Жаңалық

Бірде-бір жеңіліп көрмеген боксшы қазақстандықтан ұтылды

Қызылордалық спортшы WBC титулын иемденді.

Тұрсынбай Құлахмет – кәсіпқой боксшы, WBC International белбеуінің иегері. Ол былғары қолғапты 18 жылдан бері серік етіп келеді.

Кәсіпқой бокс шебері Тұрсынбай Құлахмет 1994 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 8 жасынан бастап боксқа ден қойған ол 2019 жылы өткен әлем чемпионатында қола жүлденің иегері атанды. Сол жылы Азия чемпионатында алтын алқаны қанжығасына байлаған.

Спортшы әуесқой бокстан кәсіпқойға тамыз айында ауысты. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде Сағадат Рахманқұловпен жұдырықтасып, төртінші раундта жеңіске жеткен.

Ешқашан жеңіліп көрмеген шетелдік қарсыласын жеңді

Жақында ғана ұлыбританиялық былғары қолғап шебері Маколей Макгоуэнмен кездедесуі өтіп, қарсыласын 7-ші раундта нокаунтқа түсірді. Айта кетейік, Маколей Макгоуэн бүгінге дейін 15 жекпе-жек өткізіп, алғаш рет қазақстандық боксшыдан жеңілді.

Спортшы бізге берген сұқбатында WBC International чемпиондық белдігін алған кездегі ерекше әсерімен бөлісті:

«Керемет әсер алдым. Аллаға шүкір, екінші кездесуімде ақ титулдық белбеу үшін күрестім. Шет мемлекетте, шоудың ең басты жекпе-жегінде өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын»

Болашақта алға қойған жоспары туралы сұрағанымызда ол:

«Жаңа жылдан бастап шетелде дайындықты жалғастырамын. Бұйырса, келесі ойындарым тек мемлекеттің сыртында ғана өтеді деп ойлаймын», – деп жауап берді.

Ал біз, портал ұжымы еліміздің туын халықаралық аренада көкке көтеріп жүрген спортшыға үнемі жеңістің жалауын желбіретуін тілейміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button