Жаңалық

Адамдардың басым бөлігі виолончель аспабы туралы біле бірмейді

Бағжан Есіркеп – сазы мен сырт көрінісі үйлескен түрлі бейнероликтің авторы, ерекше дарын иесі әлеуметтік желі ішінде кең танымалдылыққа ие. Жас дарынды сұқбатқа шақырып, біраз мәлімет алған едік. Мархабат!

Бала күнінен виолончель аспабында ойнаған Бағжан Есіркеп қазіргі таңда Алматы қаласында «Камерата Казахстана» камералық ансамблінің және «Алатау» фольклорлық ансамблінің әртісі болып қызмет етеді.

Өнерін әлем сахналарында паш етіп жүрген өнерпаз 2019 жылы Елордадағы «Қазахстан» орталық концерт залында «Академия Солистов» оркестрінің қолдауымен жеке концертін өткізді. Сондай-ақ жас талант Италия, Испания, Франция, Англия, Бельгия, Германия, Швейцария, Тәжікстан, Корея, Түркия, Ресей, Австрия, Чехия, Литва секілді әлемнің бірқатар елдерінде және де мұхиттың арғы беті – АҚШ-та концерт берген. Ел мен жерді көп аралаған ол бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.

«Видео түсіріп, желіге жүктеуіме себепші – карантин»:

«Бұрын оқу, жұмыс деп жүріп, желіге бейнеролик түсіріп салудың орайы келе бермейтін. Карантин өзіме көбірек көңіл бөлуге септігін тигізді. Жұмысқа бармай, үйде зеріге бастаған соң видеолар түсіріп бастадым. Бастапқы кезде үйдің ішінде түсірдім. Уақыт өте келе үйде түсірген видеолар мүлде қызықсыз болып көрінді. Сондықтан ол форматтан өсуді ойладым. Ойлана келе, Алматы қаласында әдемі жерлер көп қой деп, табиғат аясында бейнероликтер түсіруді шештік. Солай, ойламаған жерден «Япурай» әнінің бейнебаяны жарыққа шықты».

Екінші бейнебаянның дүниеге келуіне алғашқысы әсер еткен.

«Япурай» әніне түсірген бейнебаянымыз көпшілікке ұнады. Ол уақытта коронавирус індеті ушығып тұрды. Маған көптеген ауруханалардан адамдар жазып: «Сіздің музыкаларыңызды палатадағы науқастарға тыңдатамыз. Тіпті ән тыңдайтын арнайы сеанс бар. Емделушілер жақсы сезімге бөленеді», – деді. Сол сөздер маған шабыт сыйламай қоймады. Содан екінші видеоны түсіру үшін шілде айында Елордаға ұшып бардым. Өздеріңіз білесіздер, жазда қызғылт көлдің аты дүркіреп тұрды. Барлық адам сонда барып, суретке түсті. Көбейтұз көлінде «Балқадиша» әніне видео түсірдік. Кезекті бейнероликті де халық жақсы шыраймен қабылдады. Кейін «Шарын» шатқалы, «Шымбұлақ» және т.б. еліміздің бірқатар көрікті аймақтарында бейнеролик түсірілді», – дейді ол.

Видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеуіне не түрткі болғанын сұрағанымызда өнерпаз:

«Оркестрде барлығы 60 адам болады. Шапалақ сол 60 адамға ғана соғылады. Сен сол көп адамның ішінде отырасың. Ал маған жеке әртіс болу көбірек ұнайды. Аспапта ойнап, видеоны желіге жүктеуімнің бір себебі – осы. Екінші себебі – виолончель аспабы туралы Қазақстанда адамдардың дені біле бермейтіндігі. Біздің концерттерге халық аз келеді. Алайда соңғы 10 жылға қарағанда келушер саны артты. Бұрындары мүлдем келмейтін. Бір жағынан, бұл жерде ешкімнің кінәсі жоқ. Өйткені адамдар виолончельдің дауысын естімесе, концертке, әрине, келмейді. ХХІ ғасыр – әлеуметтік желінің, жарнаманың дүркіреп тұрған заманы. Ғаламтор әлемінде атың сәл шығып бастаса, халық сені таниды. Ел-жұрт виолончель аспабына қызыққанын қаладым», – деп жауап берді.

Виолончельдің сазды үнін көпшілікке насихаттап жүрген өнер иесінің ендігі жердегі мақсаты – аудиториясын өсіру, көптеген дәстүрлі әндер мен шетел музыкаларын өңдеп, виолончельге түсіру, халыққа бұл аспапты жақындату.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button