Жаңалық

24 сағат ішінде Алматыны шарлап қайтайық

1 тәулік ішінде оңтүстік астананың ең көрікті жерлеріне саяхаттап үлгере аласыз. Өткен шығарылымда таудағы демалыс туралы айтқан едік. 24 сағаттың екінші жартысын қалай тиімді өткізуге болады? Жауабын төменнен оқып, біле аласыздар.

Уақыт тығыздығын ескере отырып, тізімді ең қызық деген нысандармен шектеуге тура келеді.

Күндізгі белсенді демалыстан кейін жақсылап тамақтануға деген тәбетіңіз ашылары сөзсіз. Осы тұста жылдам тамақтану орталықтары мен дәмханаларды шетке ысыра тұрып, ұлттық асханамен етене танысу үшін дәстүрлі мейрамханалардың дастарханынан дәм татуға кеңес береміз. Тағамдардың тіл үйірер дәмі, талғамды ұсынылуы, қонақжайлылық сізді көшпенділердің аспаздық дәстүрлеріне ынтызар етеді. Дәмді астан кейін ағзаға пайдалы серуен мен дүниетанымға пайдалы экскурсияны біріктіріп, Алматының көрнекті орындарын араласаңыз болады.

Серуенді «Көк базардан» бастаңыз. Жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақтар, түрлі дәмдеуіштер, ет пен сүт өнімдері, тәттілерге толған сөрелер Алматының берекесі мен молшылығын көрсетіп тұрғандай. Мұнда көптеген дертке шипа бола алатын емдік тұнбалардан бастап, тірі өсімдіктерге дейін таба аласыз. Сіз өнім сапасына толық көз жеткізсін деген ниетпен жомарт та мейірбан сатушылар қашанда көмек беруге дайын. Сондықтан сауда жасап жүріп, өзіңізге ұнаған өнімнен дәм татудан тартынбаңыз (әсіресе, сізге таңсық тағамдар болса).

Базардан шыққан соң бірден Жібек Жолы даңғылына беттеп, қала бойында экскурсияңызды жалғастырсаңыз болады. Көненің көзіндей болған, қайта жөндеуден өткен ескі үйлер мен енді тұрғызылған заманауи, зәулім ғимараттардың үйлесіміне куә боласыз. Қазыбек би көшесіндегі аты аңызға айналған 28 панфиловшы атындағы шыршалармен шырайланған саябақ, қазіргі Н.Ә. Назарбаев, бұрынғы Д. Фурманов және К. Тимирязев көшелері қиылысындағы Тұңғыш Президент саябағы есіктері өз келушілері үшін айқара ашық.

Нағыз эстетикалық ләззат алу үшін музыка мен актёрлық шеберлік әуесқойлары концертке, театрға немесе джаз-клубқа барса болады. Оның ішінде концептуалды «АRTиШОК» театры, М. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Абай атындағы опера және балет театры, Алматы концерт залы сияқты орындарды ерекше атап өткен жөн.

Егер өнер, тарих, көне жәдігерлерге деген қызығушылығыңыз айрықша болса, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайы, Ә. Қастеев атындағы ҚР өнер мұражайы, ҚР Ғылым академиясының археологиялық мұражайы сіз үшін таптырмас қазына. Бұл мұражайларда ешқашан зерікпейсіз, ерекше тақырыптық көрмелер, таңғаларлық экспонаттар, түрлі экспозициялар білімпаз туристің көз қуанышына айналады.

Жақындарыңызға базарлыққа, өзіңізге естелікке кәдесый сатып алғыңыз келсе, кез келген сауда, ойын-сауық кешенін таңдауыңызға болады. Сауда бутиктерінен бөлек, бұл кешендерде алуан түрлі дәмханалар орналасқан фудкорт, 7D кинотеатрлар, аттракциондар жетерлік.

Көргеніңіздей, еншіңізде небәрі 24 сағат болса да, Қазақстанның оңтүстік астанасында сапалы, танымды, көңілді саяхат жасап үлгересіз. Бірнеше сағаттың ішінде Алматы сізге тым жақын, әр жері жақсы таныс, ерекше тартымды қала кейіпінде көрінеді. Осы демалысты тағы бірер күнге ұзартуды қалап, сізді құшақ жая қарсы алған Алматымен қимай-қимай қоштасуға тура келеді. Әр келуіңіз ендігіде осылай аяқталмақ. Себебі Алматы – шексіздік қаласы. Келген сайын еш жалықпастан Көк базардан апорт алма мен ыстық тоқаш алып, көше суретшілерінің туындыларына тамсанып, тағы бір рет арбатпен серуендегіңіз келеді. Жаныңыз осыны қалайтындықтан, бұның барлығы шексіз қайталана бермек. Осыдан болар, Алматы – жан-дүниемізге арналған бірегей қала!

Ақпарат Kazakhstan.travel сайтынан алынды

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button