Жаңалық

Шатырдың үстінде бейнеролик түсірген пианист көпті таңдай қақтырды

Бүгінгі шығарылымнан әлеуметтік желіде «Ернар Нұр» есімімен белгілі пианист – Ернар Нұртазин туралы айтпақпыз.

Ернар Нұртазин бүгінде ел ішінде кең танымалдылыққа ие. Мамандығы – пианист, екінші қызметі – Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері. Ол музыкалық бейнероликтер түсіріп, желіге жүктейді. Әсіресе, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңіне түсірілген видеосы көрермен тарапынан жоғары баға алды. Одан бөлек, Батырхан Шүкеновтің «Отан ана», Celine Dion-ның «My Heart Will Go On», ән ағасы – Шәмшінің «Арыс жағасында», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» атты әндері, қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының «Балбырауын» күйі және т.б. әндерге түсірген бейнероликтері көрерменнің көңілінен шығып, таңданысқа толы, ерекше пікірлерге ие болған.

Ернар Нұрдың бейнероликтеріндегі өзгешелік неде?

Ернар Нұртазиннің әр видеосы ерекше жерлерде түсірілген. Әні мен орны сәйкесін тауып, тыңдарманның жүрегіне лезде жетеді. Мәселен, ұлы ақын Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңіне түсірілген бейнеролигін тамашалаған әрбір көруші бас қала аспанындағы бұлттарға саяхат жасап қайтқандай әсер алады. Видео бас қаланың орталығындағы зәулім ғимараттың үстінде түсірілген.

Фортепианоның құлағында ойнайды.

«Фортепианода 6 жасымнан бастап ойнай бастадым. Бірінші мамандығым – пианист. Үнемі классикалық әндерді орындап жүрдім. Алайда мектепте өзімді композитор ретінде де сынап көрдім. Фортепианоға арналып жазылған шығармаларым да бар», – дейді ерекше дарын иесі.

Алматылық өнерпаз қызықты видео түсіруді мамыр айынан бастаған.

«Алғашқы бейнеролигім 9 мамыр күніне арналды. Видеоны үйде түсірдік. Желіге шыққаннан кейін көп адамдар жақсы пікірлерін қалдырды. Сонда менде «неге мұны әрмен қарай жалғастырмасқа?!» деген ой туды. Оған қоса, қазіргі уақытта концерттерге шығып жүрген жоқпыз, көрерменмен көрісе алмаймыз. Тыңдармандарыммен тым болмаса желіде кездескім келді. Онлайн формат арқылы да өнерімізді халыққа жеткізуге болады», – дейді ол.

Өзі айтып өткендей, Ернар Нұртазиннің бірінші бейнеролигі әлеуметтік желіде 9 мамыр күні жарыққа шыққан. Видеодан белгілі композитор Ян Френкельдің «Журавли» атты әнін орындағанын көруге болады. Видеоның төменгі жағындағы мәтінінде ол: «Ұлы және батыл тұлғалар әрдайым біздің жүрегімізде! Мың алғыс сіздерге! Басымызды иеміз…», – деп жазып өткен. Ал портал ұжымы алматылық талантқа шығармашылық табыстар тілей отырып, бүкіл халықтың жүрегінен орын алатын музыкантқа айналады деп сенеді.

Басқа материалдар

Back to top button