Жаңалық

Жас өнертапқыш аяқ-қолды оңалтуға арналған жаттығу құралын ойлап тапты

Фараби Самаликов пен Мұхтар Оразбай Атырау қаласынан келген жас өнертапқыштар.

Екеуі «FM Team» командасын құрып, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған робототехникадан «KazRoboProject» жас конструкторлар байқауына қатысып жатыр.

Жас өнертапқыш жеткіншектер ерекше қажеттіліктері бар адамдардың аяқ-қолын оңалтуға арналған белсенді-пассивті тренажер ойлап тапты.

Жігіттер байқауда керемет өнер көрсетіп,«Концепт» номинациясында бірінші орын алды. Өз өнертабысының мәні мен практикалық маңыздылығы туралы Фараби Самаликов былай әңгімелейді: «Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тренажер жасау идеясы кездейсоқ келген жоқ. Мен өзім сал ауруына шалдыққандар қатарынанмын. Сондықтан мен өзім сияқты және басқа аурулардан зардап шегетін адамдар үшін жаттығудың қаншалықты маңызды екенін білемін».

Оның айтуынша, олардың белсенді және пассивті тренажерын үнемі қолдану бұлшықет атрофиясын төмендетуге, физикалық күшті арттыруға көмектеседі. Құрылғы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Ал Қазақстанда мұндай құрылғыға, өкінішке орай, сұраныс көп.

Айта кету керек, Фараби мен Мұхтар тренажердың моделін жасап қана қоймай, оны жан-жақты сынақтан өткізуді де ойластырған.

«Даму жоспары дайын тұр. Оның жүзеге асуын  4 кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде – прототип жасаймыз. Екінші кезеңде алғашқы сынақтан өтеді. Бұдан әрі анықталған ескертулерді қаперде ұстай отырып, технологияны жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Ал тестілеуді Атыраудағы «Болашақ» оңалту орталығының базасында өткіземіз деп отырмыз», – дейді Фараби.

«Өмірде кез-келген нәрсе болуы мүмкін, бірақ ешқашан үмітіңізді үзбеңіз. Өйткені, адам алдында үлкен мақсат қоюы керек. Ол сенің алға жылжуыңа және дамуыңа көмектеседі», – дейді жас өнертапқыш.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button