Жаңалық

Қазақстанға гиперреализм технологиясын әкелген суретші

Гиперреализм – Қазақстанда әлі дами қоймаған жаңа технология. Тіпті елімізде бұл сала оқытылмайды. Айдос Есмағамбетов өзіндік ізденістің нәтижесінде аталмыш саланы дөңгеліп әкетті. Ол фотосуретке қарап, ұлы тұлғалардың мүсіндерін жасайды.

Айдос Есмағамбетов Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Қайыңды ауылының тумасы. Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алған ол бүгінде «Астана мюзикл» мемлекеттік театрында гримдеуші болып қызмет атқарады. Сондай-ақ кино өнеркәсібі саласында да гримдеу кәсібімен айналысады.

Айдос Есмағамбетовке бұл өнер ата-анасынан дарыған.

«Отбасында алты ағайындымыз. Бала күнімнен бері сурет салғанды ұнатамын. Ата-анамның да сурет салуға икемдері бар. Сурет салу өнері сол кісілерден дарыған болса керек. Ал гиперреализм саласымен 2010 жылдан бері айналысып келемін. Әлеуметтік желілерден фото-виделарды көп қараймын. Ғаламтордан түрлі мәліметтерді қарап, эксперименттер жасау арқылы біраз асуларды бағындыруға болады», – дейді ол.

Гиперреалист қазіргі таңда көптеген мүсіннің авторы. Ол сақал тоқып, адамның бет-әлпетіне шынайылық береді.

«ҚР Тұңғыш Президентінің мүсінін үш рет жасадым. Алғашқы жұмысым Елбасының 70 жылдығына орай жасалды. Екіншісі – Елбасының жас кезі мен ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіндері. Оны ҚР Қорғаныс министрлігінің рұқсаты арқылы ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайынан таба аласыздар. Үшінші мүсін Түркістан қаласында салынған жаңа музейге қойылды. Одан бөлек, АҚШ-тың 44-президенті – Барак Обаманың, үш жүздің басын біріктірген хан – Абылайдың, Алтын адамның және т.б. да мүсіндерді жасап шықтым. Таяуда ұлы ақын – Абайдың мүсінін аяқтадым. Тұлғалардың мүсінін ғана, гипс пен қоладан шағын мүсіндер, бюсттар жасаймын. Кейде портрет салатын да кездер болады», – деді суретші.

«Елбасының мүсінін бір жарым айда аяқтадым»:

«Мүсінді салу үшін 2 айдан 1 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Барлығы жұмыстың қиындығына байланысты. Фотосурет арқылы жасаған соң ақпарат жеткілікті болуы тиіс. Сурет неғұрлым сапалы, түсінікті болса, соғұрлым аз уақыт жұмсалады. Мәселен, Елбасының алғашқы мүсінін жасауыма 1 жыл уақыт кетті. Дегенмен Н.Ә. Назарбаевтың ең жаңа мүсінін рекордтық мерзімде, бір жарым айда аяқтадым. Бұл өте шұғыл тапсырыс және оны мүмкіндігінше тез аяқтау керек болды»

Ерекше шыдамдылық пен көп ізденісті талап ететін ұзақ та күрделі жұмысты өрлетіп отырған өнер иесіне шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button