Жаңалық

Жаманшың қандай жер?

Жаманшың – метеориттік кратер, Ақтөбе облысының Ырғыз ауылынан оңтүстікке қарай 50 км қашықтықта орналасқан, жерге метеориттің құлауы нәтижесінде пайда болған дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей табиғи ғарыштық объект.

1 миллион жылдық тарихы бар Жаманшың метеориттік кратері жан-жақты зерттелген нысандардың бірі.

Жаманшыңды алғашқы болып 1937-1939 жылдар аралығында зерттеген ғалымдар А.Л. Яншин мен В.А. Вахрамеев жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Мәскеулік білікті ғалым Петр Флоренский 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде дәлелдеді. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.

Бұдан миллион жыл бұрын осы жерге оңтүстік-шығыстан – солтүстік-батысқа қарай салмағы 36-40 млн тонналық космостық дене салмағы бар метеорит құлаған. Он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан аумағы 5-6 км, тереңдігі 700 метрдей қазан шұңқыр, түскен жерде төңкерілгеннен шыңдар пайда болған. Метеориттің диаметрі 200-400 метрге жетеді.

Жарылыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жыныстардың ауқымды бөлігі араласып, нәтижесінде импактит, тектит породалары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Табылған импактиттерге – «Жаманшинит», тектиттерге – «Иргизит» деген ғылыми атаулар қойылды.

Жаманшың кратері ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 Қаулысымен бекітілген «Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық объектілерінің тізбесінде» 25 нөмірімен тіркелген. 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша республикалық маңыздағы киелі жерлер тізбесіне енгізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және туризмді дамыту мақсатында метеориттік кратердің әлеуетін пайдалану Ырғыз ауданының ғана емес, Ақтөбе аймағының дамуына оң ықпалын тигізер еді. Жалпы Жаманшың метеорит кратері өз алдына дербес заңды тұлға ретінде жұмысын жүргізген жағдайда, Қазақстанның имиджін көтеретін үлкен туристік орталыққа айналар еді. Бұған кратерде мүмкіндік мол.

Кратердің «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне өте жақын орналасқандығы шет елдерден көптеп келетін туристер мен ғалымдар үшін өте қолайлы жағдай туғызары анық.

Жаманшың атауы туралы аңыз көп. Ол жерге өсімдікте шықпай, жәндіктерде жолай алмағандықтан жұрт «Жаманшың» деп атап кеткен. Жаугершілік жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп жасырынған. 1960 жылдары осы Жаманшыңда құпия әскери бөлімше тұрған. Алып машиналар, қару-жарақтар, оқ-дәрілер, тіпті әскери ұшақтар қонатын болған. Жаманшың аумағынан табылған тектиттер ТМД елдері территориясында бірінші рет тек Ақтөбе облысынан ғана табылып отыр. Бағзыда адамдар бұл заттан түрлі бұйымдар жасағаны да зерттеушілерге мәлім.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button