Жаңалық

«Басынан Қаратаудың көш келеді...»

Қаратау, қасиетті ата-мекен

Баурында өмір кектеп жатады екен.

Балаңмын, жомарт ана, ал кәнекей

Мен сенен жалын күтем, от дәметем.

Бер маған қуатыңды, шынға жет сен,

Ақын деп, менен жырды шын дәметсең,

Кір менің көкірегіме өлең болып,

Арман не айнытпастан жырлап өтсем!

Ғафу Қайырбеков

Қаратау тауы еліміздің оңтүстік өңірінде, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аралығында орналасқан. Тянь-Шань тауының батыс бөлігінің жалғасы – қарт Қаратау Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының жеріне дейін созылған. Ең биік шыңы «Бессаз» деп аталады. Оның биіктігі – 2176 метр.

Неліктен «Қаратау» деп аталады?

Тау шыңында жаз айларында қар жамылғысы болмайтындықтан «Қаратау» деп аталып кеткен. Оңтүстік Қазақстанның көркіне айналған тауды жергілікті халық түрлі тіркеске қосады. Мәселен, «қарт Қаратау», «қазыналы Қаратау» және «әулиелі Қаратау» атаулары көпке белгілі. Пішіні, бейнесі қартайған адам тәріздес болып келгендіктен оны «қарт» деп атайды. Екінші бір себебі – Қаратаудың жер бетінде тұтас тау ретінде қалыптасқандығына миллиондаған жылдар өткен. Қаратаудағы тасқа қашалып салынған таңбалы суреттер де жасы келген тауды сипаттайды. Жылдан жылға бойы аласарып, шөгіп бара жатқаны тағы бір дәлел.

Тау пайдалы қазбаларға аса бай. Онда полиметалл, фосфорит, гипс, цемент және т.б. Менделеев кестесіндегі бірнеше химиялық элементтер бар. Қаратау баурайында өзен-көлдер өте аз. Басты өзендері: Бөген және Арыс.

«Қаратау, құшағыңа кірдік сенің»

Қаратаудың көркіне көрік қосатын гүлі – қызғалдақ. Әлемге әйгілі саяхатшы Плано Карпини 1246 жылы шығысқа барғанда қазыналы Қаратауға аялдаған деседі. Ол тарихи таудың сұлулығына, табиғатының әсемдігіне тамсанып, ондағы қызғалдақтың тұқымын өзімен бірге алып кеткен екен.

«Қатын қамал» қорғаны туралы не білесіз?

Қарт тау талай тарихи оқиғаларға куә. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары бекерге айтылмаса керек-ті. Мәселен, ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы «Қатын қамал» атты үңгір қан төгіс заматтарда Сыр елінің қорғанышына айналған. Ел қорғаны болған атақты үңгірдің іші он екі қанат қараша үйдің пішіні секілді кең және жарық.

«Елім-ай» әнінің шығу тарихы.

XVIII ғасырда атақты үш би Қаратаудағы Ордабасы тауында жоңғарларға қарсы келіссөз жүргізген. Сондай-ақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» шайқастары жылдарындағы зарлы «Елім-ай» әні де сонда туған.

Қаратаудағы құстардың мекені қалай аталады?

Бөген өзеніндегі сайда миллиондаған жылдар бұрын пайда болған «Әулие» атты үңгір бар. Үңгірдің тереңдігі – 30 метр, ұзындығы – 150 метр. Ел ішінде тараған аңыз-әңгімелерде ол өте ертеректе құстардың ұясы болғандығы айтылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button