Жаңалық

Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі

ҚР Парламент Сенатында «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенаты депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктерінің басшылары, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

5e8e30eb-33cd-4bc8-94e5-e7b56310765a.jpg

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі болып табылатын қазақстандық қоғамды жаңғыртудағы ұлттық құндылықтардың ерекше рөліне мән берді.

«Ұлттық құндылықтарын бағалап, санасын саралай білген елдің қашанда болмысы бөлек, рухы биік. Ұлттық жаңғыру – азаматтардың озық санасын дамыту арқылы ұлттың озат болмысын қалыптастыру үшін қажет», – деп атап өтті Аида Балаева.

Бүгінгі күні бағдарламаның негізгі жүйелендірілген бағыттары бекітілді: «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «Мемлекетті, азаматтық қоғамды және жергілікті қоғамдастықты дамыту».

Әлемде орын алған өзгерістерге байланысты бағдарламаға бірқатар жаңа арнайы жобалар іске қосылды. Бағдарлама аясында қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануды көздейтін прагматикалық өмір салтын қазақстандықтардың құндылықтар жүйесіне енгізу үшін «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы іске асырылуда. Жоба аясында халықтың қаржылық сауаттылықты арттыру, жоспарлау дағдылары, ресурстарды тиімді бөлу бағыттарына назар аударылатын болады.Сонымен қатар, ұмыт болған, бірақ тәрбие құндылығы тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып отырған дәстүрді қайта жандандыруға бағытталған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы іске асырылуда.

Ағымдағы жылы іске қосылған жаңа жобалардың бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық мәдениет» жобасы бекітіліп, жауапты мемлекеттік органдармен тиісті жұмыс басталды.
Бұған қоса, заманауи сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беретін – «кәсіптік бағдарлау», сондай-ақ, ресурс үнемдеу мен жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін – экософия тұжырымдамасы бойынша іс-шаралар кешені қарастырылды.

Экософия тұжырымдамасы – ҚР Президентінің балаларға экологиялық білім мен тәрбие беру бойынша жүктеген тапсырмасына үндесетін жоба болмақ.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button