Жаңалық

Орта ғасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны

Орта ғасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны

Айша бибі кесенесі қайда орналасқан, оның әкесі кім, аңыз не дейді, Бабаджа хатун мен Айша бибіні байланыстыратын не? Толығырақ, мақалада.

«Айша бибі» тарихи тұлға ма, жоқ әлде аңыз кейіпкері ме?

Көне Тараз шаһарындағы тамаша архитектуралық ескерткіштің иесі – Айша бибі ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Кесене Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында, Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Сәулет өнерінің ерекше үлгісі 60 ою-өрнекпен безендірілген. Ал бұрыштама колонналардың 18 қатарында араб әліпбиінің «куфа» өрнегімен айшықталған  «Күз… Бұлттар… Жер ғажайып…» деген терең сырға көмілген шумақ сөздер жазылған. Қабырғалары 80 см. Тарихта оны Қараханидтер әулетінің негізін қалаған Қараханның қалыңдығы болғандығы жайлы айтылады.

Айша бибі туралы 30-ға жуық аңыз-әңгімелер тараған

Ел аузында таралған аңыз-әңгімелер бойынша, Айша бибі сиыр атасы – Зеңгі баба мен Ануар бегімнің қызы. Бір күні ару қыз Түркістан қаласында ержүрек батыр – Қараханмен кездеседі. Екі жастың арасында ыстық сезім орнап, шаңырақ көтеруге уәделеседі. Елін жаудан қорғап, қан төгіс соғыспен арпалысып жүргенде Қарахан Айша бибіге бара алмай қалады. Сүйіктісін күтіп, ақыры тағаты таусылған қыз жігітті өзі іздеп барады. Күтушісін ертіп, Қарахан тұратын өлке – Тараз қаласына жолға шығады. Қалаға таяп қалғанда тамақтанып алмақ болып, өзеннің жағасына тоқтайды. Күтушісі ас даярлап біткенше тынығып алмақ болады. Тәтті ұйқыда жатқан аруды улы жылан шығып оятады. Хәлі нашарлаған қыз сол мезетте Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптері мен молдасын ертіп, келгенде Айша бибі өмір мен өлімнің екі ортасында жатады. Сүйіктісінің жағдайын көрген Қарахан молдаға некесін қиғызып, қыздың құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың», – дейді. Ғашығының соңғы сөзін естіген Айша бибі өмірден озады.

Аңыз: Айша – адалдық пен сұлулықтың символы

Енді бір аңызда Айшаның әкесі Айғожа екендігі айтылады. Сапарлап келген Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатып қалады. Елін жау шапты дегенді естіген жігіт лезде жолға шығады. Уәделескен мерзімде сүйгенінен хабар келмеген соң, Айша Қараханды өзі іздеп бармақшы болады. Әкесі баруына қарсылық танытады. Дегенмен ол ештеңеге қарамай, қасына 40 қыз жолдасын ерітіп, сүйіктісіне аттанады. Қарахан ауылына жақындағанда суға шомылуға тоқтайды. Сонда сәукелесіне жасырынған улы жылан басынан шағып алады. Қарахан келгенде қыздың әлі құрып, сөйлей алмайды. Тіршілікте басымыз қосылмаса да, арғы дүниеде қосылсын деген ниетпен Қарахан некесін қидырады.

«Бабаджа хатун» жайлы не білесіз?

Бабаджа хатун – Айша бибінің күтушісі, тәрбиешісі. Сондай-ақ ол бибінің қабірін күзеткен. Бабаджа хатун күмбезі Айша бибі ескерткішінен 20 метр жерде салынған. Кесененің тақтатастан жасалған төсеніші бар. Ғимарат архитектура өнерінің қарапайымдылығымен, он алты жұмыр қабырғада орналасқан қырлы күмбезімен ерекшеленеді

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button