Жаңалық

«Триумф» дивертисментінің премьерасы өтті

«Астана Балет» сахнасында классикалық балет кеші өтіп, хореограф Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» дивертисментінің премьерасы өтті, – деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз бөліміне сілтеме жасай отырып.

Сондай-ақ көрермен назарына Джордж Баланчиннің «Серенада» бір актілі балеті мен Рикардо Амарантенің «Diversity» балетінің үзіндісі ұсынылды.

П. Чайковскийдің музыкасына қойылған «Триумф» – Айнұр Әбілғазинаның алғашқы көлемді туындысы. Екі кеш бойы ол хореограф қана емес, солист ретінде де өнер көрсетті.

«Репертуардағы спектакльдердің репетициясына қатысу, қойылым жасау, арасында костюм дизайнының мәселесін талқылау сәл қиындау болды. Бірақ, әртістермен жұмысқа көңілім толды. Оларға менің қойылымым ұнайтынын аңғардым. Ал, мен үшін олардың өздерін таныта алуы өте маңызды. Атқарылған жұмыс үшін бәріне алғысым шексіз», – дейді Айнұр Әбілғазина.

Хореографтың айтуынша, «Триумф» – академиялық би тілінің күшімен классикалық биге жасалған тағзым. Он бес минуттық қойылым барысында өте күрделі демеу мен шыр айналу сынды қимылдар қолданылды. Әртістер, тағы да, бидің кез келген жанрын еркін меңгергенін дәлелдеді.

Дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі оркестрге де көрермен тарапынан зор қошемет көрсетілді. Олар шығармаларды мінсіз орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Маэстроның айтуынша, Петр Чайковский, Антонио Вивальди, Людвиг Минкус, Александр Глазунов, Сергей Рахманинов, Шарль Гуно мен Камиль Сен-Санс сынды жеті композитордың шығармаларынан құралған бағдарламаны қою үшін бір ғана дайындық жұмысы жеткілікті болды.

«Айнұрдың көркемдік талғамына көңіл аударғым келеді. Жас хореографтардың жүрегі дауаламайтын күрделі, полифониялық музыканы таңдауының өзі құрметке лайық. Меніңше, ол өз хореографиясында музыканың көңіл толқынын білдіре алды», – дейді ҚазҰХА тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Әлила Әлишева.

«Жас хореограф Айнұр Әбілғазина өз қойылымында классикалық академиялық бидің асқақ салтанатын таныта алды. Өзі де сахнаға шығып, әріптестерінің де жарқын өнер көрсетуіне септігін тигізді. Біздің қыздарымыз бен ұлдарымыздың кәсіби тұрғыдан қаншалықты өскенін көріп, бір жасап қалдым. Браво!», – деді А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің көркемдік жетекшісі Людмила Ли.

Айта кетейік, желтоқсан айында елордалық көрермен жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде көрсетілетін – «Күлше қыз» бен «Шерткіш» балеттерін тамашалай алады.

Басқа материалдар

Back to top button