Жаңалық

Қазақ әндерін Түркия төрінде шырқаған қандасымыз

Кезекті санымыздан дәстүрлі әндерді орындау арқылы желі ішінде кеңінен танылған қобызшы – Айдана Амангелді туралы оқып, біле аласыздар.

Қобыз атасы – Қорқыт бабамыз өзіне серік еткен киелі аспапты тартып, түрлі әндерге бейнебаян түсіретін Айдана Амангелді бүгінде желі ішінде көпке белгілі қобызшыға айналып үлгерді.

Жас өнерпаздың айтуынша, ол 6 жасынан бастап қобыз аспабында ойнайды:

«Анам бастапқыда фортепианоға бергісі келді. Алайда мектептегі қобыз мұғалімі Айгүл Аменова маған қобызды алғаш рет көрсеткен сәтте оның дыбысына, келбетіне ғашык болдым. 9 жыл қобыз үйірмесіне қатыстым. Одан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде, кейін университетінде оқыдым. Университетте доцент Сабира Құсаинованың прима қобыз сыныбына түстім. Биыл сол білім ордасының түлегі атандым».

Киелі қобызды ойнағанына 17 жыл болған Айдана Амангелдінің қазіргі таңда жеке альбомы бар:

«Оқуымды аяқтаған соң жеке альбомымды жарыққа шығардым. Оның ішінде 10 шығарма бар. Атап айтсақ, «Япырай», «Құсни-Қорлан», «Абай әндері» және де «Inspiration» деп аталатын алғашқы авторлық шығармам кіреді. Алдағы уақытта шығармашылығым тағы екі бейнебаянмен толығады».

Әлеуметтік желіге сәуір айынан бастап видеоларын жүктей бастаған талантты музыкант көптеген әндерге бейнебаян түсірген. Ерекше дарын иесінің әр видеосында терең ұғым мен үйлесімді түр-сипат бар. Мәселен, қазақтың бас ақыны – Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлдерінде, ал «Айттым сәлем, қалам қасты» Алатаудың көркі – Шымбұлақта, «Япырайды» Түркия елі, Ыстамбұл қаласындағы ғимараттың шатырының үстінде, Естайдың «Құсни-Қорланын» Каппадокия аймағында ойнаған.

Тарихтан сыр шертетін ескі әндерді жарасымды көрінісімен халыққа насихаттап жүрген дарынды қобызшының ендігі арманы – қасиетті қобызбен әлемді аралап шығып, қазақтың өнерін төрткүл әлемге таныту.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button