқоректі. Толқындары келушілердің назарын дереу өзіне аударатын, мөлдір тұнық теңізде көптеген балықтың түрі тіршілік етеді. Ал сазан, кефаль және лосось секілді балықтар туристерге аулауға рұқсат етілген. Теңізде тіршілік ететін балықтар мен итбалықтардың кәсіптік маңызы ерекше. Су алабының жағасында 250-ден астам құстың түрін кездестіруге болады. Онда жыл сайын шамамен 2 миллион құс қонақтайды. Сонымен қатар 500-ге тарта өсімдік әлемі өседі.

Әлемдегі ең қымбат уылдырық Каспий теңізінде өмір сүреді.

Көпшілік дүние жүзіндегі бағалы уылдырық қара уылдырық деп ойлайды. Алайда Каспий теңізі мен Иран мемлекетінің шекарасында тіршілік ететін ақсерке балықтың «Алмас» деп аталатын уылдырығының құнына 100 грамм үшін 2000 АҚШ доллары сұралады.

Каспий теңізі экологиялық қауіпте тұр.

Теңіздің көтерілуінен онда түрлі проблемалар орын алуда. Оның бастысы – экологиялық мәселелер. Әсіресе, мұнай-газ өндіру және мұнай кешендерінің дамуы, топырақ жамылғысы мен судың ластануы еліміздің табиғатына кері әсерін тигізуде. Мұнай саласындағы ең бірінші экологиялық апат ол – ілеспе газды іске жарату. Мұнайды өңдеу жұмыстары кезінде мұнай мен қалдық сулардың топырақ пен грунтқа төгілуі теңіз суын және ондағы атмосфераны ластайды. Ең әттең-ай дейтін тұсы – тіршілік иелеріне тиіп жатқан залалдар.

Каспий теңізіне саяхаттағыңыз келе ме?

Нұр-Сұлтан мен Ақтау қалаларының арақашықтығы – 2737 км. Аэропорт қаладан 30 шақырым жерде орналасқан. Оған ел ішіндегі қалалармен қоса, өзге мемлекеттерден де рейстер қатынайды. Елордадан Ақтау қаласына дейін ұшақпен 2 сағат, 55 минутта (Air Astana) жете аласыз. Аэропорттан қалаға таксимен барған қолайлырақ. Ақтау қаласында темір жол вокзалы жоқ. Ең жақын темір жол бекеті Маңғыстауда орналасқан. Бас қаладан Маңғыстау бекетіне дейінгі жол жүру уақыты: 1 күн, 22 сағат. Маңғыстау мен курорттың арасы – 7 шақырым.

Каспий теңізіне жеткен соң ондағы ғажайып табиғат сізді өзіне лезде баурап алады. Жағалауда көптеген курорттық орындар мен санаторийлер салынған. Сонымен қатар теңіз суының емдік қасиеті бар. Сапарыңыз сәтті болсын, жолаушы!

 

Басқа материалдар

Back to top button