Жаңалық

«Үздік Рухани жаңғыру кабинеті» байқауының жеңімпаздары анықталды

Павлодар облысында ашылған 103 «Рухани жаңғыру» кабинеті арасында облыстық «Үздік Рухани жаңғыру кабинеті» байқау-конкурсы жарияланған, – деп хабарлайды Ruh.kz өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне сілтеме жасай отырып.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Нурия Кубенованың айтуынша, байқаудың І кезеңі 5 наурыз бен 30 сәуір аралығында өткен. І кезең нәтижесіне сәйкес байқауда қалалар мен аудандардың 69 кабинеті бақ сынап, лүпіл саны және әділ қазы мүшелерінің ұпайлары бойынша IІ кезеңге 10 кабинет таңдалған.

«Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы төрағалық еткен сараптамалық топ ІІ кезеңге өткен 10 кабинетті аралап, баға берді. Сараптамалық топтың шешімі бойынша жеңімпаздар анықталған.

2020 жылдың 12 қарашасы күні әлеуметтік желіде өткен тікелей эфирде байқау төрағасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы жеңімпаздарды жариялады.

Бас жүлде Ақсу қаласы Мәмәйіт Омаров атындағы селолық округі Жамбыл орта мектебіне бұйырды. Мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде технология пәнінің мұғалімі Қаманай Жиенхан жинаған асық және қамшы түрлері жинақталған.

Қаманай ағамыз «Ерекше адамдар» айдарының қатысушысы. Қамшының 20-дан астам түрін жасап, 3000 асық жинап үлгерген адам.

І орынды «Екібастұз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №23 «Балауса» мектепке дейінгі гимназиясы» КМҚК иеленді. Аталмыш мектепке дейінгі гимназия ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында сабақта қолданылатын оқу әдістемесін құрастырған. Мысалы, математика сабағында тәрбиешілер сандарды үйретуде санамақтың орнына асықтарды, домбыра үлгісін қолданады. Сонымен қатар, балаларға арналған асық ойнау алаңы бар. Осының арқасында бүлдіршіндердің ұлттық сана-сезімдері қалыптасып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелмек.

ІІ орын Павлодар қаласы (мамандандырылған мектеп) «Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі» ММ-не бұйырды. Лицейдің интерактивті кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен: блоктар топтамасы мен логотиптері, интерактивті сенсорлық үстел, QR-кодтары бар ұлы тұлғалардың портреттері және инновациялық тұтқасы бар «Дана әліппе» жиынтығымен жабдықталған.

ІІІ орынды «Павлодар қаласының №37 жалпы орта білім беру мектебі» ММ қанжығалады. Кабинетте бағдарлама аясында көптеген іс-шаралар өтеді. Барлық құжаттар ережеде көрсетілген талаптарға сай.

Алты «Рухани жаңғыру» кабинеті алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ байқаудың ең белсенді қатысушысы «Екібастұз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №15 «Бөбек» бөбектер бақшасы эстетикалық дамыту орталығы» КМҚК алғыс хатқа ие болды.

Аталмыш байқаудың қатысушыларына алғыс білдіре отырып, осындай байқаулардың әлі де жалғасын табатынын ескерткіміз келеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button